- ҰЛАН
- 08 Қазан, 2024
Біздің құрама үш дүркін әлем чемпионы атанды

Қазақстандық оқушылар тағы да робототехникадан жүлдемен оралды. Олар Грецияда өткен ең ірі FIRST Global Challenge чемпионатында үш дүркін әлем чемпионы атанды. Бас жүлдені еншілеген жерлестеріміз 190 елдің ішінен оза шауып, рекордтық нәтижеге қол жеткізді. Осылайша Қазақстан құрамасы үшінші жыл қатарынан өзінің чемпиондық титулын дәлелдеп келеді. Бұған дейін ұлттық құрама 2022 жылы Женевада, өткен жылы Сингапурде жеңіске жеткен болатын. Команда Оқу-ағарту министрлігінің, «Дарын» РҒПО-ның, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен робототехникадан іріктеу кезеңдерінде құрылды.
FIRST Global Challenge чемпионатына Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Ердәулет Түргенбаев, Әлфия Байжақып, Нұржан Көкеев, Досжан Дайран мен Қадылбек Дастан қатысты. Бұл олардың дебюттік жеңісі еді. Қазақстан құрамасының мүшесі Досжан Дайран робот жасаған-ды жақсы көреді. Бірнеше байқауларға қатысып, тәжірибе жинақтаған. Оның командасы 200-ге жуық жас инженердің ішінде чемпионатқа іріктеу кезеңінде өзгелерден оза шапты. Жолдама ұтып алғаннан кейін оқушылар бірден роботтың жұмысын жетілдіруге кірісіп кетті. Досжанның айтуынша, зертханада күніне 7-8 сағат робот жасайды екен. Бірнеше робот болған. Алғашқы роботтары екі допты, кейінгісі үш допты ұстай алатын. Ал чемпионатқа деп дайындаған жаңа роботтары бірден төрт допты ұстай алады.
Команда мүшелерінің әрқайсының міндеті әртүрлі. Біреуі драйвер (роботты басқарушы) болса, екіншісі бағдарлама жасаушы, үшіншісі SММ дизайнер. Биылғы FIRST Global Challenge чемпионатының тақырыбы – экожүйе. Қатысушылар өзара тапсырма орындап, бақ сынады. Қандай тапсырма дейсіз ғой? Олар түрлі доптармен жұмыс істей алатын роботтарды жасап шығуы қажет. Чемпионатта жалпы саны 24 доп болды. Көк – суды, жасыл – энергияны, қызғылтсары – азық-түліктің түсін білдірді. Робот соны шатастырмай жәшіктерге салуға тиіс. Бір түске екі доп түсіп кетпеуі керек. Команда жаттықтырушылары – Нұрдәулет Досмағамбет пен Дулат Байтүленов.
Үздіктердің ішінен таңдап алынған Қазақстан құрамасының қоржынында осыған дейін де түрлі жүлде болды. Мәселен, Grand Challenge Award номинациясында алтын, А.Эйнштейн атындағы FIRST Global International Excellence, Robots Skills Challenge номинацияларында екі күміс медаль еншіледі. Сондай-ақ, USTEM Foundation робототехниканы дамыту қоры отандық жас инженерлерге көрсеткен қолдауы үшін Әл-Хорезми атындағы Outstanding Supporter номинациясында күміс медальмен марапатталды. Қордың негізін қалаушы әрі балалардың жаттықтырушысы Асылбек Мұрзахметовтің айтуынша, өздері дайындаған команда жарыста топ жарып, еліміздің жүлде қоржынын алтын медальмен толықтырды. Әрі рекордтық көрсеткішке ие болды. Әлемнің бірде-бір елі екі дүркін чемпион атанбаса, қазақстандық оқушылар үшінші жыл қатарынан жеңіс тұғырынан көрінді. Айта кету керек, команда құрамы осы жылдарда қайталанған емес. Еліміздің намысын қорғауға әр жарысқа үнемі жаңа ойыншы аттанып отырады. Биыл да дәстүр өзгерген жоқ. Олар сайыстың ұлттық кезеңінде іріктелінді.
FIRST Global Challenge – бұл олимпиада үлгісіндегі робототехникадан жыл сайын әртүрлі елде өткізілетін бүкіләлемдік чемпионат. Додада команда мүшелері роботты құрып, оны бағдарламалайды. Олар роботтарды тек құрып қана қоймай, әлемді құтқаратын 14 ауқымды инженерлік тапсырмаларды орындайды. Бұл жарысқа жастардың қызығушылығы ерекше. Себебі олардың үні маңызды. Сондықтан да жаһандық қоғамға ортақ мәселелерді келесі ұрпақ робототехниканың көмегімен ұтымды шеше алады.
Олжас ПАВЛИК
«Ұлан» газеті, №41
8 қазан 2024 жыл

3036 рет
көрсетілді0
пікір