- ҰЛАН
- 11 Қараша, 2024
Мектепте шет тілдерін оқытудың қазіргі әдісі қандай?
Неге мектепте ағылшын және басқа шет тілін оқыту алфавиттен басталмайды? Оқулықты әзірлеу кезінде не ескеріледі? Бұл көп ата-ана мен мұғалімнің көкейіндегі сұрақ болса керек. Шет тілі оқулықтарына қатысты түрлі пікір мен сын әлеуметтік желіде де жиі байқалады. Отандық мектептерге оқулық дайындайтын Қазақстандағы Express Publishing баспасының өкілі EDU Stream халықаралық тіл академиясының эксперттері мектеп бағдарламасында қолданыстағы оқулықтарға қатысты сұрақтарға жауап берді.
EDU Stream халықаралық тіл академиясының бас директоры Наталья Мұхамеджанованың айтуынша, шет тілі оқулықтары халықаралық стандарт шеңберінде құрастырылады. Ал оны елдің оқу бағдарламасына лайықтап өңдейтін авт орлар құрамы бірнеше жылдық тәжірибесі бар педагог ма мандар, сарапшылар. Сондай-ақ, ұжымда халықаралық автор, IELTS емтиханының сұрақтарын құрастырушы мамандар бар. Натальяның өзі ағылшын және неміс тілі бойынша жоғары оқу орнын бітірген, мектепте, колледж бен университетте сабақ берген 20 жылдық тәжірибесі бар педагог.
«Жаңа білім беру бағдарламасын енгізіп, оқулық әзірлеу біздің жанды жеріміз. Өйткені қанша жерден жаңашылдық қажет болғанымен, үнемі қарсылық пен түрлі сынға тап боламыз. Сондықтан, баспа ретінде оқулықтарда қандай өзгеріс болып жатқаны, ол өзгерістердің маңызын халыққа жеткізу біз үшін маңызды. Халықаралық озық әдістемелерді еліміздің стандарттары мен қажеттіліктеріне бейімдеу бірінші мәселе. Екінші мәселе – қазіргі балалардың мүлдем басқа болуы. Бұрын біз тек бір тілде оқып, басқа тілді сөздікпен аударсақ, қазіргі жастар кемінде екі шет тілін біледі. Әлем ақпараты қолында», – деп бастады сөзін баспа директоры.
Қазіргі бағдарлама 2016 жылдан бері қолданыста екен. Оқулықтың жаңа нұсқада шығарылу жиілігі қандай және өзгерістер немен байланысты болады?
– Мектеп кітаптарына алғаш жаңашылдық 2016 жылы сол кездегі министр Ерлан Сағадиев тұсында енгізілген. Біз ол кезде не қуана алмадық, не сынға ала алмадық. Өйткені, бұл – дамудың бір кезеңі болды, жаңа тәсілдерге бейімделуіміз керек еді. Десек те оқулықтарға өзгерістер енгізу содан бері әлі жалғасып жатыр. Біз ағылшын, неміс және француз тілдеріне арналған оқулықтарды әзірлеп, шетелдік әдістемелерді еліміздің мәдениеті мен дәстүріне, менталитетіне бейімдейміз. «Бейімдеу» деген сөздің астын сызып айтқым келеді. Себебі қазір гендерлік теңдік сияқты күрделі тақырыптармен бетпе-бет келіп отырмыз. Соған қарамастан біз өз тарихымызды, мәдениетімізді және дәстүрімізді ескеруіміз керек. Оқулық бағдарламасында осыған баса мән береміз.
Әр 10 жыл сайын жаңа ұрпақ дүниеге келіп, олар алдыңғы ұрпақтан ерекшеленеді. Бұл коммуникация мен маркетиң саласындағы дағдылардың өзгеруіне әсер етеді. Осы өзгерістермен қатар оқу бағдарламалары да жаңа мемлекеттік стандарттарға сәйкес жаңарады. Әр 5 жыл сайын оқу бағдарламалары жаңартылады. Яғни түгел жаңадан жасалмай, қайта өңделеді. Дәл қазір 7-сыныптың оқулығын қайта дайындап жатырмыз. Бірақ бұл мәселеде қаржы да шешуші рөл атқарады. Себебі, оқулық қайта басылып шыққанда, мемлекет барлық оқушыға кітап сатып алуы керек. Бұл – бюджет мәселесі.
Жоғары сыныптың балаларын оқыту қиын...
Қазір мектепте шет тілі 3-сыныптан бастап оқытылады. Мектеп әкімшілігінің таңдауына байланысты, оқушылар ағылшын тілі, француз және неміс тілін оқи алады. Алайда көпшілік мектеп тек ағылшын тілімен шектеледі. Бұған себеп те аз емес. Өйткені неміс және француз тілінің мұғалімдері аз. Енді бірінде сынып бөлмесі жетіспейді. Ал кейбір мектептерде француз және неміс тілін оқуды таңдайтын оқушы қажетті санға жетпей жатады. Сонымен қазіргі оқулықтағы бағдарламаға сәйкес шет тілі қалай оқытылады, қалай оқытылуы керек?
– Қазіргі балаларды өзімізбен салыстырудың керегі жоқ. Оларға жатта демеу керек. Өйткені олар ақпаратты көру, тыңдау, ойнау арқылы қабылдайды. Интерактивті оқу жүйесін ұнатады. Оларға «тірі», динамикалық сабақтар ұнайды. Жалпы шет тілін оқытудың бастауыш, орта және жоғары сыныпқа, 18 жастан асқандарға арналған әдістемесі бар. 7-8 жастағы бала шет тілін табиғи жолмен меңгеруі қажет. Бастауыш сыныптарға арналған оқулықтарды қарастырайық. Кітап беттерінің көпшілігі суреттерге, анимацияларға, бейне және аудио материалға толы. Бала алдымен тыңдайды, кейін қайталайды, содан кейін сөйлесе бастайды. Сол сияқты, шет тілін оқытуда да алғашқы қадам тыңдау мен сөйлеуде н басталуы керек, ал оқылым мен жазылымның пассив дағдылары келесі кезеңде қалыптаса бастайды. Ересектерді оқыту әріптен басталса, балаларға алдымен дыбыс, содан кейін әріп үйретіледі. Бізге тарихқа қатысты көбірек мәтін берілсін деген ұсыныс көп. Мәселе жоқ, тарих туралы мәтіндер қоса аламыз, бірақ оның мақсаты қандай? Мәтінді оқып, сұрақтарға жауап беріп, жазып шығу оңай. Бірақ мәтінді зерттеп, ой қорытып, өз пікірін білдіру мүлде басқа, мұнда сыни ойлау, топтық жұмысты дамыту әлдеқайда маңызды.
Одан бөлек, баланың психологиялық ерекшеліктерін ескеру керек. Бастауыш сыныпта балаларды ойын арқылы, суреттермен, бейнелермен қызықтырып, шет тілін үйретуге бейімдейміз. Ал 5–9-сыныптардағы балалар сезімтал. Олар әлі қиял мен шынайы өмірдің арасында жүр. Бұл кезде оларға ата-ана қолдауы маңызды. Біздің оқулықтарда, мысалы, 5-сынып балалары үшін Темір адам, Шрек, Фиона сияқты қиял-ғажайып кейіпкерлер бар. Сынып жоғарылаған сайын кітапта тірі адамды, танымал тұлғаларды бейнелеп, оқушыны шынайы әлемге алып келеміз.
Оқыту үшін ең қиын аудитория 16-17 жастағы жоғары сынып оқушылары. Көңіл-күйі тұрақсыз, бәріне қатысты пікірі қалыптасқан, әр тұжырыммен келіспейтін жас. Мұның себебі гормондық өзгерістерде ғана емес, жасөскіннің әлемді шынайы қабылдай бастағанында. Көп нәрсеге келіспей, іштей өзіменөзі күреседі. Олар «бүкіл әлем маған қарсы» деп ойлайды. Бұл уақыт өте басылады. Міне, сондықтан 10-11-сыныпта оқулық бағдарламасына жасөспірім кумир санауы мүмкін адамдарды қосу тәсілін пайдаланамыз. Сабақта кумирлері мен қалаулары туралы пікір алмасуға мүмкіндік береміз. Бала өзі туралы ашық айтып үйренеді. Негізі біздің жұрт ым-ишараны, мимиканы белсенді қолданбайды. Бізде көзді төмен түсіріп тұру, сабырлы болу керек деген шектеу көп. Алайда әлемге ашық болу қажет. Күліп, көзге тіке қарайтын ашық адамдар емтиханда, конференцияларда, түрлі байқауларда харизмасымен алға шығып жатады. Сондықтан мектепте, әсіресе бастауышта, балалардың өз эмоциясын көрсетуіне оқулық арқылы жағдай жасау маңызды. Мысалы, қуанышты көрсет, келіспеушілікті көрсет сияқты тапсырмаларды атауға болады. Оқушы сынып жоғарылаған сайын өз пікірін агрессиясыз қорғауды үйренеді. Шет тілі арқылы дамытатын 4К дағдылар бар: креатив, критикалық ойлау, кооперация және коммуникация.
Айта кетейін, оқулықтардағы жеке тапсырмалардың үлесі өте аз. Оның себебі уақыт шектеулі – 40-45 минут. Мұғалімде небәрі 40 минут бар, ал сыныпта 20 оқушы. Сондықтан топтық жұмысқа басымдық беріледі. Тапсырмалар жұппен, топпен және презентация түрінде орындалады. Совет кезеңіндегідей кітапта көп материал болып, оның екі-үшеуін орындау тиімді емес. Педагогтың негізгі мақсаты материал беру емес, оқушының сабақ соңында алған білімін қолданып сөйлей алуы, өзгеге жеткізе алуы болуы керек.
Әліпбисіз тіл үйрену мүмкін бе?
«3-сыныптың ағылшын тілі оқулығында неге әліпби жоқ?». Бұл оқулық шығаратын баспа қызметкерлеріне ең жиі қойылатын сұрақ болса керек. Ал шын мәнінде, әліпби бар екен. Онда бұл төңіректегі түсініспеушілік қалай пайда болды?
– Жаңа оқу бағдарламасын енгізгенде, ең алдымен мұғалімдерді оқыту керек. Бұл айтарлықтай мәселеге айналды. Мұғалімдер бір жылға жуық жаңа тәсілдерді үйренуге тиіс. Жаңа бағдарлама енгізілгенде дыбыстан әріпке көшу принципін мұғалімдер білмейтінін министрлікке де хабарласып айттым. Білім министрі Сағадиев болған тұста мұғалімдерді жаңа бағдарлама бойынша оқыту қыркүйекке дейін ұйымдастырылатын. Ал қазір мұндай жоқ. Кейде тіпті мұғалімге оқулық жеткенімен, бағдарламалар туралы ақпарат жетпей жатады. Мұғалім бұған наразылық білдіреді. Онымен қоймай, ата-аналар жиналысында «оқулықта әліппе жоқ, бағдарлама ауысып кеткен, баяғы бағдарлама жөн еді» дейді. Одан кейін ата-аналардың шағымы артады. Расымен әліппесіз оқыта алмайтын мұғалім болса әліппе оқулықтың соңғы бетінде, әрі мобильді қосымшада бар. Бұл педагогтерге түсіндірілмеген, жаңа бағдарламаны оқыту тәсілі үйретілмегеннен туындап отыр.
Қазақстан туы неге төмен тұр?
Ағылшын тілі оқулығына қатысты тағы бір түсініспеушілік болып еді. «Қазақстан туы неге Ұлыбритания туынан төмен тұр?» деген мәселе болған.
– Әдістеме бойынша біз алдымен тілін үйреніп отырған елдің мәдениеті туралы ақпарат береміз. Мысалы, Ұлыбритания немесе АҚШ. Ал содан кейін сол мәліметті басқа елдердегі жағдаймен салыстырамыз. Соңында өзіміз Қазақстанға арналған тақырыпты қосамыз. Бұл – халықаралық стандартқа негізделген. Әдістеме мәдениет арқылы оқытылады. Өйткені біз немістерді олардың салтынан бөліп алып, тек әліпбиін үйрене алмаймыз. Қазір біз барлық оқулықта Қазақстанның компонентін қолданамыз. Басқа нәсілдің емес, өзіміздің қаракөз балалардың суретін басамыз. Тақырыпқа байланысты белгілі тұлғалардың, спортшылар мен артистердің суреттері бар.
Жазира БЕКБОЛАТОВА
«Ұлан» газеті, №46
12 қараша 2024 жыл
1819 рет
көрсетілді0
пікір