• ҰЛАН
  • 09 Қараша, 2024

Балалар футболы жаңа деңгейге көтерілмек

Қазан айында ауыл балаларының спортпен шұғылданып, турнирлерде өзін көрсетуге айрықша мүмкіндік туған еді. Себебі «Halyk» қайырымдылық қоры #AUYLSPORT жобасын бастады. Жоба аясында еліміздің барлық өңірінен алты спорт түрі бойынша 12 мыңға жуық ауыл баласын спортқа баулу жоспарланды. Жақында Алматы облысының Қарғалы ауылында «HALYK OPEN CUP – 2024» республикалық футбол турнирі өтті. 450 ауыл баласының арманы орындалған ай тулы спорт додасы қалай өтті? Біз де біліп қайттық.

Ауыл жастарының спортқа деген құштарлығын қолдауға бағытталған іс-шара #АуылФутбол жобасының аясында жүзеге асырылды. Оған еліміздің әр облысында өткен HALYK OPEN CUP аймақтық турнирлерде жеңімпаз атанған 32 команда қатысты.

– Көбіне ауыл командалары үлкен қалалардағы турнирлерге қатыса бермейді. Себебі формаға, жолға, жүріп-тұруына айтарлықтай қаражат керек. Бұл ауыл спортындағы негізгі мәселе. «Halyk» қайырымдылық қорының арқасында ауыл командалары құрал-жабдықтармен, формамен қамтамасыз етіліп, турнирге қатысу үшін жол ақысы төленді, – дейді #АуылФутбол жобасының жетекшісі Серік Мәмбетов.

Турнир қорытындысы бойынша чемпион атағын Маңғыстау облысының «НамысҚызыл төбе» командасы жеңіп алды. Команда жаттықтырушысы Пердебек Қашқамбаев турнирдің «Үздік жаттықтырушысы» атанды. Ал Абзал Баймұхан «Үздік ойыншы» атанды. Күміс жүлде Түркістан облысының «Алтын төбе» командасына бұйырды. Бұл команданың шабуылшысы Омар Біржан 11 гол соғып, «Үздік шабуылшы» болды. Алматы облысының «RedSapsans» командасы үшінші орынға қол жеткізіп, қақпашысы Нұрәлі Ғаниұлы «Үздік қақпашы» атанды.

«Үздік қорғаушы» номинациясымен Қостанай облысының «Рахат» командасының ойыншысы Артем Риттер мен павлодарлық «Заря» командасының ойыншысы Богдан Краузе марапатталды. «Fir play trophy» арнайы номинациясы адал ойын үлгісін көрсеткен Ақмола облысы Целиноград ауданының «SPARTANS» командасына табысталды. Турнирдің жеңімпаздарына кубоктар, медальдар және футбол формалары, жаттығу киімдері, доптар мен балаларға арналған кітаптар табысталды.

– Осыған дейін қор ауылдағы спортты дамытуға 500 миллионға жуық қаржы бөлді. Соның арқасында #Ауылфутбол жобасы жаңа деңгейге көтерілді. Жобадағы командалар саны қысқа мерзімде төрт есе, яғни 24 командадан 110 командаға дейін артты. Жаттықтырушылар УЕФА-ның D санатындағы бағдарлама бойынша біліктілігін арттырды. Балалар футболы жаңа деңгейге көтеріліп, жастардың спортқа деген қызығушылығы артты, – дейді «Halyk» қайырымдылық қорының Алматы облысы филиалы директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Турнир аясында ауыл жаттықтырушыларына футбол менеджменті, SMM, спортшы балалардың психологиясы, инклюзивті балалармен жұмыс, олардың қауіпсіздігі жөнінде семинарлар, тәжірибелік сабақтар өтті. Әрі арнайы жаттығу сабағы өткізіліп, инклюзивті «Бүркіт» командасы таныстырылды. Бұның барлығы балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулуға, бос уақытын тиімді пайдалануға негізделген.

Олжас ПАВЛИК

«Ұлан» газеті, №46
12 қараша 2024 жыл

1814 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор