- Жырақтан білім іздесең
- 05 Қараша, 2024
Әсемой Америкада оқып жатыр
– Ағылшын тілін қалай үйрендің?
– Ағылшын тілін 3-сыныптан бастап игерген болатынмын. Ағылшыннан әртүрлі курстарға қатысқаныма 8-9 жылдай болып қалды. Одан бөлек, бос уақытымда ағылшын тіліне көп көңіл бөлдім. Кітап оқыдым, Google, Youtube-тан ізденіп, ағылшынымды жетілдіріп жүрдім. Әсіресе, карантин уақытында менде үлкен прогресс болды. Жалпы, не істесем де ағылшын тілінде жасауға тырыстым, сабақ оқысам да, математикадан ізденсем де тек ағылшынша болды. Телефонның тілін, параметрлерін ағылшын тіліне ауыстырып қойдым. Әлеуметтік желі арқылы шет елден достар тауып, олармен де тек ағылшынша сөйлестім.
– Flex бағдарламасына қатысу қашан ойыңа келді?
– Бұл бағдарлама әлеуметтік желілерде өте танымал. Осы бағдарламамен Америкаға барып-қайтқандарды көп көретінмін. Содан соң, жәй ғана тырысып көрейін деген ой келді. Негізі, мен финалға жететініме мүлде сенбедім. Өйткені, бұл жерде бәсеке өте жоғары, финалист болу мүмкіндігің тек 2% ғана.
– Бағдарлама қандай кезеңдерден тұрды және қиындық туғызбады ма?
– Бағдарлама 3 кезеңнен тұрды. Біріншісі, құжаттар жинау және эссе жазу. Екінші кезеңде ағылшын тілінен емтихан тапсырдық. Бұл кезең үлкен рөл ойнамайды. Себебі, Flex бағдарламасында ағылшын тілін жетік білу маңызды емес. Менің кейбір финалист достарымның ағылшын деңгейі өте төмен, алайда олар финалға өткен болатын. Әрине, ағылшын тілін дұрыс білмеу Америкада өзіңізге қиындық туғызады. Бағдарлама көшбасшылық, белсенділік, жаңа ортаға тез бейімделгіш қасиеттерді және өзге мәдениетті үйренгісі келетін, өз мәдениетін үйреткісі келетін адамдарды бағалайды. Үшінші кезең сұқбаттасу, топтық ойын және 45 минутта 3 эссе жазып беруден тұрады. Маған осы кезеңде 3 эссе жазу өте қиын болды. Өйткені, уақыт аз, сонымен қатар психологиялық және адамды қатты ойландыратын тақырыптар беріледі. Маған кішкене қиындық туғызған – құжаттар. Өйткені, өте көп қағаз, құжат жинауың керек. Алайда, бағдарламада барлық шығынды өздері төлейтіндіктен, талаптары орынды деп ойлаймын.
– Бағдарламаға қатысқан кезде қандай қорқыныштар болды?
– Flex бағдарламасы өте көп уақытты талап етеді. Құжаттар толтыру, эссе жазу секілді. Мен өзімнің түспейтініме толық сенімді болдым. Сондықтан, уақытымды текке құртып жатқандай сезіндім. Ал қорқыныштарға келетін болсақ, көп ойланып, қорқатын адам емеспін. Егер бір нәрсені бастасам соңына жетуді ғана ойлаймын. Қорқыныш адамды артқа тартады деп санаймын.
ОҚУШЫЛАР САБАҚТА ДИНОЗАВРЛАРДЫ ЗЕРТТЕЙДІ...
– Қазір қай штатта тұрып жатырсың? Жаңа отбасың қалай? Америкадағы мірің туралы айтып берсең...
– Американың астанасы Вашингтонда тұрып жатырмын. Өте керемет қала. Егер сіз Американың саясатына, мәдениеті мен тарихына қызықсаңыз, бұл қала сізге арналған. Өйткені, қалада көптеген саяси орындар, тегін музейлер, театрлар мен монументтер бар. Америкадағы өмірім де өте керемет. Мен қазір Washington Latin public charter school-да оқимын. Мектебім алыс, метромен 1 сағаттық жер. Алайда Public Charter мектеп болғандықтан, оқушылары өте ақылды. Менің америкалық отбасым, яғни хост-отбасым өте жақсы адамдар. Олармен бірге бір жыл өмір сүремін, қыдырамын және отбасының ережелеріне бағынамын. Хостотбасым үш адамнан тұрады: хост-анам, әкем және сіңілім. Отбасында адамның дамуына, жеке қызығушылықтарына өте үлкен көңіл бөледі. Мен оларды мама-папа деп атаймын, олармен бірге көп әңгіме айтамын, бірге қыдырамыз, жалпы өте жақсы адамдар.
– Америкалықтармен тіл табысу қиын болмады ма?
– Негізі, қиындау болды. Қазіргі Америкадағы өмірім мен Қазақстандағы өмірімді салыстырсам, мүлдем байланыс көрмеймін. Бұл жақта мәдениет, сенім-нанымдар басқаша. Ешкімді танымайсың, тек хостотбасың және координаторлар. Кейбір шеткі қалаларда туристерге, шетелдік адамдарға көзқарас дұрыс болмайды. Мен туристер көп жүретін жерде тұратындықтан, айтарлықтай мәселеге кезікпедім. Алайда, мектепте расизммен, жаман адамдармен де, жақсы адамдармен де бетпе-бет ұшырастым. Адамдар өте жаман дей алмаймын, өйткені түсінуге болады. Барлық адам керемет емес, сол себепті оған ренжудің қажеті жоқ. Менің қазіргі оқып жатқан мектебім Америкадағы екінші оқу орным, өйткені бірінші мектепте сыйыса алмадым.
– Америкада қандай қиындықтармен кездестің?
– Маған Америкадағы өмірім ұнайды. Алайда кемшіліктер, қиындықтар жоқ деп те айта алмаймын. Біріншіден, бұл жерде барлығы қымбат. Алайда, мен бұл мәселеден қатты қиындық көріп жатқан жоқпын. Өйткені, бізге бағдарламадан ай сайын шәкіртақы беріп отырады және кейде керекжараққа да бөлек ақша бөлінеді. Әрине, мұның барлығының өзіндік ережесі бар. Сонымен қатар, менің көп шығынымды хост-отбасым жауып береді. Бұл нәрсе де отбасыға байланысты. Кейбір отбасы саған мүлдем ақша бермеуі мүмкін, тіпті үш мезгіл тамақты да қиналып беретіндер бар. Екінші бір кемшілік, әрине, қиындыққа жатпайды, алайда америкалықтар өте шулы. Дауыстары айғайлап шығады және эмоциямен сөйлейді. Бір жағынан бұл жақсы да шығар. Өйткені, олар әрдайым дос болуға және қарым-қатынасқа ашық. Тағы бір мәселе – фастфуд. Бұл жақта шынымен жылдам дайындалатын тағамдар көп. Алайда, менің отбасымда бұл мәселе жоқ деп айта аламын.
– Америка мен Қазақстанда оқушы болудың айырмашылығын айтып берсең?
– Америка мен Қазақстанның білім беру жүйесі екі түрлі, ұқсастық мүлдем жоқ. Менің Қазақстандағы мектебімде тест, емтихан тапсырасың, алайда сабаққа қатысуың, белсенділігің үлкен рөл ойнайды. Ал Америкада тест те, үй тапсырмасы да, белсенділік те маңызды. Мұнда тест жиі болады және сен өзің таңдаған сабақтан ғана тест тапсырасың, тесттерге тыңғылықты дайындалуың қажет. Сонымен қатар, бұл жерде пәндер деңгейлерге бөлінеді. Егер сенің алгебра пәнінен деңгейің төмен болса, Алгебра 1-ді оқуың керек. Осылай деңгейлермен кете береді. Меніңше, бұл жақсы әдіс. Американың білім беру жүйесіндегі тағы бір ерекшелік мұнда әртүрлі пән бар. Мысалы, менің мектебімде динозаврларды зерттеуге болатын, су асты робототехникасы секілді пәндер және шығармашылықты дамытатын да сабақтар бар. Тағы бір ерекшелік – спортқа көп көңіл бөледі. Менің мектебімде басқа мектептермен апта сайын спорттық жарыстар өтеді. Ең күшті нәрсе – әр оқушы өз клубын аша алады. Мысалы, біздің мектепте психологиялық мәселелерді шешетін клубтар бар. Жалпы, әркім өзінің қызығушылығымен еркін айналыса алады. Қазақстан мен Американың тағы бір айырмашылығы – сабақтың практикасы. Қазақстандық мектептерде тақырыпты теориялық түрде үйретеді де, практика бір шетте қалып қояды. Ал Америкада керісінше.
Ұлжан БИДӘУЛЕТ,
№54 орта мектептің оқушысы,
«Ұлан» газетінің жас тілшісі
Тараз қаласы
Бетті дайындаған Ділназ ШАЙМҰРАТОВА
«Ұлан» газеті, №45
05 қараша 2024 жыл
941 рет
көрсетілді0
пікір