• ҰЛАН
  • 05 Қараша, 2024

Балам қайтіп жүр екен?

Жақында әріптесіммен бірге мектептегі буллиңнің бір түрін талқыладық. Буллиң сөзі бәріне таныс деп ойлаймын. Ол бір адамның екінші адамды қорлауы немесе әлімжеттік көрсетуі. Ол күшпен де, сөзбен де болуы мүмкін. Біз бұл тақырыпты көтеріп жүргенімізге біраз болды. Біз ғана емес,  өзге де масс-медиа  өкілдері мұны назардан тыс қалдырмайды. Ал жағдай одан әрі  өршіп жатыр...

Әріптесіммен бірге талдаған буллиңнің бұл түрі әжетханада болады екен. Балалардың көзімен қарасақ, әжетхана – өзіңнен кіші жастағы балаға күш көрсетудің жақсы орны болып отыр. Басында күлкі үшін жарықты өшіріп кетеді, мазақтайды, ал соңы балалардың жас ерекшелігіне байланысты төбелеске дейін ұласуы мүмкін. Бұл жоғары сынып оқушылары арасында ғана деп ойласаңыз, қателесесіз. Әріптесім естіген жағдай 1-сынып оқушыларының арасында болған. Сонда кей балалар 7-8 жасынан осындай қатыгез бола ма деген сұрақ туындады. Жағдайды талдап көру үшін педагог-психолог Айдана Сансызбайқызын әңгімеге тарттым.

«Буллиң термині қазір қолданыста жүр. Бірақ енді ғана шыққан мәселе емес. Мысалы, «Шрек» немесе «Күлше қыз» сияқты ертегі, мультфильмдерден де буллиңді байқауға болады. Сөзбен мазақ етсе де, физикалық тұрғыда қоқан-лоққы көрсетсе де буллиңге жатады. Оның түрлерін бала да, ата-ана да, мұғалім де ажырата алуы керек. Балалар «біз солай ойнаймыз, жәй сөзбен айттық» деп қабылдауы мүмкін. Бірақ ол да кемсітудің бір түрі. Ал әжетханада өзінен кішкентай жастағы балаларға жәбір көрсету буллиңнің шарықтау шегі дер едім. Алайда кикілжің мен буллиңнің аражігін ажырата алу керек. Мысалы, екі бала бірдеңеге төбелессе, бір бала екіншіге жауап қайтарады. Яғни екі тарап та әрекет жасап тұр. Ал буллиңде тек бір позиция болады, буллиң жасаған адамның ғана агрессиясын көре аламыз. Талқылап жатқан буллиңнің шешімі әр мектепте әртүрлі қаралып жатыр. Алайда баланы ол жерге сынып жетекшімен жіберу де дау туғызатын ұсыныс. Себебі мұғалім 1-2 баланы апарды делік. Бірақ сыныптың ішінде қалған балаларға кім бас-көз болады деген сұрақ туындайды. Жалпы, мектептерде буллиңнің алдын алу шаралары, балаларға түсіндірме жұмыстары жиі жүргізіледі деп нақты айта аламын», – дейді педагог-психолог.

Ал балалар не үшін біреуді кемсітуге дейін барады деген сауал туындаса, маманның жауабын ескеріңіз:

«Баланың базалық қажеттілігі өтелмеген кезде буллиң жасауға барады. Егер бала отбасынан сол көріністі көрсе, тіпті психологиялық кемсіту, ауыр сөз айтса да, өзі буллиң жасауға барады. Бала буллиңге тап болған кезде оны қалыпты деп қабылдайды. Оның ойынша ол солай болуы керек. Екіншіден, мұғалімге де байланысты. Сондықтан мұғалімнің сөзінің өтуі, оның қатал мінезі де рөл ойнайды. Үшіншіден, бала ересек адамнан көмек ала алмаса өзгелердің буллиңіне тап болады. Бала атаанасынан көмек сұраған кезде «Өзің шеш. Сен жігітсің, үлкенсің» деген сөздер әсер етеді. Бала ішіндегісін айта алмаған кезде тұйықтала бастайды. Сыныптағы атмосфера да үлкен рөл ойнайды. Сынып бәсекеге тым қабілетті, бірін-бірі сынауға, жамандауға бейім болуы мүмкін. Сонымен қатар, елде аралас мектеп көп. Басқа жақтан қоныс аударып келетіндер бар. Сол үшін әр мұғалім оқушыларға «барлық баланың құқығы бірдей» дегенді түсіндіре алуы керек», – дейді Айдана ханым.

Алғашқы себептерді бәрі біледі деп ойлаймын. Бірақ соңғысы туралы көп айтыла бермейді. Әдетте мектепте сыныптарды бір-бірімен жарыстырып қою қалыпты жағдайға айналған. Алайда әр баланың өз деңгейі бар екенін ескеру керек. Көш басындағылар жылдам, пысық болғанымен, ол қарқынға ілесе алмай қалатындар бар. Ал бұл жағдай сол зерек оқушыларға ұнамай, қалғанын келемеждеуі де ғажап емес. Сондықтан мұғалімнің оқушылармен тікелей жұмыс істеуі маңызды. Десе де, бәріміз мектепте оқыдық. Буллиңге қатысты әртүрлі шаралар өтеді. Оны балалар қалай қабылдайды, елеп жатыр ма деп те ойланасың. Себебі қазіргі балалардың тым еркін екені де жасырын емес.

Балаңыз буллиңге ұшырады делік. Бірақ сіз білмейсіз. Оның белгілері туралы психолог былай дейді:

«Зардап шеккен бала қатты өзгереді. Сыныптастарымен, достарымен араласқысы келмей қалуы, үлгерімі төмендеуі мүмкін. Іштей күйзеліс болады. Ол бала ешкімге ештеңе айта алмайды. Ата-ана баласын назардан тыс қалдырмағаны жөн. Киімінде жыртық жоқ па, денесі жараланбаған ба деген сұрақтарды негізге ала отырып, қадағалау керек. Бала сұрақтарға жалтарып жауап беріп, ашық әңгімеден қашу сынды әрекеттер көрсетеді. Кейбір балалар ұйықтап жатқан кезде кіші дәретін жіберіп қоюы мүмкін. Мазасызданып, қорқынышты түс көріп, сандырақтауы да мүмкін. Жәбір көрген баланың заттарын, ақшасын агрессорлар тартып алуы мүмкін. Баладан сондай қылықтар байқалса, ата-ана байыппен сөйлесуі керек».

Буллиңге ұшыраған баланы қалай құтқара аламыз деген сұрақты да қойдым.

«Баласы буллиңге тап болғанын түсінген, білген ата-ана жағдайды түсініп, мән-жайды анықтауы керек. Әр бала әртүрлі. Сондықтан оның ашылуына атаана толықтай жағдай жасауы керек. Көп ата-ана баласы жәбір көргенін білгенде «Сен неге жауап қайтармадың, сен де неге ұрмадың?» деп айтып жатады. Бұл үлкен қателік. Буллиңге түскен бала мен агрессордың күші әртүрлі болуы мүмкін. Ата-ана дұрыс қолдау білдірмесе, керісінше, баласын айыптаса, бала өзін кінәлай бастайды. Яғни ата-ана тарапынан ешқандай қысым болмағаны жөн», – дейді спикер.

Иә, кейбіріне бұл тақырыптың маңызы жоқ болып көрінуі мүмкін. Ал енді бірі буллиңмен әлі күнге дейін психологиялық тұрғыда күресіп жүр. Мектеп кезінде агрессор болған бала болашақта ондай істер жасамайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Ал қазіргі қоғам дерті болашақтың көрінісі болмауға тиіс. Сол үшін үйдегі балаңызды, өзіңізден кейінгі ініқарындасыңызды тәрбиелеуге сіз де атсалысыңыз, оқырман!

Ділназ ШАЙМҰРАТОВА

«Ұлан» газеті, №45
05 қараша 2024 жыл

1636 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор