• ҰЛАН
  • 22 Қазан, 2024

Тоғызқұмалақ ойнаған тозбайды...

Қазір республика бойынша 6 мыңға жуық үйірмеде 210 мың қазақстандық тоғызқұмалақ ойнайды. Әлемнің 50-ден астам елінде тоғызқұмалақ көзбе-көз ойналса, онлайн платформалардағы нұсқасына ойыншылар 100-ге жуық елдің IP мекенжайынан тіркелген. Тоғызқұмалақтың қанат жаюы ең алдымен өзімізге керек. Өйткені зияткерлік ойындар – ұлттың интеллектуалды деңгейін көрсетудің және ұрпақтар арасында мәдени байланысты сақтау құралы.

Бұл ойын қазақта тоғызқұмалақ болса, қырғызда – тоғызкөргөл, түрікте – мангала. Тоғызқұмалақтың ережесі, ойынның символикасы көшпелі халықтың өмір салтымен тығыз байланысты. Ал археологиялық зерттеулер ойынның 4000 жылдық тарихы бар екенін дәлелдейді. Қаратау маңында табылған тоғызқұмалақ тақтасы бірнеше қазан мен отаулардан тұрады, олар малшылардың табиғат аясында осы ойынды ойнағанын көрсетеді. Тарбағатай тауының Сайқан жоталарындағы Қоржынбай жайлауында да тасқа ойылған тоғызқұмалақ тақталары табылған. Малшылардың бұл ойынды далада шұңқыр қазып немесе тастарды пайдаланып ойнағаны туралы деректер ойынның қазақ даласында кең тарағанын айғақтайды. Бұл ойынның қарапайым құралдармен ойнауға ыңғайлы болуы оның көшпелі қоғамда ұзақ уақыт сақталуына ықпал еткен. Сондай-ақ неміс ғалымдарының зерттеулеріне сүйенсек, тоғызқұмалақ ертеде ғұндардың әскери-танымдық ойыны болған.

Көшпелі қазақтан кейін Абай, Шоқан, Мұхтарлар ойнаған тоғызқұмалақтың артықшылығы – ойлау жүйесіне тигізер ықпалында. Ендеше тоғызқұмалақтың зияткерлік қырын талдап көрейік. Логика – дұрыс ойлау заңдары мен формалары туралы ғылым болса, зияткерлік ойын сол дұрыс ойлауды тәрбиелейтін педагогикалық жүйенің бөлігі. Логиканың екі жарым мың жылдық даму тарихы бар болса, тоғызқұмалақтың төрт мың жылдық тарихы бар. Бұл тұрғыда ғалымдар мен ізденушілердің пайымдары мен пікірін назарға алдық. Мысалы, қазақ тілі білімінің негізін салушылардың бірі, белгілі түрколог Сәрсен Аманжол: «Бұл ойын қазақтың барлық ойынының ішіндегі ең қиыны, ойнаған адамның миы істеп, есепшілігі тез артып, тапқыштық жағы күшеймек», – дейді.

Зияткерлік ойындарға қойылатын талап – ойын кезінде адамды әрекетке итермелейтін логикалық алгоритмдердің атқарылуы. Логиканың алгоритмдері – ұғым, пайым және ой тұжырымдау. Ұғым іс-әрекеттің нәтижелі болу-болмауына байланысты оң және теріс болады. Тоғызқұмалақта бұл екеуі қалай көрініс табады дейсіз бе? Тақтайда құмалақ саны жұп болса, қарсыласы бұл отаудағы құмалақтарды иелене алмайды. Бұл – оң ұғым. Ал отаудағы сан тақ болып, қарсыласы құмалақтарды иелене алуы – теріс ұғым. Сол сияқты қарсыластың тұздығын иемденіп, отауын алу – оң ұғым, жеңілу – теріс ұғым. Демек, ойыншы ойын кезінде неше түрлі амалдарды қолданып, қарсылас жеңілетіндей тоғызқұмалақтың шарттарын орындауы керек. Тоғызқұмалақ ойыншыдан логиканың осы классикалық формаларын қалыптастыруға итермелеп, дұрыс ойлау негізін қалыптастырады. Жеңемін деген ойыншы келесі логика сатысы пайымды да бола білуі керек. Пайым – әрекеттің дұрыс-бұрыстығына шешім шығару. Тоғызқұмалақшы өзі немесе қарсыласы жүріс жүргенде бұның нәтижесі қандай боларына баға береді. Егер әрекетті дұрыс пайымдамаса, жеңіледі.

Тоғызқұмалақта ойлаудың ой тұжырымдау формасы шешуші рөл атқарады. Ойыншының ойын жағдайын талдауы, өзіне өзі сұрақ қойып, жауап бере алуы, болжауы, құптауы, келіспеуі – ой тұжырымы. Ойыншы ойын біткен соң да қай жерде кімнің қандай ағаттық жібергенін талдап, жеңіс пен жеңілісті сараптауы мүмкін. Демек ой тұжырымдау жалғаса береді. Осылайша тоғызқұмалақшының логикасы шыңдалып, ойлау қабілеті дамиды. Ойында ғана емес, өміріндегі әр қадамын аңдап басуды, айналадағы іс-әрекетті бағалауды әдетке айналдырады. Соған сәйкес мінез қалыптастырады. Ұлттық ойынның әрқайсы атам замандағы тұрмысқа, өмір салтына сай қалыптасты. Десе де, кез келген заман адамдары бейімделіп кететін ойындар бар. Ал тоғызқұмалақ сол қатардың көш басында. Қазір мектептерде бұл ойын қосымша сабақ, негізгі пән болып енгізілмеген. Дегенмен, көп мектепте тоғызқұмалақ үйірмесі бар. Кейде дене шынықтыру сабағында оқушылар тоғызқұмалақ ойнайтын кездер болады. Ойынның жаңа заманға бейімделуге қабілеті цифрлық платформалардан көрінеді. Алғаш рет 2009 жылы канадалық Арти Сандлер, германиялық Ральф Гериң және қазақстандық Серік Ақтаевтың бастауымен тоғызқұмалақ ойнайтын онлайн бағдарлама жасалды. Қазір интернетте зияткерлік ойындардың қатарында ойналу саны жағынан бірінші орында тоғызқұмалақ тұр. Бұл ойынның балалар, жасөспірімдер, жастар, тіпті ересектер арасында кең таралуының ықтималдығын жоғарылата бермек. Сондай-ақ көзбе-көз ойнайтын ойыншылар сайысқа дейін ойынның онлайн нұсқасында ойнап дайындығын шыңдайтынына куә болғанбыз.

Тоғызқұмалақ мәдени туризмге де елеулі үлес қоса алады. Естеріңде болса, газетіміздің 2023 жылғы №26 санында тоғызқұмалақты ерекше дизайндағы ағаш сөмкемен насихаттап жүрген Айнұр Полатованың сұқбаты жарияланған еді. Сол кезде кейіпкеріміз ойын тақтасын қай елге барса да сатып алатын шетелдік көп екенін айтқан. Тоғызқұмалақты халықаралық деңгейде насихаттау 1989 жылдан басталды. Алғашқы халықаралық жарысқа Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Моңғолия тоғызқұмалақшылары қатысқан. 1997 жылғы жарыста Түркия, Қытай, Әзербайжан, Түрікменстан, Ресейден келген тоғызқұмалақшылар қатарға қосылды. 2006 жылы ұлттық ойынымыз тұңғыш рет интеллектуалдық ойындар олимпиадасына енгізілді. 2007 жылы тоғызқұмалақтан өткен Шығыс Еуропа елдерінің зияткерлік олимпиадасына 16 спортшы қатысты. 2007 жылы Алтай республикасында тоғызқұмалақтан I Халықаралық жарыс өтіп, 60 ойыншы бақ сынады. 2009 жылы Ташкентте өткен жарысқа 36, сонымен қатар өткен Франциядағы халықаралық жарысқа 24 адам қатысты. Дәл осы жылы 9 елден 31 ойыншы қатысқан I Азия чемпионаты өтті. 2013 жылғы II Азия чемпионатына 94 спорт-шы қатысты. 2010 жылы тұңғыш әлем чемпионатына әлемнің 16 елінен спортшылар қатысты. Ал қазір спорттың бұл түрінен өтетін жарыстарда әлемнің 30-ға жуық елінен ойыншылар сайысқа түсіп жүр. 2020 жылы ЮНЕСКО тоғызқұмалақты адамзаттың мәдени мұрасы деп мойындады. Жалпы, дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы құрылғаннан бері 6 әлем чемпионаты, 6 Еуропа және 6 Азия чемпионаты өткізілген екен. Бәлкім, осыдан кейін ұлттық ойын жанкүйерінде «тоғызқұмалақ төрт жылда бір өтетін олимпиада ойындарына қосыла ала ма?» деген сұрақ болуы мүмкін. Бұл әлі де уақыт пен еңбекті талап етеді. Қазір Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясына 23 ел мүше. Ал тоғызқұмалақты олимпиада ойындарына енгізу үшін федерацияға кем дегенде 45 мемлекет мүше болуы керек.

Тоғызқұмалақ – қазақ халқының ұлттық мәдениетінің ажырамас бөлігі. Оның ережелері мен стратегиялары ойыншының зейінін, есте сақтау және шешім қабылдау дағдыларын жетілдіретіні логика философиясына сай келеді. Ал тоғызқұмалақтың халықаралық деңгейде танылуы, түрлі турнирлер мен жарыстардың өткізілуі, сондай-ақ цифрландыру мен білім беру бағдарламаларында қолданылуы ойынның танымалдығын арттырып, ұлттық мәдениетті әлемге танытуға мүмкіндік беріп жатыр. Ойынды насихаттау мен дамыту арқылы біз ұлттық мұрамызды сақтау ғана емес, сонымен қатар жастардың интеллектуалдық дамуына үлес қосып, мәдениетіміздің байлығын әлемдік аренада дәріптей аламыз.

Жазира БЕКБОЛАТ

Суреттер ашық дереккөзден алынды

«Ұлан» газеті, №43
22 қазан 2024 жыл

1336 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор