- ҰЛАН
- 29 Қазан, 2024
Әңгіме тек медицина туралы емес...

«Ертеңгі күні ауылдың ауылынан шыққан бала сіздерді басып озуы мүмкін. Ол баланың басы сіздердікінен артық немесе кем емес. Оған көмектесетін не нәрсе? Ол – дисциплина, ол – еңбек». Бұл – Бауыржан Рақышевтың редакциямызда оқушылармен кездесуде айтқан сөзі. Болашақта ауылдан талай озат шығады деген үміт пен тілегіміз бар. Ал әзірге бұл Бауыржан Рақышевтың өзіне қатысты сипаттама. Себебі ол Қызылорда облысының Шиелі ауданынан. Талай күрделі отаны жасаған кардиохирург. 17 жылдық тәжірибесінде 5000-нан аса түрлі ота жасаған. Біз айтып отырған дәрігер кезінде ауылдағы қарапайым баланың бірі болыпты. Үлкен әпкелері оқуға түсіп кеткен соң, үйдің үлкені болып тамақ пісірген, су тасып, сиырды да сауған. Малға қарап, қорасын тазалап, отынды да шапқан. Жазда таңғы төрттен бастап, күн батқанша егістіктің тірлігін істеген. Ал мектепте үздік болған. Айтуынша, ойнауға уақыты қалмаған, дәл осы кезден бастап дисциплина қалыптасқан.
Уақыт көп деп дандайсуға болмайды
«Осы отырғандардың нешеуі «Ұлан» газетін оқиды? Медицинаға барғысы келетіндер бар ма? Оған не себеп? Несімен қызықты?»
Дәрігер әңгімесін осылай бастады.
«Мен 89-90 жылдары 1-сыныпқа бардым. Бізде мұндай мотивациялық кездесу, маманмен жүздесу деген болған емес. 5-6-сыныптан бастап саяси газеттерді көп оқи бастадым. Сол кездегі «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан», «Ұлан» газеттерін. Ал сіздер Instagram, TikTok, Whatsapp үшеуін пайдаланасыздар. Бірақ бұл үш әлеуметтік желі сіздерге ешқандай пайда бермейді. Мен оны өзім газет оқығаннан кейін айтып отырған жоқпын. Көп болса желідегі ақпараттың 5 пайызында ғана пайда бар. Себебі дұрыс ақпарат салынбайды. Әлеуметтік желіде екі мақсат бар. Екеуі де ақша табу. Әлеуметтік желіні сіздер мықты маман, жақсы азамат болсын деп ойлап таппаған. Бұл адамдарды басқарудың бір құралы. Белгілі бір мамандықтың үздігі боламын десеңіздер, Тикток пен Инстаграмды қолдануды доғарудан бастау керек. Мамандық таңдау ешқайда қашпайды.
Дисциплина – уақытты реттей алу. Күніне 5 сағат ұйқы жетеді. 7-8 сағат дегені адамдардың ойдан шығарып алғаны. Мысалы, 24 сағаттың сегіз сағатында ұйықтайсыздар. 3 сағат тамақ ішесіздер. Жолға 1 сағат. Мектепте 6 сағат боласыздар. 17 сағат. 6 сағат уақыт қалды. Өтірік болса, айтыңыздар, 6 сағаттың кемінде 3 сағаты әлеуметтік желіге кетеді. Әлеуметтік желіні доғарыңыз деп отырғаным сол. Себебі біреуге хат жазасыз, құрбыңыз хабарласады. Осылайша уақытыңызды басқа біреу жұтып, ұрлап отыр. Телефонда күнделікті бір оқиғаны өсекке айналдырғанша, сол уақытты өзіңізге пайдалы іске арнаңыз. Бәлкім маған қарсы шығарсыздар. Бұл өз қалауларыңыз. Уақыт көп деп дандайсып кетуге болмайды. Сіздер Алматыда оқып жатсыздар. Басқа өңірлерде білім алып жатқан оқушылардан мүмкіндіктеріңіз көп. Сіздердің білім деңгейлеріңіз, өмірге көзқарастарыңыз ауылдық жермен салыстырғанда жоғары. Оған ауылдың балалары ренжімесін. Себебі мен өзім солай өстім. Мен университетке келгенде қаланың мектебін бітіргендер орысша, ағылшынша, қазақша да біледі. Ақпаратты қабылдауы маған қарағанда жылдам болды. Бірақ олардың ешқайсы қызыл диплом алған жоқ. Себебі бір ғана нәрсе, еңбекқорлық керек. Ертең бір ауылдың ауылынан шыққан бала сіздерді басып озады. Ол баланың басы сіздерден артық емес. Бірақ оған еңбекқорлық көмектеседі. Сіздер желіге көп кірмеймін деп ойламаңыздар. Бәріңіз желінің түр-түрінде отырасыз. Біреу бір жерге барып видео салады, макияжын салады, басқалар қыдырғанын салады, екіншісі күннің батқанын салады. Соның бәрін көрген сайын уақытыңыз кете береді, кете береді. Сосын бойыңызда бойкүйездік қалыптасады. Бойкүйездік – жалқаулықтың бір түрі. Осыдан кейін өзін-өзі басқара алмайтын, тұрақтылығы жоқ адамға айналасыз. Өзінөзі бағындыра алмайтын адам ешнәрсені бағындыра алмайды».
«Медицина мамандықтарының ішіндегі ең қиыны, ең жоғары тұрғаны – кардиохирургия», – дейді кейіпкеріміз. Өзі хирургияға алғаш 1-курс студенті кезінде Алматыдағы Манас пен Жандосов кшесінің қиылысындағы №12 қалалық ауруханаға түнгі кезекшілікте жүріп маманданыпты. Жоғары оқу орнын бітірген соң кардиохирургия саласына бет бұрған. Бұл саламен қызыл дипломы бар, ғылыми жұмыс қорғағандар немесе хирургтер жазып берген ұсыныс хаты бар маман ғана айналыса алады екен. «Менде оның үшеуі де болды», – дейді Бауыржан.
Медицинада сондай бір қағида бар...
– Мен ЖОО-ға түскенде тобымда 13 студент болдық. Оның екеуі ұл, он бірі қыз. Сол 13-тің екеуі ғана дәрігер болып жұмыс істеп жатыр. Біреуі – мен, біреуі – Көкшетауда эндокринолог. Қалғаны аяқсыз қалдырды. Тастап кеткендердің жартысынан көбі бұл мамандықты жақсы көрмеген. Күйеуге шығып, бала босанғаннан кейін ол мамандықты жақсы көрмесең, ары қарай істегің келмейді.
Медицинаға баратын адам ақшаны ойламауы керек. Егер ақшаны ойласаңыз, дәрігер бола алмайсыз. Қалай ойласаңыздар, солай ойлаңыздар. Шындығында солай. Дәрігер болатын адам философ, кішіпейіл, адамгершілігі мықты болуы керек. Сол кезде ғана дұрыс дәрігер боласыз. Дұрыс дәрігер болу – дұрыс маман болу. Ал дұрыс маман болсаңыз, сізге халықтың өзі келеді, мейлі Қазақстанда, Ресейде, тіпті Америкада істесеңіз де. Сіздердің заманда Айға да барып дәрігер болу қажеттігі туып қалуы мүмкін. Сондықтан медицинаны жақсы көрсеңіз ғана бұл салаға барыңыз. Себебі медицина маманы халықпен жұмыс істейді. Дәрігер о дүниеге кетіп бара жатқан адамды құтқарып қалуы керек. Ол – өте қиын жұмыс. Мен дәрігер болғандықтан бұл мамандықты мақтайын деген оймен айтып отырған жоқпын. Сіздерді қорқытқым келгеннен де емес, жаным ашығандықтан айтып отырмын. Біреуді әкешешесі, әлдекімді достары үгіттеуі мүмкін. Оларға құлақ аспаңыздар. Нақты шешімді сіз қабылдауыңыз керек. Кез келген ақпаратты кез келген тілде ала аласыз. Сараптаңыз. Ота қалай жасалады, интернеттен көріңіз. Қазір интернетті ашсаңыздар, дәрігерлердің қазақ, орыс, ағылшын тілінде мамандығы туралы айтқан видеороликтері бар. Соларды көріңіздер. Тикток пен Инстаграмнан қашыңыздар. Оның орнына пайдалы нәрсені көру керек. Не үшін тамақтанамыз? Күш жинау үшін. Халық та дәрігерге ем іздеп барады. Медицинада сондай бір қағида бар: «Алдыңызға келген науқасқа көмек көрсете алмасаңыз, ол кісіге ең болмаса зияныңызды тигізбеңіз». Дәрігер екенмін деп, оңды-солды дәріні сала беруге, операция жасай беруге болмайды.
Милиардерге емес, қарапайым халыққа пайдаң тисін
– Бәлкім, қазір мақтау естіп жүрген шығарсыздар. Мақтағанды місе тұтпаңыз. Көп мақтан балаға зиян. Біреу сізге мақтау көп айтса, оны елемеуге тырысыңыз. Ол шын көңілмен мақтауы мүмкін немесе өтірік мақтауы мүмкін. Әзірге бір жетістікке жеттім деп ойламаңыздар. Жетістікке жету – белгілі бір мамандықтың маманы болу. Мейлі дәрігер бол, мейлі заңгер бол, мейлі етікші бол. Сен соның маманы болуың керек. Мысалы, Алматыда Қонаев пен Назарбаев көшесінің ортасында сауда орталығы бар. Сол жақта сағат жөндейтін киоскі бар. Үрім-бұтағымен сағат жөндеп келе жатқан кісілер жұмыс істейді. Оларға сағат жөндету үшін Алматының ана бұрышынан келетіндер бар. Себебі, ол – өз ісінің маманы. Егер мәселе ақшаға тірелетін болса, сол сағат жөндеуші көптеген бизнесменнен көп табады.
Тағы айтып өту керек, әкешеше немесе мұғалімдерді көп тыңдамау қажет. Мен оларға қарсы шығыңыздар деп отырған жоқпын. Себебі әке-шешенің достары дәрігер болуы мүмкін. Солар үгіттеуі мүмкін. Өздеріңіз не қалайсыздар, сол істе нәтиже шығару керек. Сіз бәсекеге қабілетті болып, өз қатарластарыңызды жеңіп шығуыңыз керек. Жаныңыздағы досыңызды, құрбыңызды бәсекелес ретінде санау керек. Оны жек көріп емес, жақсы мағынада, бәсекеге қабілетті адам ретінде қарауыңыз керек. Сабақ айтқанда да, жүгіргенде де, бірдеңені ойлағанда да, сөйлескенде де, тіпті сөйлегенде де қасыңыздағы кісіден асып түсу керек. Сол кезде ғана қоғамға керек адам боласыздар. Адамның жасы 40–50-ден асқанда қоғамға қаншалықты керек, сонымен ғана бағаланады, ақшасымен бағаланбайды. Қаншама ақшасы барлар қоғамға аса керек болмай қалды. Қ оғам деген кім? Ол – орта тап: мұғалім, дәрігер, қарапайым көше сыпырушы, қарауыл, базардағы сатушы. Міне, қоғам деген осы. Миллиардтап ақша тауып жатқан адам қоғамға жатпайды. Қоғам деген мемлекеттің негізін құрап отырған қарапайым халық. Сондықтан бір миллиардерге емес, қарапайым халыққа, ауылдан шыққан адамға пайдаңыз тиюі қажет.
Шетелге көшіп кетемін деген ойды миларыңыздан алып тастаңыздар. Қазақстан – дамушы мемлекет. Біраз шет мемлекетте болдым. Өз ұлтының патриоттарын көп көрдім. Патриот деген – жалау ұстап, алаңға шығу емес. Патриот – өз жұмысын дұрыс істеп, шын көңілімен сол мемлекетке пайдалы болғысы келетін адам. Әр португалдық м емлекетін, ұлтын сүйеді, өз жұмысын жақсы істеп, елін дамытуға үлес қосады. Иә, жаһанданудан қашып құтыла алмаймыз. Сондықтан мүмкіндік болса шетелге барып оқу керек. Бірақ түбінде қайтып келуді ұмытпаңыздар. Мемлекетке жаны ашыса, әр адам өз бақытын осы елден табуы керек. Себебі біздің мемлекетіміз, құдайға шүкір, қазір дамып келеді. Елде зиялы қауым, бәсекеге қабілетті топтар қалыптасуы керек. Ондай топтар болмаса, бізді басқа мемлекет жұтып қояды. Қазір өте тұрақсыз кезең. Мықты мемлекет болу үшін елдегі әрбір адам мықты болуы қажет. Осыған мән беріңіздер.
Стресс деген жоқ
Меніңше, стресс деген ойдан шығарылған. Стресс деген жоқ. Біз стресс деп жүрген нәрсе – адам бойындағы қорқыныш сезімі. Сіздің еңбек етуге, талпынуға деген қайрат-жігеріңіздің аздығы. Мысалы, соғыста бес жылын өткізіп, аяқ-қолынан, көзінен айырылған кісілер болды. Соғыстан келген соң мамандық алып, оқу оқып, балашағасын өсіріп, мемлекеттік жоғары қызметтерде істегені қаншама. Олардың алған стресі мен қазіргілердің стресін салыстырсақ, сіздердікі қауырсынның салмағындай. Стресс деген ұғымды миларыңыздан ал ып тастаңыздар. Бір ғана түсінік бар. Ол – ерікжігер. Мен дәрігер боламын, хирург боламын деп талпындым. Студент кезден кезекшілікте болдым. Ауруханаға қондым, екі-үш күн сол аурухананың тамағын іштік. Сонда қиналып жүрмін, менде стресс деп ойлаған жоқпын. Оның бәрі маған тәжірибе болды. Бүгінге жету үшін соның бәрінен өттім. Стресс деген әлсіз адамдардың ойлап тапқан сылтауы.
Неге біреу «энергетикалық сусынды ішпе» деп айтуы керек?
Неге біреу «энергетикалық сусынды ішпе» деп айтуы керек? 21 жасқа толмағандарға энергетик сатылмауы керек. Бірақ елде энергетик кез келген жерде ашық сатылып жатыр. Ешкімнің жасын да сұрамайды. Осы тұрғыда не айтасыз деп сұрадық дәрігерден.
«Мынау менің телефоным. Мұны мен 2015 жылы 17 сәуірде Чехияның Прага қаласынан сатып алдым. Екі жыл бұрын батарейкасын ауыстырдым. Функциясы басқа жаңа телефондардан кем емес. Бұл телефон неге ұзақ өмір сүріп жатыр деп ойлайсыздар? Мен смартфонмен сағаттап ойын ойнамаймын, уақытымды TikTok қарауға жұмсамаймын, әр жерге телефонымды түсіріп алмаймын, ұқыпты қараймын. Сондықтан бұл телефонның өмір сүру ұзақтығы қазір 9 жылдан асты. Маған әзірге басқа телефонның қажеті жоқ. Себебі мұнда бүкіл қызмет, функция бар. Бұл мысалды бекер айтпадым. Энергетикалық сусындардың жарнамасы жасала берсін. Бірақ сіз жарнама жасалған нәрсені іше бересіз бе? Зияны туралы қаншама ақпаратты оқып, көріп, естіп жүріп қалай іше бересіз? Не үшін мен зиянды суды ішуім керек деп ойланбайсыз ба? Тағы да мәселенің бәрі өзіңізге келіп тіреледі. Естеріңізде болсын, жақсы нәрсеге ешқашан жарнама жасалмайды. Энергетикалық сусын ішу, жаман нәрсені жеу, арақ ішу, темекі шегу, қылмысқа бару – адамның әлсіздігі, жалқаулығы. Ал сіз неге әлсіз болуыңыз керек? Сізді әке-шешеңіз өмірге әкелді, дұрыс тәрбие берді. Егер сіз зиянды екенін білсеңіз, неге мен оны ішпе деп айтуым керек? Оны ішкен адам өзіне қас адам. Балиғат жасы деген бар. Он екіден асқан ұл бала болсын, қыз бала болсын өзіне өзі ғана жауапты. Жүріс-тұрысыңа, айтқан сөзіңе, киген киіміңе, ішкен тамағыңа жауап бере алуың керек.
ЖҮРЕК ТУРАЛЫ...
– Жиі тексерілмейтін адам жүрек ауруының белгілерін қалай байқай алады?
– Жүрек – басты орган. Өйткені ол қан айдайды. Ал қан бүкіл денеге таралып, біздің денемізді оттегімен немесе басқа да қоректік заттармен қамтамасыз етеді. Ал қан бармаған дене мүшесі өледі. Жүрек ақаулары туа пайда болған болса, балада көгерулер болып, ұйқысы, дем алуы бұзылуы мүмкін. Ал үлкен кісілерге келетін болсақ, жүгіргенде ентігу, тез шаршау болуы мүмкін. Кейде көкіректің ауруы сезіледі. Бұл жиі кездесетін симптомдар.
– Жүрек-қан тамыр аурулары тұқым қуалайды. Ол ұрпақтан ұрпаққа жалғаса бере ме, әлде белгілі бір ұрпаққа келгенде тоқтай ма?
– Тұқым қуалау – ақпараттың ген арқылы берілуі. Тұқым қуалайтын жүрек аурулары, әрине, бар. Қай балаға берілетіні аурудың түріне, жиілігіне байланысты. Біреуге екі-үш атадан кейін берілуі мүмкін. Біреулерде бірден баласына беріледі. Аурудың тұқым қуалау жиілігі әртүрлі. Бір ауруда 0,5%, бір ауруда 50% болуы мүмкін. Барлық жүрек ауруы тұқым қуалайды деп ойламаңыздар. Белгілі бір түрлері ғана ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады.
– Кардиохирургиялық оталар қандай жағдайда жасалады?
– Әрине, барлық жүрек ауруына ота жасалмайды. Ота жасалып-жасалынбайтыны науқасты тексеру барысында анықталады. Науқастың шағымдары, ауру тарихы болады. Соны саралап келіп ота түрі таңдалады. Ота жасауға болатын кісі болады, ота жасауға болмайтындар да болады. –
Ақ пен қара екеуі қатарласып жүреді ғой. Осы мірде мамандығыңыз бойынша «әттеген-ай» деген сәттеріңіз болды ма?
– Жоқ, болған емес. Ақ пен қара қатарласып жүреді деген философиялық нәрсе. Қара нәрсе бар деп ойламаңыздар. Мысалы телефоным жерге түсіп кетті. Егер бұл түсіп кетсе, сынып қалса бұны сіз қара нәрсе деп ойламаңыз. Қай кезде болсын сізден қажет етілетін нәрсе – өмір сүруге құштарлық. Өзіңіз өмір сүріп отырған қоғамға пайда тигізетін саналы азамат болып қалыптасу ең бірінші мақсатыңыз болуы керек. Тұрмысқа шығу, балалы болудың жөні басқа. Ең бастысы – тұлға болып қалыптасу. Сондықтан ақ, қара деген мәселелерді ойлаудың қажеті жоқ. Керісінше, тілді қалай үйренемін, есепті қалай шығарамын дегенді ойлаңыз.
Кездесуден соң көп ұзамай поштамызға оқушылардың хаттары келді. Байқағанымыздай, көбіне Бауыржан Рақышевтың мамандық таңдаудағы жауапкершілік туралы сөзі әсер етіпті. Олардың естіп-білгенін ары қарай қорыта ойланғаны қуантты.
Репетиторға ақша құртпа...
2018 жылы «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы болған кардиохирург Бауыржан Рақышевтың әңгімесін тыңдадық. Менің байқағаным, бала кезінде мықты тұлғалардың өмірбаянын оқығандардың өзі де жетістікке жетіп жатады. Мысалы, Бауыржан аға да әртүрлі мемлекеттік қызметте жұмыс істеген жандардың өмірбаянын оқуға қызыққанын айтты. Ал біз Бауыржан Рақышевтың қалай мықты хирург болғанын өз аузынан тыңдадық. Дәрігер ағай мектеп бітірген соң заң саласына тапсырыпты. Бұл шамамен 2000 жылдары болған. Ол кезде елде 14 облыс, заң саласына бөлінген грант саны – 50. Бұл гранттың 25-і қазақ бөлімі, жартысы орыс бөлімі үшін. Сонда, әр облысқа екі-ақ грант бөлінген екен. Ағайдың айтуынша, ол заман таныстамырдың сөзі өтіп тұрған кез. Грант иегері әкімнің, облыстық соттың, прокурордың баласы болатын. Жоғары балл жинаған ағай заң саласында оқуға грант ала алмай қалады. Бірақ, бәрі осы жерден басталады. Рақышев бір жыл үйде болып, ойланып, ақылға салып, медицинаға бет бұруға шешім қабылдайды. Грант иегері болады. Ол кезде қазақтілді мұғалімдердің тапшы болғаны, тіпті қазақ тілі бөлімінде сабақ орыс тілінде өткені белгілі. Бірақ, меніңше, Бауыржан аға сияқты дәрісті орыс тілінде жазып алып, оны сөздікпен қазақшаға аударып оқуға шыдамы жететіндер жоқтың қасы шығар. Сонымен таза қазақтілді студент 3-курста орыстармен тең дәрежеде сөйлейтін деңгейге жетіпті.
Ағай медицинаға барамын деп отырғандарға көп кеңес айтты. «Медицинаны таңдайтын адам бұл саланың ақшасын ойламауы қажет. Егер сіз өз мүддеңізді, пайдаңызды ойлап баратын болсаңыз онда сіз дәрігер бола алмайсыз. Өйткені адам өмірі алтыннан да қымбат. Дәрігердің бойында философиялық ғылым мен білім болуы міндетті. Жасы ұлғайған адамдардың өкініші біреу-ақ, қоғамға сыйлы бола алмағаны. Мамандық болсын, басқа болсын, соның ішіндегі ең қиын жолын таңдаңыздар. Себебі оңай жолмен дамымайсыз» деген сөздері есімде қалды.
Ағаймен әңгіме оқу турасында өрбіген соң репетитормен дайындалу туралы көзқарасын да сұрап алдық. Ол өмірінде репетиторға барып көрмепті. Дәрігердің пайымынша, 15 күнде, 1 айда, 6 айда IELTS тестіне даярлайтын оқу орталықтарының да пайдасы шамалы болуы мүмкін. Себебі ереженің бәрін нөлден бастап жадыға бекітпесеңіз, бірнеше айдан кейін ұмытып қаласыз. Көп адамның Intermediate деңгейінен төмендеп кеттім дейтіні содан. Ал егер базалық білім болса, сіз оны өмір бойы ұмытпайсыз. База болу үшін өзіңіз отырып дайындалуыңыз керек.
Шакира НИЯЗБАЕВА,
№58 мектептің оқушысы
«Дәрігер болсаң, жұмыссыз қалмайсың»
«Ақша үшін медицинаға түспе». Белгілі кардиохирург Бауыржан Рақышевтың осы сөзі ерекше әсер етті. «Ұланның» редакциясында Бауыржан ағайымызбен кездесу кеші болып, мектеп оқушыларына «мамандық таңдау, медицинаның маңызы» сияқты өзекті тақырыптар төңірегінде әңгіме өрбіттік. – Қазір көп талапкер өз еркінсіз, ата-ананың сілтеуімен немесе тек қаражат жағын маңызды көріп медицинаға оқуға түседі. Қазақстанда, өкінішке қарай, бұл параметр бойынша ең көп таңдалатын мамандық та осы. Көп ата-ана баласының өмірін медицинамен байланыстырғысы келеді. Ал баласының қабілеті бар ма, жоқ па, медицинаға қызыға ма, қызықпай ма, ол мамандықта оқи ала ма, қолынан келе ме, ескермей жатады. «Бастысы, дәрігер болсаң, жұмыссыз қалмайсың» деп айтады. Кездесуден кейін дәл осылай мамандық таңдап отырғандар болса, оларға мынаны айтқым келеді: медицинаға грантқа түскенімен, оны оқып бітіру оңай емес.
Оқуды бітіргенімен, медицинада жұмыс істеу оңай емес. Өзің қаламаған мамандықта оқып, өзің сүймеген іс үшін өміріңді арнау – ең жаманы! Бұл мамандықтың жауапкершілігі өте жоғары. Ертең бір адамды дұрыс емдемей, сотталып кетуіңіз де бек мүмкін. Ең сорақысы – өзгенің тағдырына балта шабу. Сондықтан да, ақша үшін немесе жұмыссыз қалуым мүмкін деп медицинаны таңдауға болмайды. Мамандық таңдар кезде, өз қабілеттеріңіз бен қызығушылығыңызды ескеріп таңдаңыздар. Ал дәрігер болу – мамандықтар ішіндегі ең ұлысы, асылы деп білемін. Бұл мамандыққа махаббат керек. Халқымыз қашанда ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын ежелден қастерлеп, құрметтеген. Адам өмірі қыл үстінде тұрғанда оны құтқарар жан – дәрігер. Бұл мамандық ешқашан сұраныссыз қалған емес. Сондықтан оған түсер кезде де өз қалауыңыз бен таңдауыңызға ерік беріңіз.
Әмина ТҰРДАҚЫН
Беттерді дайындаған Жазира БЕКБОЛАТ
Суреттер Олжас ПАВЛИКТІКІ
«Ұлан» газеті, №44
29 қазан 2024 жыл

955 рет
көрсетілді0
пікір