- ҰЛАН
- 08 Қазан, 2024
Еңбек – ерігетін сабақ емес...

Жасанды интеллект, компьютерлік ғылымдар дамыған сайын адам еңбегі едәуір өзгеріп жатыр. Бара-бара кейбір мамандықтар жоғалып, адам істейтін жұмыстар роботтың қолына өткен. Бұл біз үшін қолайлы болғанымен болашақты да ұмытпау керек. Қазіргінің балалары бұған әбден үйреніп алса ертең не болмақ? Жұмысты, үй тірлігін өз қолыңмен істеу дегенді мүлде ұмытатын шығармыз. Сондықтан балаларға мектеп кезден еңбектің маңызын түсіндіру маңызды. Түсіндіріп қана қоймай, іспен де дәлелдеуіміз керек. Қазір мектеп бағдарламасында «Көркем еңбек» деген сабақ бар. Бұл біз оқыған «Технология» сабағының баламасы. Бастауыш сыныптарда «Еңбекке баулу» деп аталады. Бірақ мені алаңдататыны – пән атына заты сай ма? Алдымен өзге елдердің сабақ барысын зерттеп көрдім.
Жапониядағы «Көркем еңбек»
Жапон оқушылары үй шаруасын тек үйде емес, мектепте де істейді екен. Киім үтіктеу, оны күтіп ұстау, қоқысты сұрыптау, қалтадағы қара-жатты дұрыс бөлу – 10 жасар бала үшін мүлде қиын емес. Тіпті тамақ пісіру мен фартук тіге алуды да мектептен үйренеді. Оны біздің балалар да істей алады ғой десеңіз, бұл бер жағы ғана. Жақында әлеуметтік желілерде 10-11 жас шамасындағы балалардың көлік шығаратын зауытта жүрген видеосын көрдім. Жәй жүрген жоқ, көлік бөлшектерін жеке-жеке қарап, әрқайсын орнына қойып жатыр. Бір қарағанда балаларға мұның не керегі бар деп ойлайсың. Бірақ білімнің негізі мектеп екенін ескерсек, бұл қабілеттері арқылы «көлігімді қалай, қайда жөндетемін?» деген сұрақ туындамайды. Сонымен қатар, жапон оқушылары түскі ас ішуге өздері дайындалады екен. Тамақ ішетін үстелге кезектесіп дастарқан жайып, тамақтарды қойып шығады. Мектеп осы үшін арнайы алжапқыш береді. Бұларды салуға арналған сөмкелері және бар. Кезекшіліктен кейін асханада киген киімдерін үйге әкеліп, тазалайды. Оларды үтіктеп, келесі оқушыға табыстайды. Бір күнде біреуі асханада жүрсе, екіншісі сынып тазалығымен айналысады екен. Ата-аналардың ойынша, бұл баланың өз бетінше өмір сүруіне үлкен көмегін тигізеді.
АҚШ қандай жағдай жасап отыр?
Ағылшындарда да бұл сабақ міндетті болып есептеледі. Бірақ еңбек пәнінен бөлек, әртүрлі үйірмелер бар. Мысалы, оқушылар ас дайындап үйренуді, ағаштан құрал жасауды сабақтан тыс бос уақыты болған кезде оқып-біле алады. Әрине, баланы ешкім қинамайды. Бәрі өз қалауымен болады. Ғаламтордағы суреттерді қарап отырып, оларға барлық жағдай жасалғанын байқадым. «Асүй» сыныптары техникамен толық жабдықталған. Біздің мектептердегідей тек бір ғана плита емес, бірнешеуі тұр. Тіпті кей үйлерде жоқ ыдыс жуатын машина мен 2-3 тоңазытқыш бар. Қысқасы, заттарыңды әкел де, керек тамағыңды пісіре бер. Осы үшін кейде қайтадан оқушы болғың келеді екен...
Қытайлар неге еңбекқор?
Қытай халқы шапшаң, еңбек-қор екені бәрімізге мәлім. Тауар нарығында да олармен тығыз байланысып отырғанымыз өтірік емес. Жоғарыда атап өткенімдей, ағашты қалай отырғызса, солай өседі. Бізге де осыны негізге алу керек деп ойлаймын. Себебі бұл елде баладан кәріге дейін тыным таппай, еңбек етеді. Қытайда дәл осы пән «Еңбек тәрбиесі» деп аталады екен. Оның өзі 3 деңгей бойынша оқытылады: күнделікті, өндірістік, қызметтік еңбек. Бұл Қытай білім министрлігінің 2022 жылғы шешімі. Әр қаланың әр мектебі жеке жоспар құрады екен. Мысалы, Чунцин қаласындағы Синху мектебі білім ордасының шатырында 6000 шаршы метр жерге күнбағыс еккен. Барлық жұмысты оқушылар істеген екен. Ал Гуйган қаласындағы Цинтан ауданында әр сыныптың жеке жері бар. Еңбек тәрбиесінен сабақ беретін мұғалімдер, биолог-агроном мамандар оқушыларға көмектеседі. Бұл интернеттен оқыған ақпа-ратым. Видеолар да аз емес. Оны көріп, тіпті таңғалдым. Мектеп оқушылары деп жазып келемін. Алайда бұл елде балабақшадағы балалардың өзін жұмысқа салып қояды екен. Мысалы, жастарына, күштеріне сай құралдарды беріп, кәдімгі балшық пен жасанды цементтен үй құрастырып жатыр. Ал қалғаны от жағып, тамақ пісіреді. Ұл, қыз деп те бөлінбейді, жұмыс – ортақ. Келесі видеода ұлдар кіш-кентай ойыншық тігін машинасын қолданып, көрпе-жастығын өздері тігеді. Қыздар киім үтіктеуді үйренеді. Бұл арқылы балаларға еңбекті «төмен», «кіші», «қымбат», «арзан» деп бөлуге болмайтынын түсіндіреді. Ғажап емес пе?
Біз «Еңбекте» еңбектенеміз бе?
Ал біздің елде әдетте «Көркем еңбек» сабағында ұлдар мен қыздар бөлек оқиды. Бұл совет кезі-нен қалған дәстүр. Әке-шешеміздің әңгімесін естісек, оларда да осындай жүйе болған. Ұлдар ағашты пайдаланып, әртүрлі заттар жасайды. Кейде мектеп ауласын таза-лайды. Ал қыздар болса тамақ пісіріп, тоқыма тоқиды, кесте тігіп үйренеді. Тігін машинасын қолданып жататын кездер де болады. Алайда қазіргі еңбек сабағы мен бұрынғыны салыстыру қиын сияқты. Сол кездегі адамдар-дың санасында «еңбек – бәрін жеңбек» деген ұран болған. Балаларға дұрыс, қатал тәрбие беруді көздеген. Оның нәтижесін қазіргі ересектердің бойынан көре аламыз. Бірақ біз тәуелсіз елдің ұрпағы болған соң, көп нәрсе өзгерді. Сондықтан еңбек сабағында қыздар мен ұлдарды бөліп оқыту дұрыс па деген сауал туындайды. Гендерлік теңдік деп те айтамыз. Бірақ қарап тұрсақ, осы пәннің аясында өтетін тақырыптарды әрбір адам меңгере алуы керек. Ал бұл туралы оқушылар не ойлайды екен? Өздерінен сұрап көрдім.
Мансұр Сағидолла, Павлодар қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған гимназияның 9-сынып оқушысы:
– Мен қазір 9-сынып оқимын. Бұдан бұрын сазбалшықтан құмыра жасадық, қазір ағаштан құстарға ұя жасаймыз. Ауа райы жылы кезде мектеп ауласын тазалаймыз. Негізі бұл сабақ қызықты өтеді. Себебі, шаршағанымыз басылып, бір демалып қаламыз. Менің ойымша, еңбек пәні қалада өскен балалар үшін маңызды. Ауыл немесе жер үйде тұратын балалар істейтін жұмыстарды қалалықтар осы сабақта үйренеді. Қолдарына балға ұстап, шеге қағып көреді. Мен 5-сыныпқа дейін ауылда өстім. Сол үшін бұл дүниелер маған таңсық емес. Алайда «Көркем еңбекті» әлі де қызықты етіп өткізуге болады деп ойлаймын. Үйшік жасаудан бөлек, біз қыздарға не сыныпқа керек заттарды істеп көрсек дейміз. Әдетте қыздар тамақ істейді. Біз де олармен бірге отырып, тамақтансақ, істеген заттарымызды оларға көрсетсек деймін. Негізі ұлдың жұмысын ұлдар, қыздың жұмысын қыздар істегені дұрыс. Бірақ өмірде әртүрлі жағдай болады ғой. Сондықтан арасында, мысалы, 2 апта сайын орын ауыссақ, бәрімізге пайдалы болады деп ойлаймын.
Мансұрдың әңгімесін тыңдап, мектеп кезім есіме түсті. Күні бойы шаршаған ұлдар біздің тамақ істегенімізге қарап, қызығатын. Бірақ кейде бос отырып, кітапты дәптерге көшіретін кездер де болған. Бізге мұның қазір пайдасы тиді ме деген сұрақ туындайды... Енді бұл сабаққа қыз баланың көзімен қарап көрейік.
Айзере Жәнібекқызы, Қаскелең қаласындағы Абай атындағы мектеп-гимназияның 6-сынып оқушысы:
– Біз ұлдар, қыздар болып екі топқа бөлінеміз. «Көркем еңбек» сабағы аптасына 2 рет болады. Мұғалім не істейтінімізді бөліп береді. Мысалы, 1-тоқсанда сурет саламыз, 2-тоқсанда кесте тіксек, 3-тоқсанда тоқыма тоқимыз. Ал 4-тоқсанда тамақ пісіреміз. Маған ең қатты ұнайтыны – тамақ пісіру. Бұл үшін барлық жағдай жасалған. Кесте тігу, тоқыма тоқу қиындау. Себебі бір сыныпта 15 қыз болса, мұғалім жалғыз. Әр балаға жеке-жеке түсіндіріп отырғанда сабағымыз аяқталып кетеді. Қазір сурет салып жатырмыз. Болашақта суретші болғысы келетіндерге үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Егерде мен суретші болсам, басқа мемлекетке көшетін едім. Себебі Қазақстанда бұл пән, сала аса қатты бағаланбайтын сияқты. 5-сыныпта фетр матадан сүлгі жасадық. Киім немесе сөмке сияқ-ты заттарымыз жыртылып қалған кезде тігіп, жамап алуды үйрендік. Бірақ ұнамайтын тұстары да бар. Мысалы, тоқыма тоқуды алайық. Бірдеңе тоқу үшін бірнеше зат алу керек. Ал оларды ата-анамыз берген ақшаға сатып алуға мәжбүрміз. Мата, ине-жіп, бисер, сурет салуға арналған құрал-жабдықтарды тегін берсе, жақсы болар еді. Екіншіден, тігін машиналары өте аз, төрт-бесеу ғана. Бәрімізге жетпейді. Тамақ пісіретін плиталар, құралдарды жаңарту қажет деп ойлаймын. Үшіншіден, бастауышта оқитын балаларда да бұл сабақ бар. Меніңше, 1-сыныпқа енді аяқ басқан балаға мұның керегі жоқ. Себебі біз картон қағаздарды қағазға жабыстырып отыратын-быз. Сурет салатынбыз, пластилиннен фигуралар жасайтынбыз. Кейде тіпті математика, қазақ тілінің тапсырмаларын орындайтын едік. Ал оның орнына үйге ертерек барып, демалғанымыз жақсы болушы еді деген ойлар да болды. Маған ұлдардың істейтін жұмысы қызық. Өткен жылы біздің сыныптың ұлдары сабақта тамақ пісіріп көрді. Бургер, бутерброд сияқты тез дайындалатын тағамдарды жасады. Сол үшін кейде араласып оқысақ дұрыс болатын сияқты.
Балалардың сөзінде жан бар. Пәннің атауы «Еңбек» болғандық-тан, сөздің астарына үңілейік. Ауыр жұмыстан бөлек, кішкентай ғана үй шаруасын істей алмайтындар бар. Бұл ата-анадан бөлек тұрғанда білінеді. Сол үшін өздерің де үйреніп, іні-қарындастарыңды да осын-дай істерге баулыңдар. Еңбектің мәнін тек тәжірибе, жұмыс істеу арқы-лы түсіне аламыз. Сондықтан әр жұмысты бағалап, жас кезімізден еңбектеніп үйренейік!
Ділназ ШАЙМҰРАТОВА
Суреттер ашық дереккөзден алынды
«Ұлан» газеті, №41
8 қазан 2024 жыл

2979 рет
көрсетілді0
пікір