• ҰЛАН
  • 05 Қараша, 2024

Ұлан авторлық куәлік алды

Ақтаулық Ұлан Мұрат ғылыми зерттеу жобасына авторлық куәлік алды. Ол Ақтау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 9 «D» сынып оқушысы. Жетекшісі, химия пәні мұғалімі Айбар Мырзабековпен бірлесе жасаған жобаларының мақсаты – жыл сайын жарамдылық мерзімі  өткен дәрідәрмектерді дұрыс утилизациялау жолын анықтау және практика жүзінде ескірген дәрі-дәрмектерді микро тыңайтқыш ретінде қолдану. Идея авторы дәрі-дәрмектердің қоршаған ортаға тигізетін зиянын азайтуға, сондай-ақ оларды ауылшаруашылығы саласында жаңа мақсатта қолдануға бағытталған тың ұсыныстарды қарастырды. Ендеше,  өзінен толығырақ сұрап көрелік.

– Ғылыми жобаны жасауға қанша уақыт кетті?

– Теориялық мәліметтерді талдау мен практикалық жұмысты қоса санағанда шамамен 1-2 ай уақыт кетті. Дегенмен ғылыми жұмыстың мақсаты – зерттеу және бақылау. Сондықтан жоба толық аяқталды деп айта алмаймын. Бұл үшін ауқымды зерттеулерді жалғастыру қажет. Бұл біздің алдағы жоспарларымызға кіреді.

– Жобаны жасауға не түрткі болды?

– Қазір жарамдылық мерзімі өткен дәрі-дәрмектерді көбіне жағып жібереді. Осындай утилизациялау жолы азот және көміртек оксидтерінің бөлінуіне әкеледі. Бұл өз кезегінде ғаламдық жылынуға және қышқыл жаңбырының түзілуіне ықпал етеді. Сол себепті де дәрі-дәрмектерді қайта өңдеудің жолын қарастыруға тура келді.

– Химия пәніне қызығушылық қайдан пайда болды?

– Жалпы, мен бала кезімнен бақылағанды, талдауды, зерттеуді жақсы көретінмін. Химияға деген қызығушылығымды сол кезде танымал болған ментос пен кола тәжірибесі оятқаны жақсы есімде. Ал 7-сыныпта химияны оқи бастағанымда мен үшін жаңа әрі түрлі тәжірибе әлемі ашылды. Осыдан химияға деген құштарлығым пайда болды.

– Дәрі-дәрмектерді қандай технология арқылы сұрыптамақсың?

– Мерзімі өткен тыңайтқыштарды қайта өңдеу технологиясы өте қарапайым. Ол үшін сынамалардың су ерітінділерін дайындап, өсімдігі бар ыдысқа құйып, оның әсерін бақылау қажет. Бұл зерттеуде қолданылған әдістер – әдеби шолу және тәжірибелік жұмыс.

– Ендігі жоспарың қандай?

– Жобаны дамытудың келесі қадамдары, ең алдымен, зерттеулерді кеңейтіп, оларды үлкен көлемде жүргізу (бұл зерттеулер мектептегі жылыжайда өткізіледі деп жоспарланған). Сонымен қатар дайын өнім – тыңайтқыштың дұрыс пропорциялары бар шағын таблеткаларын жасау көзделген. Жоспарға сәйкес, мерзімі өткен дәрі-дәрмектерді өңдеп, дайын тыңайтқыштар шығаратын механизм моделін әзірлеу жоспарланған. Оған қоса, бұл механизмде дәрі-дәрмектерді араластырып, оларды құрамына қарай бөліп шығару да маңызды мақсаттардың бірі болмақ.

– Авторлық куәлікті қалай алдың?

– Авторлық құқықты алу шын мәнінде оңай болды. Біз қажетті құжаттарды жинап, ұйымдастыру жарнасын төлеп, өтінімді жібердік. Алайда, біріншісінде менің атым Ұлан емес, орысша Улан деп кеткендіктен қабылдамай қойды. Екіншісінде қатені түзетіп, авторлық құқық алдық. Авторлық куәлікті алу байқау сияқты. Біз жобамыздың қазіргі деңгейін білу үшін өтінім жібердік. Одан әрі қалай дамытуға болатынын да анықтағымыз келді. Мұндай ақпарат жобамызды жетілдіруге және келешекте оның тиімділігін арттыруға көмектеседі.

– Рақмет!

Олжас ПАВЛИК

«Ұлан» газеті, №45
05 қараша 2024 жыл

1701 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор