• ҰЛАН
  • 24 Қыркүйек, 2024

Мысықтармен-ақ турист тартып отыр

Кейбір елдер жануарларға деген ықыласымен, ерекше ілтипатымен көзге түседі. Сондай елдердің бірі – Жапония, әсіресе ондағы «мысықтар патшалығы» деп танылған Аошима аралы. Бұл кішкентай арал жылдар бойы мысықтардың мекеніне айналған. Ал тұрғындар оларды ерекше ілтипатпен күтіп, қорғайды. Бұл мәдени феноменнің тарихы тереңде жатыр. 

Мысықтар алғаш рет Жібек жолы бойы арқылы Жапонияға жеткізілген екен. Онда астық пен азық-түлікті қорғайтын құнды жануар ретінде бағаланған. Аралдардағы егеуқұйрықтар мен басқа да зиянкестермен күресуде мысықтың рөлі ерекше болған. Уақыт өте келе, мысықтардың бейнесі жапон мәдениетінің бір бөлігіне айналып, халық өнері мен әдебиетінде маңызды орын алды. Аошима аралы бүгінде әлемдегі ең атақты мысықтар аралына айналған. Онда тұрғындардан мысық көп.  Аралға келушілердің көбі мысықтарды тамақтандырып, суретке түсіп, олармен уақыт өткізгісі келеді. Жергілікті тұрғындар да мысықтарды қорғап, оларға қамқорлық көрсетуді өмірінің ажырамас бөлігі деп есептейді. Мысықтардың көптігі туристер-дің қызығушылығын арттырып, арал экономикасының дамуына да әсер етті. Бұл ерекше туризм бағыты арқылы елге мысықтарды жақсы көретін миллиондаған турист келеді.

Жапонияда мысық тек сәндік жануар ғана емес, халықтың мейі-рімділігін  көрсету мәдениеті. Жапон халқы мысықтарға қамқор болу арқылы табиғатты қорғау, адамдар мен жануарлар арасындағы байланысты сақтау сынды адамгершілік құндылықтарды дәріптейді. Көптеген жапон үйлерінде «Манеки-Неко» атты мысық мүсіндері бар. Бұл бейне сәттілік пен байлық әкеледі деп сенеді. Жапондықтар үшін мысық жай ғана үй жануары емес, тіршілік ритмін сезінуге, ішкі тыныштықты табуға көмектесетін сенімді серік. Елде мысықтарға арналған мұра-жайлар мен кафелер де бар. Мысық кафелеріне келушілер  осы жануарлармен уақыт өткізіп, олардың жылы, тыныш ортада болуын тамашалай алады. Мұндай орындар үлкен қалаларда өте танымал. Себебі қала өміріндегі қарбалас пен күйзелістен демалуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, мысықтарға арналған мұражайлар мен өнер көрмелері де бар. Онда әртүрлі суретшілердің мысықты бейнелеген жұмысы қойылады. Мысықтар Жапонияның басқа да көптеген аспектілерінде маңызды рөл атқарады. Мысалы, мысықтарға арнап арнайы фестивальдер өткізіледі. 22 ақпан – мысықтар күні.  Бұл жапондықтар үшін символикалық мереке. Бұл күні адамдар мысықтарына сыйлық жасап, оларды ерекше күтіп, құрмет көрсетеді.

Мысықтар Жапонияда тек үйде емес, сонымен қатар бизнес пен маркетиңде де үлкен рөл атқарады. Көптеген дүкен мен мейрамхана өздерінің символы ретінде мысықтарды пайдаланады. Онда мысықтармен қарым-қатынас қоғамның қоршаған ортаға деген көзқарасының айқын көрінісі. Елде мысықтарға қамқорлық жасау, оларды қорғай білу тек жануарларға деген махаббаттың ғана емес, сонымен қатар адам мен табиғаттың үйлесімді өмір сүруінің үлгісі. Бұл қарым-қатынас адамдарды жауапкершілікке, жанашырлыққа үйретеді және өмірдегі қарапайым сұлулықты бағалауға шақырады. Ал біз жануарларға қанша-лықты қамқор халықпыз? Соны ойланып көрдің бе, досым?

Саяжан ОРАШЕВА, 
Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы 

Ұлытау облысы
Сәтбаев қаласы

«Ұлан» газеті, №39
24 қыркүйек 2024 жыл

820 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор