- ҰЛАН
- 22 Қазан, 2024
Шерзаттарды қалай қорғаймыз?

Қазір «Талғар оқиғасы» дегенде есімізге бір-ақ нәрсе түсетін болды. Ол – 3 қазанда түнде 16 жастағы Шерзат Болаттың қарақшылар қолынан қаза болуы. Оқиғаның қалай басталғаны, қалай өрбігені, соңы немен аяқталғаны Шерзаттың әкесі Қаржаубай мырзаның айтуымен күллі қазақстандыққа мәлім болса керек. Дегенмен тергеу жұмыстары әлі де жүріп жатыр.
Оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызды. Талғарға ағылған жұрттың қарасы көп. Болған жағдайға реніш білдіріп, қара жамылған отбасыға көмек көрсетейік деп жатқан шетелдіктер де баршылық. Қазақстандықтар соттың ашық түрде өтуін талап етіп жатыр. Күдіктілер ұсталғанымен, құзырлы органдар олардың аты-жөні мен жасын әлі де жарияламады. Дегенмен бұған дейін тараған видео-фотолардан, куәгерлердің әңгімесінен байқағанымыздай, қылмысқа қатысқан топтың ішінде жастар көп. Оның ішінде екі қыз да бар. Қылмыстық оқиғаны міндетті органдар тергеп-тексерер, кінәлілер жазасын алар. 16 жасында қыршын кеткен Шерзаттың өлімі ұмытылмайтыны анық. Ал біз осы оқиғадан не көрдік, не түйдік, қандай сабақ алдық?
Әлбетте, оқиға болған аймақтың әкімдігі, құқық қорғау органдары, медицина саласы сынға алынып жатыр. Аудан басшылығындағы бірқатар қызметкер орындарынан алынды да. Мұнымен мәселе шешіле ме? Демек, біз назар аударатын жағдай – адами фактор. Оқиғаға себеп болған да – адам әрекеті, мінезі, психологиясы. Осы мәселелерді психоанализ бағытындағы практик-психолог Жанар Оспанова ханыммен талқылап көрдік.
– Бұл оқиғадан үлкен агрессияны көріп отырмыз, – дейді Жанар ханым. – Егер бала әлімжеттік көрсететін отбасынан шықса, ата-ана агрессор болса, балада агрессия қалыптасады. Кейін бала ол агрессияны сыртта, топта, мектепте, т.б. жерлерде көрсетеді. Ата-ана эмоцияға беріліп, баласын кішкене кезінен ұрып-соғып өсірсе, онда жауыздық қайдан шықты деп таңғалуға болмайды. Психоанализде агрессормен идентификация деген психиканы қорғау механизмі бар, яғни, үйінде әлімжеттік, қорлық, ұрыс-керіс көрген бала осы әрекеттерді сыртта жасайды. Егер ол махаббат, сүйіспеншілік, мейірімділік не екенін білмесе, онда қалай біреуге жаны ашиды?
Әу баста бәріміздің назарымызды аударғаны – қылмысқа қатысқан бір емес, бірнеше адамның болуы. Демде бірнеше көліктің сап ете қалуы – мұндай топтың әлдеқашан бар екенін білдірсе керек. Ал көпшілік орта болса да неге қылмысқа жол бергенін, жалпы бұлай топтасып жүрудің себебі не екенін Жанар ханымнан сұрап көрдік.
– Тобыр немесе топ болып жүру – қандай да бір айқын мақсаты жоқ, эмоциялық құрылымдары бір адамдар. Оған енген кез келген тұлға өзінің тұлғалық қасиеттерін жойып алады. Мысалы, жасөспірім көңілі түсіп қандай да бір келеңсіз жағдайларда жалғыз қалды делік, ол осы тобырды кездестірсе, тез арада сол тобырға сіңіп жоғалып кетеді. Ал ондай жастар, жасөспірім көп. Олардың психикасы әлі толық қалыптаспаған. Не нәрсе болса да отбасынан басталатынын бәріміз білеміз. Отбасында бала дүниеге келгеннен бастап оған деген дұрыс қарым-қатынас болса, баласын ата-ана тыңдай алса, дұрыс сөйлесіп тәртіпке шақырса, онда баланың тәрбиесі дұрыс болады деген сөз. Өсе келе оның араласатын ортасы мен достарының да қандай екені тәртібі үшін аса маңызды. Ешкімнің сөзіне құлақ аспайтын бала қайдан шығады? Баланы түсінбейтін, шапалағын ала жүгіретін ортадан шығады. Бала тәрбиесі – өте күрделі жұмыс. Әлбетте, Талғардағы жағдай өте өкінішті, бәрімізді мұңайтып кетті. Қалай болса да қылмыскер жазасын алу керек. Әдетте біздің қоғамда жасөспірімдер немесе жастар қылмыс жасаса, оны қандай жолмен болса да ақтап алуға тырысады. Тамыртаныс іздейді немесе пара береді деген секілді қадамдар жасайды. Қылмыс істеді ме, мойнымен көтеруі керек. Балаға ата-ана жауапты. Балаға беталды дауыс көтермеу керек, ұрып-соқпау керек. Таяқ жеп өскен баланың тәрбиесі жақсы болмайды. Жақсы болған күнде де есейе келе бір жерде агрессиясын шығарады, – дейді Жанар ханым.
Енді мына бір жағдайға назар аударайықшы. Болған оқиғадан кейінгі жарияланып жатқан мақалаларға, видео-сұқбаттарға қалдырған пікірлерге үңіліп көріңізші. «Шерзаттың отбасына үй салып беремін», «үйіне қажетті заттарды алып беремін», «ақша жинайық» деп жатқандар көп-ақ. Әдеттегідей жағдай. Даламызды өрт жайлайды – ел болып көмектесеміз, жерімізді су басады – жұрт болып көмектесеміз. Шерзаттан айырылып едік – басымыз біріге қалды. Біз сонда қандай қоғамбыз? Үнемі басымызға түскен нәубеттің салдарымен күресеміз. Алдын ала себебімен күрессек болмас па? Отбасы боп, одан соң қоғам боп бір-бірімізге қарайлай аламыз ба? Үйімізде ұл-қызымызға мейірім төгіп, олармен шынайы сырласа аламыз ба? Аулада ойнап жүріп аузына келгенді көкіп, былапыт сөз айтатын титімдей балаларға тәйт дей алып жүрміз бе? Мектепте сабақтан қалыс қалатын, өзгеден оқшау жүретін балаларға қаншалықты назар аударамыз? Шерзаттың өлімі секілді оқиғалар бәрімізге осындай жауапкершілік жүктейді. Бәріміздің үйімізде Шерзат секілді бала бар делік. Ал біз оларды қалай қорғаймыз?
Сурет ашық дереккөзден алынды
«Ұлан» газеті, №43
22 қазан 2024 жыл

1623 рет
көрсетілді0
пікір