• ҰЛАН
  • 08 Қазан, 2024

Өмірдің жарқын жағын еске салу керек...

Өткен аптада прокуратура суицидке итермелеуі мүмкін 15 мың сайт пен сілтемені бұғаттады. Алматы прокурорлары арна әкімшілігінен суицидке қатысты тапсырмалар берілген Telegram арнаны бұғаттады. Мұндай жұмыстардың атқарылуына, әрі көзге түсуіне қоғамда резонанс тудырған суицид жағдайлардың жиілеуі себеп болып отыр. Суицидке ықпал ететін бір емес, бірнеше себеп бар шығар. Бұл туралы балалар психологы Айгүл Наурызбаевадан сұрап көрдік.

– Балаларды суицидке итермелей-тін қызығушылық па, білместік пе? Әлде олар өмірді тым күрделі қабылдай ма?

– Балаларды суицидке итермелейтін себеп өте күрделі және аз емес. Жеке тоқталсақ, эмоционалдық күйзеліс, депрессия, басқа да психикалық бұзылулар балалардың эмоциялық күйін нашарлатады. Отбасындағы қарым-қатынас, тұрмыстағы зорлық-зомбылық, ата-ананың ажырасуы да баланы бей-жай қалдырмайды. Бала уақытының тең жартысы мектепте өтетінін ескерсек, мектептегі буллиң, достарымен қарым-қатынастағы мәселелер, қоғамның одан не күтетіні жасөскіннің өзін-өзі бағалауына теріс әсер етеді. Қазір бала психикасының саулығына теріс әсер ететін негатив контент, жалған ақпарат та көп. Иә, кейде балалар өмірді тым күрделі немесе шытырман деп қабылдайды. Бұл олардың қиындықтарды шешуге деген қабілетін шектейді. Балалар мен жасөспірімдер үшін эмоциясын, қорқынышы мен қиындығын жақынына айта алу өте маңызды. Олар қолдауды сезініп, психологиялық көмек алуы керек.

– Балада суицид жасау туралы ойлар қанша жастан пайда болады?

– Зерттеулер көрсеткендей, суицидтік ойлар мен әрекеттер көбіне жасөспірім шақта (12–18 жас) жиі кездеседі. Бұл кезеңде жасөскін эмоциялық және физикалық өзгерістерге ұшырайды. Әлеуметтік қысым, отбасылық мәселелер мен пси-хикалық бұзылыстарға жиі тап болады. Сонымен қатар, одан ерте жаста да (7–11 жас) суицид жасау туралы ойлар болуы мүмкін. Бірақ олар әдетте түсініксіз және нақты себептерге байланысты емес. Зерттеулерге сүйенсек, қыздарда суицидтік ойлар мен әрекеттер ер балаларға қарағанда жиі кездеседі. Суицидтік ойлар мен әрекеттер-дің алдын алу үшін баланың жас ерекшелігін ескере отырып, арнайы стратегиялар мен көмек көрсету маңызды.

– Суицид туралы ақпараттар адамның өзіне қол салуы туралы жиі ойландырады деген рас па?

– Бұл құбылыс «мысал эффектісі» немесе «контекстуа-лизация» деп аталады. Оған сәйкес, суицид туралы ақпараттың көп және ашық жазылуы кейде адамның суицидтік ойға немесе әрекетке қызығушылығын оятады. Суицид туралы ақпарат таралғанда, әсіресе, белгілі бір тұлғаның немесе жағдайдың мысалы кейбіреулердің миына жаңа сигнал ретінде жетеді.  Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі-лерде суицид туралы ақпаратты ұсынғанда абай болу керек. Медицина мамандары мен психологтар суицид тақырыбын жаза отырып, оған жауапкершілікпен қарауды, сондай-ақ адамдарға психологиялық қолдау көрсету маңызына ерекше тоқталады. Суицидке жол бермеу үшін ақпарат беру кезінде кәсіби этика назардан тыс қалмаса екен.

– Балалардың мінез-құлқындағы өзгерістерді қандай әрекеттен тануға болады?

– Балалардың мінез-құлқын-дағы өзгерістерді тану үшін бір емес, бірнеше белгіге назар аударамыз. Көңіл-күйінің жиі өзгеруі, ашушаңдық, үнемі қапалану сияқты эмоциялық өзгерістер болады. Достарынан, отбасынан оқшаулануы, бұрын-ғы қызығушылықтарынан бас тартып, әлеуметтік байла-ныстарды үзуі де белгі. Оқу үлгерімінің төмендеуі, мектепке барудан бас тарту, сабаққа ынтаның жоқтығына да назар аудару керек. Тұрақты шаршау, тәбеттің өзгеруі, ұйқы режимінің бұзылуы (көп немесе аз ұйық-тау) сияқты физикалық белгілер болады. Суицид немесе өз-өзіне зиян келтіру туралы айтса, өмірдің мәні туралы сұрақтар қойса мән бермеуге болмайды. Осы өзгерістің қай-қайсысы байқалса, балаға көмек көрсету, оны қолдау және маманға жүгіну маңызды. 

– Әлгіндей әрекеттерді байқағаннан кейін баланың жақыны ретінде не істей аламыз?

– Олардың сезімдері мен ойларын сынамау керек.  Жасөспірімдерге өз ойын, сезімін айтуға мүмкіндік берейік. Суицид және психика-лық денсаулық туралы ашық сөйлесудің зияны жоқ. Әңгіме барысында өмірдің жарқын жағы көп екенін, оған әркімнің қол жеткізуге мүмкіндігі бар екенін түсіндірген, еске салған абзал. Бұл қатарға медитация, тыныс алу жаттығулары сияқты баланың психологиялық ресурстарын дамытуды қосуға болады. 

– Кейде бала болсын, жасөспірім болсын жақындарына қарағанда достарының, мұғалімнің айтқанын бірінші орынға қояды...

– Мектептегі орта, атмосфера және мұғалімдер жасөспірімдер-дің психикалық денсаулығына ықпал етеді. Мұғалімдердің қолдауы, түсінігі мен әділдігі балаларға сенімділік береді. Олар өзін сенімді сезінсе, психикалық денсаулығы да жақсарады. Бала мен мұғалім арасында диалог болуы, бір-біріне деген құрмет оқушының өз пікірін білдіруге, сұрақ қоюға қысылмауына мүмкіндік береді. Оқушының әлеуметтік ортасы, мектептегі достары, әлеуметтік желідегі достарымен сөйлесіп-сөйлеспеуі де эмоциялық жағдайға әсер етеді. Ал мектептегі қатал талаптар, бәсекелестік және қысым кей балаларды күйзеліске ұшыратады.

– Қазір ата-аналар бала-ларға интернет ойындарының әсері басым дейді. Мұндай тұжырымның нақты дәлелі бар ма?

– Интернет ойындарының балаларға әсері олардың мазмұнына, уақыт мөлшеріне және ойын ойнау тәсілдеріне байланысты. Ойынға тәуелділік, ұзақ уақыт ойнау эмоциялық күйзеліс пен депрессияға әкеліп жатады. Уақытының басым бөлігін интернет ойындарына жұмсау балалардың достарымен, отбасымен қарым-қатынасын шектеп, әлеуметтік оқшаулануға себеп болады. Зерттеулер көр-сеткендей, зорлық-зомбылықты насихаттайтын ойындар балаларда агрессия мен зорлық-зомбылықты қалыпты деп қабылдайтын түсінік қалыптас-тырады. Сенсорлық стимуляция, яғни, ойында жеңілу баланы бірте-бірте ашушаң етеді. Бұл жерде де орта маңызды. Жасөспірімнің айналасындағы достары небір интернет ойындарын ойнап, бар әңгімесі сол ойынның төңірегінде болуы мүмкін. Көп жағдайда достарына қосылып, олармен қарым-қатынас орнату үшін жастар қауіпті ойындарға қызығушылық танытады. Ойындардағы шекараны бұзу мен қауіп-қатер сезімі жастың бойында эмоциялық қызығушылық тудырады. Жастардың көбі адреналин іздейді, ал қауіпті ойындар мұндай сезімдерді қамтамасыз етеді. Айта кетерлік жайт, тек ойын ғана емес, жасөспірім қандай контент тұтынып отырғанын саралап үйренуі керек. Бұл – жауапкершілік. Біз нені жиі көрсек, миымызда жаңа нейрон қалыптасады. Уақыт өте келе көріп жүрген бейне үйреншікті нәрсеге айналады. Біреу фильм көріп шабыт алады. Сол фильм шыққан елдің тілін үйрене бастайды. Ал енді біреу күйзеліске ұшырайды. Мұның себебі біздің эмоциялық жағдайымызға, ортамызға, өмірді қабылдауымызға бай-ланысты. Сондықтан контент таңдағанда, өзіңізге бұл маған керек пе деген сұрақ қойыңыз.  

– Әңгімеңізге рақмет!

Жазира БЕКБОЛАТОВА
Суреттер ЖИ көмегімен салынды

«Ұлан» газеті, №41
8 қазан 2024 жыл

2924 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор