- ҰЛАН
- 05 Қараша, 2024
Lip reading жаңа мамандық па?
Қазанда TikTok әлеуметтік желісінде #lipreading хэштегі белгіленген видеолардың жалпы қаралымы 1,9 миллиардқа жуықтады. Lip reading немесе speech reading – ерін, ауыз қимылы арқылы спикердің сөзін оқу. Әлеуметтік желіге шолу жасап байқағанымызда, желі қолданушыларын жұлдыздардың бір-біріне не сыбырлайтыны қызықтырады. Сондай-ақ қазір саясаткерлердің әңгімелерін «оқыған» видеолар да танымалдыққа ие болды. Мысалы, Джо Байден мен Барак Обаманың диалогы.
Кейбір шетелдік БАҚ-тарда ерін арқылы оқитын мамандар жұмыс істейді. Олар саясаткерлердің дауыстамай не айтқанын, спорт додаларында спортшылардың не деп жатқанына болжам жасап ақпарат береді. Бейресми мәліметтерде АҚШ-та мұндай мамандардың жылдық табысы теңгемен 24 миллион. Қазақстанда әзірге ауыз қимылы арқылы оқитын мамандар жоқ.
Алғаш рет мұндай әдіс XIX ғасырдың ортасында сурдопедагогика саласында қолданылды. Сурдопедагогика саласындағы мамандар оқыту әдістерін есту қабілеті төмен адамдардың ерінді оқып, өзгелердің айтқанын естімесе де жақсырақ түсінуіне мүмкіндік беретіндей етіп бейімдеуге тырысты. Осы тұста бұл техниканы меңгерген адамның сурдоаудармашыдан қандай айырмашылығы бар деген сұрақ туындауы мүмкін. Екеуі екі түрлі әдіс. Ауыз қимылын оқу сөйлеп тұрған адамның ерні, тілі мен мимикасының қозғалысына қарап, оның не айтып жатқанын түсінуге негізделеді. Ауыз қимылын оқу маманы дыбыстардың қалай қалыптасатынын үйрене келіп, сөздерді визуалды түрде «оқиды». Ал сурдоаудармашылар, керісінше, айтылғанды ым тіліне аударады, оның өзіндік грамматикалық және синтаксистік ережелері бар. Ым тілі – жай ғана қимылдар жиынтығы емес, толыққанды визуалды тіл. Ол мағыналарды, эмоцияларды және интонацияларды дәл жеткізу үшін қолдың қозғалысы, бет қимылын қамтиды.
1940–1950 жылдары фонетика және вербалды емес коммуникация саласындағы зерттеулердің дамуымен мамандар ерін мен тілдің дыбыстарды қалай қалыптастыратынын тереңірек зерттей бастады. Бұл бағыттың негізін қалаушылардың бірі Эрик Петаджан 1980 жылдары автоматты түрде ауыз қимылын оқу жүйелерін ойлап тапты. Оның жұмысы компьютер арқылы сөйлеуді, тануды жақсартуға көмектесетін технологиялардың негізіне айналды. Бұл ауыз қимылын оқуды автоматтандыруда шешуші кезең болды және жасанды интеллект саласындағы зерттеушілердің қызығушылығын тудырды. Ал қазір ауыз қимылын оқу техникасы криминалистикада, медиаиндустрияда, сондай-ақ есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған технологияларды дамытуда кеңінен қолданылады. Мысалы, дауыс естілмейтін шулы зауыттарда, көлікте немесе әскери жағдайларда ауыз қимылын оқу арқылы командаларды визуалды түрде түсіну қолданыла бастады. Мұндай мамандардың қажеттілігі жоғары бірнеше саланы және олардың маңызын қарастырайық.
Құқық қорғау және барлау қызметінде тергеушілер мен арнайы қызметтер бейнебақылау жазбаларын немесе қашықтан жасалған түсірілімдерді талдау барысында ауыз қимылын оқу әдістерін пайдаланады. Бұл күдіктілердің немесе маңызды фигуралардың әңгімелерін визуалды түрде «тыңдап» мағыналы ақпарат алу үшін қажет. Қауіпсіздік саласында адам көп жиналатын жерлерде, мысалы, әуежайлар мен вокзалдарда ауыз қимылын оқу күдікті іс-әрекеттерді анықтауға мүмкіндік береді.
Расымен қызық. Спорт және ойын-сауық индустриясында да бұл мамандар керек болатын кездер болады екен. Қарсыластар ойыншылар мен жаттықтырушылардың ерін қимылдарынан сөздерді оқып, қандай тактика қолданбақшы деген болжамдар жасалады. Осылайша, ауыз қимылын оқу мамандары ақпаратқа қолжетімділік пен коммуникацияны қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Ал енді кім ауыз қимылын оқу маманы бола алады деген сұраққа жауап іздейік. Бейімі мен қызығушылығы болса кез келген адам бұл техниканы үйрене алады. Бірақ маман ретінде сәтті жұмыс істеу үшін мұқият болу, сапалы қарым-қатынас дағдылары болуы қажет. Сондай-ақ эмпат болып, стрестік жағдайларда жұмыс істей білу де маңызды.
Дегенмен қазір ауыз, ерін қимылын оқу мамандарын дайындауға арналған арнайы оқу бағдарламалары жоқ, бірақ қажетті дағдыларды дамытуға көмектесетін бірнеше бағыт бар. Мәселен, лингвистика мен фонетика. Себебі дыбыс артикуляциясының және сөйлеуді қалыптастырудың негіздерін түсіну ауыз қимылын оқуда шешуші рөл атқарады. Сонымен қатар, вербалды емес коммуникацияны зерттеу мимика мен сөйлесуге ілесетін ымишараны дұрыс интерпретациялауға көмектеседі.
Жасанды интеллект пен машиналық оқыту курстары да өзекті болуы мүмкін. Өйткені қазіргі технологиялар ауыз қимылын оқуда ЖИ-ді белсенді қолданып жатыр. Жасанды интеллект демекші, ЖИ әлеуеті күн сайын артып жатқан тұста адамның ерін арқылы оқу қабілеті өзектілігін жоғалтып алмай ма? ЖИ ауыз қимылын оқудың кейбір аспектілерін автоматтандыра алады. Технологиялық жетістіктерде сөйлеу мен визуалды сигналдарды тану жүйелері де дамып жатыр. Қазірдің өзінде ерін қозғалыстарын интерпретациялайтын алгоритмдер мен машиналық оқытуға негізделген көру функциялары бар. ЖИ бойынша зерттеулер көрсеткендей, технологиялар бейне арқылы сөздерді тануда жоғары дәлдікке қол жеткізе алады. Алайда контекст пен эмоцияларды есепке алуды қажет ететін күрделі жағдайларда бұл жүйелер әлі де шектеулі. Технологияның жетістіктеріне қарамастан, ауыз қимылын оқу мамандарының жұмысы эмпатияны, интуицияны және күрделі жағдайларда жұмыс істеу қабілетін талап етеді. Ауыз қимылын оқу мамандары ерекше жағдайлар мен қарымқатынас динамикасына бейімделе алады, бұл автоматтандырылған жүйелермен салыстырғанда адам қабілеттерінің басты артықшылығы. Сондықтан, жасанды интеллект ауыз қимылын оқу мамандарының жұмысын толық алмастырмай, оларды толықтырумен шектеледі.
Дегенмен ауыз қимылын оқу маманы болу оңай емес. Біріншіден, ауыз қимылын оқу визуалды сигналдарға тәуелді. Кейде сөздердің айтылуы визуалды түрде нашар көрінеді немесе жылдам айтылғандықтан ажырату қиын болады. Екіншіден, мамандар қарым-қатынас контексін ескеруі керек. Өйткені сөздің мағынасы сол жердегі жағдайға, атмосфераға байланысты. Эмоциялық жүктеме де осы мамандықтың маңызды аспектісі. Ауыз қимылын оқу мамандары зейінді сақтауы керек. Бұл физикалық және эмоциялық шаршау тудырады. Сөз иелерін ұзақ уақыт бақылау көзді шаршатып, бас ауыртатыны онсыз да белгілі. Сонымен қатар, ауыз қимылын оқу мамандары уақыт пен оқуды қажет ететін жаңа құралдар мен технологияларға бейімделуге мәжбүр.
Ауыз қимылын оқу өнерінің болашағы, технологияның даму қарқынымен тығыз байланысты. Қазір lip reading жаңалық шығар. Ал болашақта жаһандық оқиғалар, саясат, бәсеке, ақпарат таратудағы жылдамдыққа талас ауыз қимылы арқылы оқудың қажеттілігін арттыруы мүмкін.
Жазира БЕКБОЛАТОВА
«Ұлан» газеті, №45
05 қараша 2024 жыл
417 рет
көрсетілді0
пікір