• ҰЛАН
  • 24 Қыркүйек, 2024

«Менің жаным жаралы»...

Қазір «Бала кезде санада қалыптасқан травмаммен күресем»  деп, психологтардың есігін қағатын жан көбейді. «Адамдардың менталды денсаулығына бей-жай қарамай, кәсіби мамандардың көмегіне жүгінгені қуантады», – дейді кейіпкеріміз, психолог Роза Мұратқызы. Ол психологиялық жарақаты бар сан түрлі жанмен жұмыс істеген.

– Кейінгі кезде психолог-тардың көмегіне жүгінетін жан көбейді. Бұның себебі неде? Бұл психология саласының бағалана бастауы ма, әлде адамдардың менталды денсау-лығының нашарлауы ма?

– Иә, дұрыс айтасыз. Қазір статистика өсті. Әлеуметтік желінің жеткілікті дамуы, ақпараттардың жылдам таралуы осындай көрсеткішке әкеліп отыр. Мысалы, қазір көбі психологтың қабылдауында болғанын, өзінің ішкі күйін дұрыстап жүргенін Инстаграмдағы парақшаларына жүктейді. Бұл өте жақсы тренд деп айтар едім. Бүгінде адамдар менталды денсаулығына бей-жай қарамайды.

– Бірнеше адаммен жұмыс істедіңіз, көрген-білгеніңіз көп. Консультация алатын адамдар арасында қандай қиындықтар жиі кездеседі? Мысалы, бала кезде пайда болған жан жарақатымен күресетіндер көбірек көмек сұрайтын шығар...

– Шындығында, консультацияға келген адамдар бойында, санасында травма бар екенін білмей келіп жатады. Әдетте, олар «Өзіме көңілім толмайды.Өзімді қалай жақсы көріп үйренемін? Қалай ұялшақтықтан арылуға болады? Қорқыныштарымды қалай жеңемін? Мақсаттарыма қалай оңай жетуге болады? Қалай көп ақша табамын?» деген секілді сұрақтармен біздің көмегімізге жүгінеді. Тіпті «Менде ешқандай мәселе жоқ» деп келген жандардың бойында үлкен күйзеліс пен травма болып шығатын сәттер де жиі кездесті. 

–  Қоғам екі жақты ойлайды. Бірі кәсіби психологтың көмегіне жүгінсе, енді бірі ақшасын үнемдеп,  мәселені өзім шешемін деп ойлайтындар бар. Бұған не дейсіз? Адам өздігінен менталды денсаулығын қалыпқа келтіре ала ма?

– Иә, қазір сан түрлі пікір бар. Әрине, бұл – олардың жеке шешімі. Бірақ адамның бірнеше күрделі травмасы болса, мін-детті түрде кәсіби маманның көмегіне жүгіну керек. Ал егер психологиясында сонша үлкен залалдар болмаса, өзіне дұрыстап көңіл бөліп, менталды денсаулығын реттей алады. Өздігінен емделемін дейтін жандарға психологиялық кітаптарды көп оқуға кеңес беремін.

– Бір адаммен қанша уақыт жұмыс істейсіз? Яғни, адам қанша уақытта ішкі күйін дұрыстай алады?

– Нақты уақыт жоқ. Себебі, адамның бойында бір емес, бірнеше травма болады. Оларды түбегейлі жоюға, қалыпқа келтіруге қанша күн кететінін кесіп айту қиын. 

– Қазір бала кезде қалыптасқан жан жарақатынан зардап шегіп, онымен әлі күнге дейін күресіп жүрген жан көп. Неліктен? Баланың санасында травма қалдырмас үшін ата-ана, оның айналасы не істеуі керек? Нені білуі керек?

– Мысалы, ата-ана баласы-ның болашағын ойлап, оны травмасыз өсіремін деп тырысқанымен, перзентінің қоршаған ортасы күйзеліске түсіруі мүмкін. Ата-әжесі, ағалары, жеңгелері, әпкелері, мектептегі ұстаздары деген сияқты. Сондықтан бұл мүмкін емес. Десе де балаңызды үнемі махаббатқа бөлеп, оған уақытыңызды арнап, көңіл бөлсеңіз, оның психологиясы сау әрі таза болады. Ата-ана перзентіне оны қалай жақсы көретінін, бағалайтынын жиі айтқан жөн. Ең бастысы, балаңызды ешкіммен салыстырмаңыз. 

– Ал өзіңізде бұрын травмалар болып па еді? Қалай күрестіңіз? 

– Иә, менің санамда травма болғандықтан, психология саласына бет бұрғанмын. Әлі күнге дейін психологиямды сауықтырып келемін. Психотерапевттен ай сайын терапия да аламын. Менің травмаларым күрделі болғандықтан өзіммен үнемі жұмыс істеуді талап етеді. 

– Қай жастағы адамдар жиі  консультация алады? Көбіне қыздар ақыл-кеңес сұрайтын шығар, иә?

– Көбінесе 18 бен 35 жас аралығындағы қыз-келіншектер консультацияға жазылады. Әсіресе, арулар көп кеңес сұрайды. Бала күннен қалып қойған травманың салдарынан жеке қарым-қатынаста көп проблема туындайды. Бірнеше сеансқа жазылатындары да бар. Ер адамдар жиі жүгінбейді, бірақ кейінгі уақытта қарым-қатынас, махаббатқа қатысты ерекше қызығушылық танытып, сұрақ қоятындар бар. Бұл мені психолог ретінде қуантады. Себебі, отбасы және қарым-қатынас тек қыздарға ғана емес, жігіттерге де қызық болып жатыр. 

– Қазір ішкі күйі тұрақсыз жасөспірім көп. Кейбірі интроверт болғандықтан, психологпен сөйлесуден қашып, іштей қиналып жүре береді. Мұндай күйзелістер қандай ауруларға әкеп соқтырады?

– Көбіне балалар өтпелі кезеңде күйзеліске бейім болып келеді. Жасөспірім кезде жиі ашуланады, агрессияға көп бой алдырады, тіпті жанжалдасып жатады. Оларды «Ешкім мені жақсы көрмейді, түсінбейді. Ата-анам қалаған затымды әпер-мейді, маған көңіл бөлмейді» деген ойлар жиі мазалайды. Бұндай жағдайда әке де, ана да баласымен оңашада сөйлесіп, оған уақыт арнағаны өте маңызды. 

– Бір адаммен қанша сағат сөйлесесіз? 

– Бір адаммен 50 минут сөйлесеміз. Ал нақты мәселесін анықтау үшін кейде 50 минут жетсе, кейде уақыт өте келе біліне бастайды. 

– Қанша әңгімелессеңіз де, ішкі күйін реттей алмаған адамдар болды ма? Тәжірибеңізде қиын пациент кездесті ме? 

– Менде мынандай пациенттер болды: оларға психолог емес, психотерапевттің көмегі керек. Егер адамның жағдайы тым нашар болса, оған психотерапевтке немесе психиатрға барыңыз деп жөн сілтеймін. Себебі, олардың медициналық білімі бар. Одан бөлек, бұл мамандардың ерекше методикалары емделуді едәуір жеңілдетеді. 

– Инстаграм парақшаңызда абьюзер, манипулятор жігіттердің қармағына ілініп, өмірден түңілген қыздарға арнал-ған жазбаларды жиі жариялап тұрасыз. Кейінгі уақытта бұл терминдердің белең алып, көбеюіне не түрткі болды? Әлде қоғам енді көзін ашып жатыр ма?

– Тикток парақшама бұрыннан абьюзер, нарцисс, тиран, манипулятор ер адамдар туралы жазатынмын. «Осындай типтегі жігіттерге жолауға болмайды» деп те жазба қалдырып жүрдім. Бірақ ол кездері қаралым аз еді. Белсенділік төмен болды. Пікірлер де жазылмайтын. Ал қазір керісінше. Пікірді жарысып жазады. Әр адам өз ойын еркін айтады. Қыздардың көзі ашылды. Осы кезге дейін бойжеткендер басынан өткен қиын жайттарды бұғып қалатын.

– Психологиялық қысымнан бөлек, физикалық зәбір көрген адамдармен жұмыс істеп көрдіңіз бе?

– Шындығында, физикалық зәбір көрген жанның психоло-гиясына міндетті түрде зақым келеді. Жұбайы қол көтерсе де, шыдап, көніп жүре беретін әйелдер бар. «Балаларымды әкесінен айырғым келмейді» деп төзеді. Бірақ бұның бәрі сылтау. Әйел адамның бойында тәуелділік деген сезім бар. «Күйеуіммен ажырассам, бала-шағамды қалай асыраймын? Мен кетсем, жолдасым іш құса болып кетеді» деген қорқынышпен өмір сүреді. Осындай проблемамен хабарласатын келіншек көп. Негізі бұндай паразит ойдың бәрі қыз бала ата-анасының мейірімін толық алмағандықтан пайда болады. Байқасаңыз, кішкентай кездегі травмалар бүкіл өмірімізге әсер етеді. 

Айдана ШАЛҚАР,
«Ұланның» жас тілшісі

«Ұлан» газеті, №39
24 қыркүйек 2024 жыл

917 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор