- Бірінші байлық
- 09 Қараша, 2024
Тісім түгел болсын десең...
Қазір балалар арасында тіс ауруы өте көп. Ерте «құрт түседі», қисық өседі… Себебін тіс дәрігері, білікті маман Әйгерім Аманқосқызынан сұраған едік. Ата-ана тіс күтіміне аса мән бере бермейтінін айтады. Бәрі ауыз қуысынан басталады. Құрттаған тістен бактерия іш құрылысына өтіп, ағзаның көптеген ауруына әкеледі. Салауатты өмір салты, ағза тазалау ең алдымен тісті таза ұстаудан басталатынын айтады. Тіс жұлдырған соң көп ескертуді ескермейді. Оның соңы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Бұл адамның жауапкершілігі мен тіс күтіміне мән бермеуінен дейді маман.
– Тіс жұлдырған соң қандай әрекеттерді мүлде жасауға болмайды? – Бетке жылы немесе ыстық компресс басуға, күннің көзінде, ыстық бөлмеде ұзақ отыруға болмайды. Жылы аймақта зиян бактериялар тез көбейіп, асқыну процесі жылдам жүреді. Процедурадан соң алғашқы күні жұлынған тістің орнын шаюға болмайды. Табиғи түрде жиналатын қан ұйындысын қоса шайып жібермеу керек. Ол өте қауіпті. Алғашқы күндері тіс щеткасын жарақат орнына тигізбеңіз, асқынуға себеп болады. Ащы және басқа да өткір дәмдеуіш қосылған тамақ жеуге болмайды. Үлкен адамдарға ішімдік ішуді түбегейлі тоқтату керек. Ауыр көтеруге, денеге физикалық күш түсіруге болмайды.Процедурадан соң жарақат үстіне дәкеден жасалған тампон қойылады. Ол қанды тоқтатуға көмектеседі және жарақаттанған тіндерді түрлі микробтан қорғайды.
– Жұлынған тістің орны тез жазылуы үшін не істейміз?
– Жылы-жұмсақ, сұйық тамақ ішу керек. Хирургке барсаңыз 1-2 тігіс түсіріп береді. Бұл әрекет жарақат орнын қабынудан сақтайды.
– Тіске қатысты біз білмейтін қандай пікірлер бар?
– Әлеуметтік желіні сауатты жүргізуге тырысамын. Парақшамда оқырман сұрағына жауап беремін (dr.aikerim_anqosovna). Стоматологияда да ойдан шығарылған қағидалар жетерлік. Оларға елдің сеніп алғаны соншалық, дәрігердің өзін «оқытып» тастайтын пациенттер болады. Солардың ішінде ең-ең деген 5 түріне тоқталайын. Аңыз пен ақиқаттың аражігін ажыратып алыңыздар.
«Тіс қағы эмальды қорғайды»
Көпшілік тісті қаптап тұратын қақты (налёт) тіс эмалін бұзылудан сақтайтын жабынды деп есептейді. Шын мәнінде ол – бактериялардың жинақталған шоғыры. Тістегі қақ уақытылы тазаланбаса, ол тасқа айналады. Уақыт өткен сайын қабатталып, қатайып, зиянды бактерялардың ошағы ашылады. Бактериялар ауыз қуысын, тіпті ағзаны улауға көшеді. Салдарынан қызыл иек қабынып, шөгеді. Осы кезде тіс түбірі ашылып қалады, тіс түбірінің сезімталдығы оянып, бекемдігі жойылады. Кариестермен көрісуге дайындала беріңіз.
«Дәрігердің құралдары мен электр щеткалары эмальды жояды»
Бұл құралдарды көпшілік эмальдың өшіргіші деп қабылдайды. Алайда ол қате түсінік. Кәдімгі щеткамен тіс тазалауды көп адам дұрыс білмейді. Тіс түбірінің қиылып, желініп кетуі – щетканы дұрыс бағыттамау мен күш салып жуудан болады. Ал кәсіби тазалауда тіс дәрігері ондай олқылыққа жол бермейді. Сондай-ақ, маман таңдап берген тіс щеткасы дұрыс бағыт, қозғалыс пен қажетті күшті өзі таңдайды. Енді бұл кеңеске былай деп жауап берейін. Әр пациенттің ауыз қуысы гигиенасын сақтау процедурасы жеке-дара тағайындалуы керек. Бұл – тіс және ауыз қуысының саулығын қамтамасыз ететін емдік және профилактикалық міндетті шара. Әр адам кемінде 3-4 айда бір рет кәсіби тазартудан өтуі керек.
«Кәсіби тіс тазалаумен тіс ағарып кетпейді»
Әр адамның эмалінің табиғи түсі әртүрлі реңкте болады. Күнделікті кофе, шәй, түрлі бояуыштар қосылған сусын, тағамдардың әсерінен тіс реңкі өзгереді. Кәсіби тазалау кезінде тісті қаптап тұрған қақ жабындысы жуылады. Табиғи реңк ашылады. Оның еш зияны жоқ, керісінше, өте пайдалы. Бұндай процедура әр адамға міндетті.
– Кәсіби тазартудан соң тіс сезімтал бола ма?
– Иә, дәл солай, тіс сезімтал болады. Бірақ тазалау эмальды жуып, кетіріп тастамайды. Керісінше, кәсіби тазалау процедурасында тісте қабатталып қалған қақ, жинақталған тастар жуылады. Бұл орындар ашылған соң сол аймақтардың сезімталдығы оянады. Мұндай дискомфорт шамамен бір аптада толық тоқтайды. Міне, көпшіліктің шатасатын тұсы осы. Тіс тазалап болған соң тіске фторлы препараттар жағылады. Үй күтімі үшін пациентке қабынуға қарсы, өткір емес тіс пастасы мен ауыз шаюға арналған құралдар тағайындалады.
– Қазір брекет тағатын бала көп. Оларға кәсіби тазарту процедурасын жасауға бола ма?
– Бұл брекет конструкциясын бұзады, өзгертіп жібереді деп түсінеді көпшілік. Осындай қорқыныштан кәсіби тазартуға мүлде бармайтындар да бар. Брекет тағып жүрген пациент кемінде 3 айда бір рет кәсіби тазартудан өтуге тиіс. Үйде қанша жерден тазаладым дегенмен, брекет тұрған аймақта қуыс-бұрыштары дұрыс тазаланбай қалып қояды. Тазалатуға бармасаңыз, кариес пен түрлі бактерия пайда болады. Ал күнделікті күтім үшін арнайы ирригатор сатып алған дұрыс.
ҚАНДАЙ ТІС ПАСТАСЫН ТАҢДАЙМЫЗ?
Жоғары категориялы дәрігер-стоматолог Клара ТОЛЫБАЕВА:
– Тісті күніне екі рет тазалаңыз: таңертең және ұйықтар алдында. Таңертең түнде жиналған бактерияларды жою үшін, ал кешке тамақ қалдықтары мен тіс жабынын тазарту үшін. Фторы бар пастаны таңдаңыз. Фтор тіс эмалын нығайтып, кариестен қорғайды. Қаттылығы орташа тіс щеткасы дұрыс. Қатты щетка тіс эмалін зақымдауы мүмкін. Щетканың басы кішкентай болуы керек, сонда ауыз қуысының барлық жерін оңай тазалауға болады. Тісті жұмсақ дөңгелек қозғалыстармен немесе жоғары-төмен қозғалыстармен тазалаңыз, сонда ауыз қуысын зақымдамайсыз. Ең аз дегенде 2 минут тазалаңыз. Артқы тісті және тіс арасындағы кеңістіктерді ұмытпаңыз. Антисептикалық ауыз шаю құралдарын пайдалану бактерияны азайтады, ауыздың жағымсыз иісін жояды және ауыз қуысы ауруларымен күресуге көмектеседі. Қантты шектеңіз: қантты көп тұтыну кариес пайда болуына себеп болады. Тәтті сусындар мен тәттілерді жиі тұтыну – тіске зиян келтіретін негізгі фактор. Көп су ішіңіз: су тіс пен ауыз қуысын жууға, тамақ қалдықтарын кетіруге және тіс қағының пайда болуын азайтуға көмектеседі. Саламатты тамақтану: рационға кальцийге (сүт өнімдері), A, C және D витаминдеріне бай өнімдерді қосыңыз. Бұл заттар тіс пен ауыз қуысын нығайтады.
Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА
«Ұлан» газеті, №46
12 қараша 2024 жыл
1828 рет
көрсетілді0
пікір