• ҰЛАН
  • 24 Қыркүйек, 2024

Әлимансұр инкубаторда балапан өсіреді

«Балаға телефон емес, инкубатор алып беріңіз», – дейді Әлимансұрдың әкесі Диас. Инстаграмда әкелі-баланың видеосын 1,5 миллион адам көріп, үш мыңға жуық пікір қалдырыпты. «Жақсы нәрсе екен. Мен де балама алып беремін», «Инкубаторды қайдан аламыз?» деп жазыпты. Диас баласымен бірге инкубаторға жұмыртқа салады. 21 күннен кейін балапан  жарып шыққанын көрсетеді. Баласының мәз болғанын көрсеңіз. Әкесінің ұлының таңдауына құрметпен қарағанына қуандық.

Анасы Гүміш: «Әлимансұр әкесіне тартқан, жануарларға жақын. Өскенде ферма, хайуанаттар бағын ашамын деп армандайды», – дейді.
Әлимансұр Нұржан 8 жаста. Жетісай қаласындағы М.Горький атындағы мек-тептің 4-сынып оқушысы. Бос уақытын жануарларға арнайды. Интернеттен құстарға қалай күтім жасау керегін оқиды. «Ұланның» оқырмандары арасында да Әлимансұр сияқты тауық өсіріп, кәсіп ашқысы келетіндер бар шығар... Ендеше, кәсіп жасап жүрген замандастарыңның әңгімесін ұсынамыз.

– Әлимансұр, әкеңе балапан алып бер деп жиі айтушы ма едің?   

– Иә, балапан алып бер деп әкемнің мазасын алатынмын. Бірнеше рет алып берген балапандарын баға алмадым. Өзім дұрыс қарай алмадым немесе кішкентай болдым ба, білмеймін. Содан әкем 1 маусым Балаларды қорғау күнінде сыйлыққа инкубатор алып келді. Көршіден жұмыртқа сұрап алып, салып қойдық. Таңертең ішіне су қоямын, қызықтап қараймын. Таңертең және кешке жұмыртқаларды ауыстырамын. Инкубатордың іші 36 градус болуы керек. Егер жарық өшіп қалса, ішіндегі жылу 2 сағатқа дейін сақталады.

– Қазір қанша балапаның бар?

– Бірінші ашылған бойлер балапан-дарым тауық болып өсіп қалды. Одан кейін жапондық карлик (бентамки) бар. Ең кішкентайлары қытайлық жібек балапандарым. Негізі «тұқымдық тауықтар инкубаторда шықпайды» деген. Менің инкубаторымнан шықты. Шымкент қаласынан 33 дана жұмырт-қа алып, салдық. Оның 15-сі ашылды. Өздері сондай әдемі. Жемнің барлық түрін беремін. Арпа, бидай, жарма.

– Тұқымы асыл, текті тауықтар бар ма?

– Иә, қытайлық жұмыртқаларымның көбі дерлік балапан ашты. 15 балапаным бар. Ендігі ойым Шабо мен алтын түстес фазан жұмыртқаларын инкубаторда ашқым келеді. Қырыққа жуық тауық балапаны бар. Ағам екеуміз жем, суын береміз. Одан бөлек қояндар, мысық, алабай, ұбар бар. Әр балапанға өзіне тән есім қоямыз. Мысалы, Горшок, Апельсин, Дракончик деген сияқты.

– Алға қойған мақсатың бар ма?

– Менің мақсатым – жұмыртқа өсіріп, тауықты көбейтіп, сату. Мықты бизнесмен болатыныма сенімдімін. Өйткені өте талапшыл, айтқанымнан қайтпайтын адаммын.

– Анаңа көмектесесің бе?

– Әрине, анамның айтқанын тыңдай-мын. Бауырларыма қамқормын, әсіресе, қарындасымды қорғаймын.

– Өзің секілді балапан өсіргісі келе-тін балаларға не айтасың?

– Бұл инкубатор аппараты арзан, қымбат емес. Табиғи балапаннан ешқан-
дай айырмасы жоқ. Тек суды, жұмыртқа-ларды уақытында ауыстыру керек. Өте қызық жұмыс. Әсіресе, жұмыртқадан балапан шыққандағы сезім сондай күшті!

– Жарайсың, Әлимансұр! Кәсібің табысты болсын!

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №39
24 қыркүйек 2024 жыл

825 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор