- Сенің замандасың
- 08 Қазан, 2024
«Тахмарс» – Хорлан-Томиристің садағы
Садақ – қазақтың ер жігітінің бес қаруының бірі. Садақ арқылы аң-құс атып, несібесін табу, ырыздығын молайту немесе жауынан қорғанып, дұшпанына тойтарыс беру – біздің халықтың әлімсақ-тан қанына сіңген қасиет. Ал бүгінде нысана көздеп, садақ ату – қазіргі заманғы спорт түрлерінің бірі. Сөйте тұра үшбу спорт саласында қазақ жастарының үлесі мардымсыз. Соның өзінде садақ ату бойынша да дарынды ұл-қыздарымыз баршылық екен. Әлқисса, бүгінгі кейіпкеріміз – Хорлан Мақсот. Ол Оралдағы академик Асан Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназияның 4-сынып оқушысы. Сабақ үлгерімі үздік, тәртібі үлгілі. Басқа пәндерге қарағанда, математиканы айрықша жақсы көреді. Ол биыл шілде айында Өскемен қаласында өткен дәстүрлі садақ атудан жарысқа қатысты. Бұл жарыс анау-мынау емес, жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионаты еді. Міне, осы байрақты бәсекеде кейіпкеріміз үшінші орын алып, қола медальға қол жеткізді. Бір қызығы, Хорланның садақ спортымен шұғылдана бастағанына ол кезде екі айдан енді асқан еді.
Хорланның ата-анасы – өнер адамдары. Әкесі Ернар Өмірәлиев – Жайық жұртына ғана емес, байтақ елге танымал дәстүрлі әнші. Ал анасы Гүлсім-ай Мақсоткеліні – жоғары білімді кәсіби хореограф. – Хорлан бес жасынан бастап көркем гимнастикамен айналысады. Оған қоса өзім жүргізетін «Қазақтың халық билері» үйірмесіне қатысады. Хорлан күні бүгінге дейін Алматы, Астана, Түркістан, Самара, Ақтау қалаларында өткен біраз жарысқа қатысып үлгерді. Жарыстардан бірде жеңімпаз, бірде жүлдегер болып оралып жүр. Қазірдің өзінде бірінші дәрежелі (разрядты) гимнасшы. Қызымыз таяудағы жарыстардың бірінде спорт шеберлігіне үміткерліктің талабын орындайды деген үміттеміз.
– Негізі, қызым садақ ату үйірмесіне кездейсоқ тап болды. Биылғы көктемде қала төңірегіндегі саяжайларды су басқаны мәлім. Баспаналарына су кірген біраз тұрғын уақытша гимнастика залын паналайтын болды. Гимнасшылар бірер айға көрші залға көшті. Ал әлгі залда садақшылар жаттығады екен. Содан қызым би мен гимнастикаға қоса, садақ спортымен шұғылдана бастады. Арада бір ай өткенде бапкері Райымбек Кариполлиев облыстық біріншілікке қатыс-тырды. Ол жарыстан қызымыз үшінші орын алды. Араға және бір ай салып Хорлан Өскеменде өткен жеткіншектер арасындағы Қазақстан чемпионатынан қола медальмен оралды, – дейді балауса сұрмергеннің анасы.
Айтпақшы, Хорланның анасының айтуынша, садақшылар әркім өзінің садағын ерекше қастерлеп, өз қаруына ат қояды-мыс. Мәселен, Хорланның садағының «есімі» – Тахмарс. Өскемендегі біріншілікке анасы би үйірмесіне лайықтап тіккен жауынгерлік үлгідегі ұлттық киім-кешекпен барған Хорланды көп адам «Жаужүрек мың бала» фильміндегі Хорланға ұқсатқан. Кинофильмдегі Хорлан жаугершілік заманда бұрымын төбесіне түйіп, ер жігіттермен бірге атқа қонып, жоңғарларға қарсы шаппай ма?! Міне, дүйім жұрт біздің Хорланды тура сол Хорланға ұқсатып, сүйсінген деседі! Ал садақ пен жамбы атудан еліміздің бірнеше дүркін чемпионы Жұмақазы Мұхамбетжанов Ақ Жайықтың бүлдіршін Хорланын Томириске теңеп, «Томирис» деп еркелетеді екен. Сондай-ақ бапкері Райымбек Хорлан шәкіртінің әп дегеннен спортқа бек қабілеттілігімен, айтқанды бірден қағып алатын зеректігімен, мергенге бірден-бір керек қасиет – көру қабілетінің өткірлігімен және жалпы епті қимыл-қозға-лысымен ерекшеленгенін тілге тиек етті. Өкінішке қарай, қазіргі балалардың дені күні бойы ұялы телефонға телміруге әуес. Ал үлгілі тәртіп, үздік үлгеріміне қоса, бір өзі үш бірдей үйірмеге қатысып әрі үй шаруасына да көмектесіп үлгеретін Хорлан өз қатарына үлгі қылуға, әрине, әбден лайық. Жарайсың, Хорлан, жасай бер, жарқырай бер!
Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН
Орал қаласы
«Ұлан» газеті, №41
8 қазан 2024 жыл
3163 рет
көрсетілді0
пікір