- ҰЛАН
- 22 Қазан, 2024
Республика күні мен тәуелсіздік күнінің айырмашылығы неде?
2022 жылы ел президенті қазақ тарихында елеулі орын алатын бір маңызды күнді қайтадан жаңғыртты. 25 қазан – Республика күні. Балалар, сендер мектепте тарих сабағында 1990 жылы Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданғанын оқыдыңдар. Бұл құжат қазіргі бейбіт, тәуелсіз күніміздің негізі болып отыр десек, артық айтқанымыз емес. Декларацияда ҚазКСР егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері бекітілді. Сондай-ақ алғаш рет ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Ал Президент болса мемлекет басшысы, ең жоғарғы әкімшілік-атқарушылық билік иесі ретінде тағайындалды. Алайда егемендік туралы декларация қабылданған күн мен Тәуелсіздік алған күнді шатастырмаған жөн. Себебі декларацияны қабылдағаннан кейін өз Ата заңымызды құруға қадам бастық. Сөйтіп 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Десе де қазіргі оқушылар бұл күннің маңызы туралы біле бермейтіні жасырын емес. Себебі 2009 жылы Республика күні мерекелер тізімінен алынып тасталған еді. Ендеше бұл күннің маңызын түсіндіру үшін тарих ғылымдарының докторы, доцент Еділ НОЯНҰЛЫН әңгімеге тарттым.
Тәуелсіздік пен егемендіктің айырмашылығын оқушыларға қалай түсіндірер едіңіз?
– Егемендік – тәуелсіздікке қол жеткізудің жолы. «Егемен» сөзі «гегемон» сөзінен шыққан. Мағынасы – тәуелсіздікке ұмтылу, өз тағдырыңды, ішкі және сыртқы саясатыңды өзің шешу деген сөз. Декларация – құжат, заң емес. Ал тәуелсіздік – отарлықтан босап шығу, еркіндік алу, қалаған мемлекетіңді құру.
– 2009 жылдан 2022-ге дейін Республика күнін атап өтпедік, алып тастады. Неге? Кей сарапшылар бұл ҚР-ның емес, ҚазақКСР-нің егемендігі болғандықтан алынды дейді. Бұл пікір қаншалықты дұрыс?
– Иә, бұл ҚазақКСР-нің декларациясы болды. Екі мерекені алып қарасақ, оның қайсы күштірек? Әрине, заң күштірек. Ал декларация шетте қалып кетті. Бірақ 16 желтоқсанның қандай күн екенін білесіздер. Ол кезде бұл күнді республика көлемінде керемет тойламады. Тек шағын ұйымдарда, мектептерде ғана атап өтетін. Байқасаңыздар бізде 1-желтоқсан шырша құру рәсімі басталып кететін. Тәуелсіздік күнін тек теледидардан көріп, газеттен оқитын едік. Ешқандай үлкен іс-шаралар өтпейтін. Себебі кейбіреулер халық жиналып кетсе, 1986 жылғы оқиға қайталанады, арты бүлікке ұласады деп ойлайтын. Бірнеше саяси оқиғалар болды. Сондықтан мемлекет Республика күні болсын, Тәуелсіздік күнін де тойлай алмай келді. Сөйтіп 2022 жылы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл күнді қайтадан жаңғыртты. Оның үстіне 25 қазан қоңыр күзге дәл түседі екен. Бұл кезеңде қандай мерекені тойласаң да, басқа оқиғаларға көңілің ауып кетпейді, кедергі келтірмейді. Бұл екі мереке бір-бірін толықтырып тұрады деп есептеймін.
Тарихшыдан сол кезде жұрт декларацияны қалай қабылдағаны туралы да сұрадым. Оның айтуынша, біздің ел тәуелсіздік алады дегенге сенгендер аз болған. 1989 жылғы соңғы санақта елдегі халық саны 16 миллион 800. Ал қазақтардың үлесі – 6 миллион 420 мың, 40% ғана болды. 16 миллион 800 халықтың 5 жарым миллионы ғана тәуелсіз мемлекет болуға ұмтылды дейді. Өзге ұлттар біздің тәуелсіз болуымызды қаламағаны да бар. Себебі бәрі КСРО-ға үйреніп қалған. Олар Қазақ мемлекеті деген ұғымды мүлде қабылдаған жоқ. Оған қазақтың өзі де сене қойған жоқ дейді. Декларацияның қабылдануына айрықша үлес қосқан заң ғылымының докторы, профессор Салық Зимановтың еңбегін айтпай өтпеске болмас. Ол декларация жобасын дайындау жөніндегі комиссияны басқарды. Кейін Конституциялық Заңның жобасын дайындау жөніндегі комиссияның жетекші мүшелерінің бірі болды. Профессордың еңбегі туралы тарихшы былай дейді: «Декларация 1990 жылы жоғары кеңестің 12-шақырылымында қабылданды. Осы 12-шақырылымға 57 ғылым докторы мен профессоры қатысты. Мен білетін 8 академик мүше болды. Барлық ел декларация дайындап жатты. Бізде де бастамашы топ құрылған. Олар декларацияның бір үлгісін алды да, біздің елге келетін нұсқаны жасады. Оның ішінде «КСРО жойылса да, сол бағытта боламыз. Мемлекеттік тіл орыс тілі болады» деген дүниелер жазылды. Әрине, ол кезде халықтың көзі ашық, наразылықтар көрсетті. Нәтижесінде бірқатар қазақ зиялылары жоғары кеңеске ашық хат жолдады. Содан кейін жаңа комиссия құрылды. Комиссияның басында академик Салық Зиманов тұрды. Аз уақыттың ішінде жобаны жасап шығарды. Ұмытпасам, сессияның 3 күнінде 62 рет мінбеге шыққан екен. Бір мәселе ұнамаса, оны негіздеп, түзететін. Яғни құжат ғалым адамдарымыздың қолдауынан, ұсынысынан өткен. Бұл үшін қаншама қажырлық қажет...», – дейді Еділ ағай.
– Ал декларация қабылданған кезде болашақ Қазақстаннан не күттіңіздер? Жаңа күн туғанын сездіңіздер ме?
– Сол заманның адамы ретінде айтайын, біз Республика күнін былай қойғанда, тіпті Тәуелсіздік күніне сенбедік. Жәй қағаз деп ойладық. Халықта үш ұйықтаса да «КСРО-дан бөлініп кетеміз» деген ой болған жоқ. Есімде, 1992 жылы 402-аудиторияда «бүгін Тәуелсіздік алғанымызға 1 жыл болыпты ғой. Баспасөздегілер неге тым-тырыс отырсыңдар деп сұрап жатыр» деген әңгіме болды. Содан кейін тарих факультетінде жиналыс болған екен. «Біз бұрын Москва, Россия деуші едік, енді Мәскеу, Ресей дейміз. Бірақ Тәуелсіздік жүзеге аспайтын дүние сияқты» деген сенімсіздіктер болған екен. Сол кезде академик Берекет Кәрібаев жас еді. Қолын көтеріп, «Сіздер не айтып отырсыздар? Декларацияның негізінде Тәуелсіздік туралы заң қабылдадық. Әлемнің қай елін алсақ та, Тәуелсіздік күні ең маңызды күн, мереке. Сіздер мұны сезінбей отырсыздар. Бірақ әлем елдері бізді мойындап, БҰҰ-ға да жеке мемлекет ретінде қабылдап жатыр. Ал біздің халық әлі сезінбей отыр. Бұл күн біз үшін ең қасиетті, рухты оятатын күн ғой» деген екен.
Еділ ағай қазір Республика күніне лайық мән бермейміз, назар аудармаймыз деген пікірде. Сөзінің жаны бар. Алайда бұл күн қайта жаңғырғаннан кейін үшінші рет тойланайын деп жатыр. Мүмкін болашақта тарихи күннің маңызын түсінерміз деген үміт оты бар. Тарихшы мұны жас ұрпаққа жеткізу мектептен басталып, кейін ЖОО-ларда жалғасу керек деп санайды. Ең бастысы, «Бұл декларация болмаса, тәуелсіздік туралы заң болмайтын еді. Декларация тәуелсіздікке жол ашып берді» деген түсінік арқылы түсіндіруге болады дейді. Ендеше, достар, Республика күнінің маңызын сезінейік. Өз тарихын білген, қастерлеген елдің ғана болашағы жарқын болмақ.
Ділназ ШАЙМҰРАТОВА
«Ұлан» газеті, №43
22 қазан 2024 жыл
1294 рет
көрсетілді0
пікір