• ҰЛАН
  • 26 Қараша, 2024

Тіс ойығын герметизациялау деген не?

Балалар арасында тіс ауруы өте көп. Оған себеп жетеді. Тәтті жейді, қатты тістемейді. Дәрігерлер герметизация әдісі өте пайдалы дейді. Яғни, арнайы жабынмен тісті қоршап қояды. Бұл туралы №3 Шымкент қалалық емханасының жоғары санаттағы дәрігер-стоматологы Гүлзира Арынова былай дейді:

– Тіс гигиенасын сақтау, соның ішінде тістерді тазалау және дәрігер-стоматологқа алдын ала тексерістерге бару тісжегі (кариес), қызыл иектің қабынуы және басқа аурулардың алдын алуға көмектеседі. Тіс тек ағзаның саулығын және дұрыс жұмысын қамтамасыз етіп қана қоймай, адам өміріндегі әлеуметтік және эмоциялық аспектілерге де әсер етеді.

Ата-аналар тістердің шығу мерзімі мен тіс топтарын білгені абзал. Тістің шығу мерзімін сүт тістер, тұрақты тістер деп жіктейміз.

– Молярлар – үлкен азу тістер: барлығы 12 тіс (жоғары жақта 6, төменгі жақта 6);

– Премоляр – кіші азу тістер: барлығы 8 тіс (жоғары жақта 4, төменгі жақта 4);

– Үшкір тіс (клык), яғни сүйір тіс: барлығы 4 тіс (жоғары жақта 2, төменгі жақта 2);

– Күрек тістер (резец) бар.

Тұрақты тістер шыққаннан бастап балалар мен жасөспірімдерде тіс жегінің алдын алумақсатында тістердің фиссураларын (ойықтарын) герметизациялау жүргізіледі. Бұл – тістерді тісжегі мен басқа аурулардан қорғау мақсатында тістің шайнау беттеріндегі табиғи сайларын арнайы материалдармен жабу (тығыздау). Бұл тереңдіктер өте жұқа, әрі әдеттегі тіс щеткасымен тазалау қиын. Сондықтан олар тамақ пен тіс жабынының жиналуына бейім болады.

Балалар мен жасөспірімдер арасында тіс ойықтары терең және айқын болады. Сондықтан герметизациялаудың маңыздылығын дәлелдейтін негізгі мәселелерді қарастырайық. Тістегі фиссуралар – бұл табиғи ойықтар. Оны тіс щеткасымен тазалау қиын болуы мүмкін. Сондықтан тағамның жиналуына және бактериялардың көбеюіне ыңғайлы орта жасайды, бұл өз кезегінде тіс жабынының пайда болуына және тісжегіге әкеледі.

Ойықтарды герметизациялаудың пайдасы көп. Яғни тамақ пен бактериялардың кіру мүмкіндігін азайтады. Тісжегі бастапқы кезеңде көрінбеуі және сезілмеуі мүмкін. Осы кезеңде тістің саулығын сақтау болашақта қымбат және ауыр емдеуден аулақ болуға көмектеседі.

Фиссураларды герметизациялау процедурасы жылдам және ауыртпайды. Әдетте ол стоматологиялық кабинетте бір қабылдауда орындалады. Бұл үшін тістің бетіне арнайы герметизация материалын (шайыр негізіндегі герметик) жағып, оны құрғатуға мүмкіндік береді, ол қорғаныш пленкасын түзеді. Фиссураларды герметизациялау табиғи тіс түсіне ұқсас материалдармен жасалуы мүмкін. Бұл тістерді эстетикалық тұрғыда тартымды етеді және олардың сыртқы түрін өзгертпейді.

Стоматолог-дәрігер ретіндегі 25 жылдық жұмысымның нәтижесінен байқағаным, герматизация жасалған балалардың тістерінің сақталуы, тіс жегіне ұшырамауы, яғни тістердің фиссураларын герметизациялау әдісінің нәтижесі жақсы, тиімділігін айта ала аламын.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №48
26 қараша 2024 жыл

577 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор