- Толағай
- 09 Қараша, 2024
Дзюдо жеңіл спорт емес

Биыл Парижде өткен олимпиадада Елдос Сметов дзюдодан алтын медаль алды. Бәріміз қуандық. Спортшыға ел құрмет көрсетіп, көп сыйлық берді. Осы кезде ата-аналар арасында #кеттікдзюдоға деген ұран сән болды. Алматыдағы «Дельта» спорт клубындағы дзюдо жаттықтырушысы Шамиль Хамраевтан осы спорт түрі туралы сұраған едік.
– Дзюдоға баланы 10 жастан берген дұрыс. Өйткені баланың денесі, бұлшықеттері, буыны соған лайық болып қатаяды. Қай кезде де спортпен шұғылданған адамның дені сау, мықты болады. Буын ауруларының көбі қозғалыс аз болғанда пайда болады. Дзюдода буынның бәрі жұмыс істеп тұрады. Дзюдо жеңіл спорт емес. Сол себепті бала әлсіз, денесінде жарақат болса, қатысуға тыйым салынады. Ең маңыздысы, дзюдоға жазылудың алдында дәрігермен ақылдасу керек.
– Спортта балаға мотивацияны қалай береміз?
– Мотивация кез келген балаға жүрмейді. Яғни, кейбір балалар өзін мақтағанды жақсы көреді. Мақтаған сайын мықты бола түседі. Кейбірі басқа балаға қарап, одан бірінші болуға ұмтылады. Сол үшін бапкер әрбір баланың болмысына сай жағдай жасай білуі керек.
– Баланы спортқа ерте бергенмен, нағыз чемпион болатын кезде беті қайтып қалады. Оның себебі неде?
– Жасөспірімнің спорттан беті қайтып қалуы – мотивацияның жетіспеуінен. Бала әдістердің көбін біледі, жақсы күреседі, өсетін шегіне жеткенде осылай болады. Сол сәтте баланы басқа залға апарып, жақсы күресетін балалардың арасына салу керек. Жарысқа көбірек шығарған дұрыс. Өзінен күшті балалармен күресіп көргенде жігерленуі мүмкін. Спортқа қызықтыру әрбір жаттықтырушының міндеті. Ол тәжірибелі бапкер мен тәрбиесі мықты ата-ананың қолынан келеді.
– Жарысқа шығар алдында баланың бойындағы сенімді қалай оятамыз?
– Жарыс алдында баланы жаттығудан қалдырмай, жігерлендіру маңызды. Бапкер әрдайым жанында болады. Мотивация бапкерден ғана емес, ата-ана тарапынан да болуы керек. Кейде ата-ананың сөзі бала үшін жаттықтырушының кеңесінен де маңызды. Ал жеңілген балаларды жаттыққан еңбегі үшін мақтап, «жарыста жеңілмеген бала жоқ» деп арқасынан қағамыз. Ата-ананың қолдауы әрдайым маңызды. Жақсы залдарға тәжірибе жинау үшін апару керек. Қысқаша айтқанда, келешекте олимпиадаға қатысатын балаларға уақыт пен ақшаны аямау керек.
– Болашақ чемпионды бала кезінен тануға бола ма?
– Әрине, болады. Чемпионды жаттығуда қалай жұмыс істейтініне, жарыста қалай күресетініне, баланың тәртібі мен тәрбиесіне, жаттықтырушының ақпаратын қалай қабылдайтынына қарап білуге болады.
Г.ЗЕЙНУЛЛИНА
«Ұлан» газеті, №46
12 қараша 2024 жыл

1350 рет
көрсетілді0
пікір