- ҰЛАН
- 24 Қыркүйек, 2024
Қожа анимеде болса...
Достар, анимені бәрің жақсы көретін шығарсыңдар, иә? Ал «Менің атым – Қожаны» ше? Тентек Қожаның бейнесі мен қылықтарын ұмыту мүмкін емес шығар? Ал екеуін біріктірсек ше? Иә, иә, аниме стиліндегі Қожаны көріп пе едіңдер? Көрмеген, естімеген болсаңдар, онда фильмді анимелендірген Бақдәулет Бекжановпен танысайық. Ол жақында ғана Бердібек Соқпақбаевтың үздік балалар фильмінің үзіндісін ЖИ көмегімен аниме стилінде жасап шықты. Бақдәулет – кәсіпкер. Өзінің айтуынша әрі ЖИ энтузиасты.
– Жасанды интеллект арқылы контент жасау қашан ойыңызға келді?
– Бұл фильмді таңдаған себебіміз – туынды тамаша түсірілген. Актерлердің шебер-лігі ерекше. Екі жылдай бұрын ЖИ саласында дүниелер көбейе бастағанын байқадым. Содан бері осы салада түрлі тәжірибе мен қызықты жоба жасап жүрмін. Әріптес досым Владимир Лукашов екеуіміз анимация стилінде қазақ фильмдерінің постерлерін жасағанбыз. Сонда трейлер жасасақ қалай болады екен деген ой келді. Бір апта уақытымызды осы жобаға арнап, тәжірибе жасап, осындай нәтижеге қол жеткіздік. Қолданған технология Image diffusion деп аталады. Сондай-ақ, Midjouney, Photoshop, Runwayml және Kling Ai қосымшаларын кіріктірдік. Владимир дизайнер және арт-директор болды. Екеумізден басқа дубляж студиясы да атсалысты. Толық фильм көп уақыт пен ұжымдық жұмысты қажет етеді. Әзірге трейлер жасадық. Фильм жасау жоспарда бар, әрине.
– Қалай ойлайсыз, неге қазір осындай бағыттағы контент көпшілікке ұнайды?
– Қазір жаңа технологиялар-дың мүмкіндіктері орасан зор. Кейде өзіміз де таңғалып жатамыз. Олардың көмегімен бұрын соңды қолдан келмеген дүниелер жасауға болады.
– Отандық фильмдерді осындай стильде беру қаншалықты ұтымды деп ойлайсыз?
– Біздің әдебиет қызықты шығармалар мен туындыларға өте бай. Осы материалдардан ұтымды анимациялық фильмдер жасауға болады. Ал аниме стилі жастарды қызықтырып қана қоймай, насихаттауға септігін тигізеді. ЖИ-мен анимация жасаудың өзіндік техникалық қиындықтары бар. Онда дұрыс стиль мен кейіпкер тұрақтылығын сақтау қажет.
P.S. Қазіргі заманда жасанды интеллект арқылы сапалы контент ұсыну – заман қажеттілігі. Ал отандық контентті осындай технологиялармен түрлендіру жасөскінге пайдалы болары анық. «Менің атым – Қожаны» аниме стилінде ұсынуды қолдап жатқандар көп. Халықтың ойынша, балалар осылайша қазақ әдебиетіне ынталанады. Сәйкесінше, оған деген қызығушылық артады. Қазақ прозасына ерекше леп әкелген қаламгер Бердібек Соқпақбаевтың ғасырлық тойы қарсаңында Қожаны ани-меде көру жақсы жаңалық деп ойлаймын. Қазақ балалар әдебиетінің классигі атанған жазушының туған жері Нарынқолда дүбірлі тойы да өтіп үлгерді.
Ескі суреттерді «тірілтеді»
Кейіпкеріміз жасанды интеллект арқылы бірнеше рет тәжірибе жасағанын айттық. Солардың қатарында әлеуметтік желіде танымал болған видео – 100 жыл бұрынғы суреттердің қайта жандануы еді. Онда көшпелі қазақтың тұрмыс-тір-шілігі қайта тіріліп, 124 жыл бұрын археолог Дудин түсірген фотосуреттерге жасанды интеллектің көмегімен жан бітті. Авторлар: «Заманауи технологиялардың даму деңгейі таңғалдырады. Олармен тарихты, этнографияны зерттеу қызықты ізденіске айналады. Ал егер бұл мектеп бағдарламасына енгізілсе онда балаларды одан әрі қызықтыра алатын едік», – дейді.
Бақдәулеттің сөзінше, сүйікті Алматының ретро суреттеріне жан бітіру оқырмандар қойған сауалдан кейін пайда болған. Анасының суретін «тірілткісі» келген екен. Кейін алматылықтардың суреттерін төрт күн ішінде жаңартып шыққан. Кейіпкеріміздің тағы бір қызық тәжірибелерінің бірі – Астана мен Алматы қалаларының әсем жерлерін әлемге танымал суретші Ван Гог стилінде жасап шығу. Ол шыққан нәтижені Инстаграм парақшасына жариялап, бірден көпшіліктің назарын аударды. Онда елорданың «Бәйтерек» монументі, ЭКСПО қалашығы, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Ханшатыр» ойын-сауық орталығы, Алматының «Көктөбе» телемұнарасы, Қазақ мемлекеттік циркі, «Қазақстан» қонақүйі мен Үлкен Алматы көлінің көріністері бейнеленген. Өзінің айтуынша, арттар – Style transfer технологиясының экспериментінің нәтижесі. Сондай-ақ, Stable diffusion, Photoshop, CapCut қосымша-ларымен жасалған. Шамамен 4-5 сағатты алған. Сонымен қатар, кейіпкеріміз болашақта жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, әлемге әйгілі суретшілердің стилінде бірнеше бейнеролик жасағысы келетінін айтты.
Бақдәулет досымен Алаш арыстарының да суреттерін ЖИ көмегімен жаңартқан. Әлеуметтік желі қолданушыларының талқысына түсіп те үлгерді. Stable Diffusion бағдарламаларында қалпына келтіру жұмыс-тары, 4х апскейлиң ЖИ, ал 6х, текстураны бояу жұмыстары, анимация PS Beta-да жасалды. Олар қазақ зиялыларының қалпына келтірілген фотосуреттері негізінде осылайша портреттер сериясын ұсынды. Негізгі идеясы – ескі суреттерді қайта жаңарту, сол кездегі тұлғалардың болмысын қазіргі заманғы постерлерге қалай көрінетіні бойынша тәжірибе жасау. Кейіпкеріміздің айтуынша, суреттердің түпнұсқасы ашық дереккөздерден, яғни уикипедиядан алынған. Олар түрлі-түсті фотосуреттерді постер форматында түсірген.
Айтпақшы, Бақдәулеттің топтық және жеке ЖИ-ді оқытатын курстары бар. Кейде үлкен компанияларға спикер болып, воркшоптар өткізеді.
Олжас ПАВЛИК
«Ұлан» газеті, №39
24 қыркүйек 2024 жыл
853 рет
көрсетілді0
пікір