- Толағай
- 16 Қыркүйек, 2024
Ұлттық құрама ұлттар лигасында

Биылғы күз футболсүйер қауым үшін UEFA (Еуропа футбол қауымдастығы) ұйымдастыратын Ұлттар лигасынан басталды. Қазақстан осы маусымда В деңгейінде ойнайды. Бұл өткен маусыммен салыстырғанда жақсы көрсеткіш. Себебі ол лигада Ұлттық құрама С деңгейінде ойнап, Беларусь, Словакия, Әзербайжан елдері бар топтан бірінші орын алып, бір сатыға жоғарылады. Қазақстанның биылғы қарсыластары – Норвегия, Австрия, Словения елдері.
Ұлттар лигасында А, В, С, Д деңгейлері бар. UEFA құрамына 55 елдің құрамасы кіреді. А лигасында рейтиңі жоғары Франция, Испания, Германия, Нидерланд, Хорватия, Польша, Швейцария, Италия, Бельгия, Франция, Португалия елдері ойнайды. Осы құрамалардың ішінен чемпион анықта-лады. Ал қалған құрамалар бұған дейін көрсеткен нәтижесіне қарай басқа деңгейлерде ойнайды. В, С, Д топтарында 1-орын алған құрама келесі лигада бір деңгейге жоғары ойнаса, жеңілген топ төменге түседі. Егер Қазақстан В деңгейінде екінші орын алса, А тобында 2-орын алған топпен А деңгейіне көтерілу үшін жарысады. Ал құрама 3-орын алса, С тобында 2-орын алған елмен ойнап, В тобында қалуға тырысады. Ойын 2 кезеңнен тұрады. Сонда Қазақстан 6 матчқа қатысады: үшеуі – елде, қалғаны қарсыластың стадионында өтеді.
Біздің ел ойынға қалай дайындалған?
Ойын Қазақстан құрамасы үшін 6 қыркүйек күні басталды. Бір қуантарлығы, алғашқы тартыс елімізде өтті. Алматы-дағы орталық стадион бұл күні Норвегия ойыншыларын қарсы алды. Ұлттық құраманы қолдап келген көрерменнің қарасы қалың болды. Қазақстан футбол федерациясының мәліметі бойын-ша, көрермен саны 23 173-ке жеткен. Билеттер 2 мыңнан басталған. Бірақ оны үлгергендер ғана ала алды. Себебі 20 сағаттың ішінде билеттер солд-аут болған. Онлайн сатылым кезінде бір сатып алушыға төрт билеттен артық сатылмады. Қазақстандықтар елде футбол өтетінін ести сала, алдын ала қуанып жүрді. Себебі стадиондағы атмосфераны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. оны тек сезіну керек. Мұндай күні алып-сатарлар көбейіп, халықты алдап кететіндер де аз емес. ҚФФ бұл мәселенің алдын алу үшін билетті 2 сағат қалғанда ғана жіберген. Өткен матчтардың бірінде билет алып тұрып, матчқа кіре алмағандар болған. Сондықтан осы жолы көрермендерге 2-3 сағат бұрын ерте келу туралы бірнеше рет ескертілді. Бірақ бұл күні де билет алғандардың кейбірі ойынды кіреберісте тұрып көруге мәжбүр болды. Кейбірінің тіпті кіре алмағанын айтпай кетпеске болмас. Ойын басталмас бұрын ұйымдастырушылардың көрермен үшін жоғары деңгейде дайындалғанын да байқадым. Орталық стадион аумағында тегін аквагрим, шоу-бағдарламалар, ұтыс ойындары мен сыйлықтар, 7 тамақтану орыны қойылыпты. Айта кетерлік жайт, футбол басталмас бұрын қайырымдылық іс-шара да өтті. Asar-Ume қайырымдылық қоры мен ҚФФ бірлесіп 13 жасар Рамазан есімді жас футболшыға баспана және тұрмыстық техника үшін 1 миллион теңге сыйлады. Қордың негізін қалаушы Асхат Нұрмашев: «Біз тарихты жаңғыртып жатырмыз. Себебі ата-бабаларымыз маңызды іс-шараның алдында қайырымдылық жасаған», – деп тағы бір отбасыны қуантты. Көк туымызды желбіретіп жүрген жастар, «Алға, Қазақ-стан» деп қолдау көрсеткен көрермендер ойынның сәнін келтірді десем артық айтқаным емес.
Ойын қалай өтті?
Бұл жолы Қазақстан құрамасы үшін Ұлттар лигасы жаңа бап-кермен басталды. 3 маусым күні бас бапкер Магомед Адиевтің орнына ресейлік Станислав Черчесов келді. Бұл ойын оның Қазақстан құрамасындағы дебюті болды. Алғашқы қарсылас – норвегиялықтар. Қазақстан үшін оңай болмады. Себебі құрамада «Манчестер Сити» командасының жұлдызы, Чемпиондар лигасының жеңімпазы, Англия чемпионы Эрлиң Холанд пен «Арсеналдың» жартылай қорғаушысы Мартин Эдегор ойнайды. Әлеуметтік желіні ашып қалсаң, тек Холандты көруге барған отандастарымыз да болыпты. Ойын алды баспасөз мәслихатына бардым. Сол кезде құрама мүшесі Асхат Тағыберген: «Қанша жылдан бері хабарлас-паған достарым қазір билет сұрап хабарласып жатыр. Кімді көруге келе жатсыңдар деймін. Холандты көруге ме, әлде бізге жанкүйер болуға келесіңдер ме деп жатырмын» (күліп), – деді.
Бірақ Норвегия жеңіп кетеді дегендердің ойлағаны болмады. Қазақстан қарсыластарының добын қақпаға кіргізбеді, норвегиялықтар да есе жібермеді. Сөйтіп есеп 0:0 болып аяқталды. Алғашқы таймда қарсыластар белсендірек болды. Ойын кезінде біздің қақпашы Шацкийдің кәсібилігіне бәріміз разы болдық. Әсіресе, стадиондағы көрермендер. Себебі футболдан кейінгі статистиканы қарасақ Қазақстан құрамасы Норвегия қақпасына 4 соққы, ал Норвегия Шацкийдің қақпасына 19 соққы бағыттаған. Ойын барысында Әлібек Қасым, Бактиер Зайнутдинов, Айбол Әбікен мен Ислам Чесноков сары қағаз алды. Екінші таймда Черчесов ойыншыларды ауыстырғанымен, есеп ашылмады. Норвегиямен ойнайтын 2-кезеңде құрама есе жібермейді деп сенеміз. Ойыннан соң бапкердің пікірін тыңдауға бардық. «Біз жаңа жол – Ұлттар лигасын бастадық. Бұл басқа ойын, басқа деңгей. Біздің міндетіміз – әр ойынға дайындалу, қарсыластарды зерттеу және олардың осал тұсын анықтау. Құраманы жаңа бастамамен құттықтадым. Олардың ойынды беріліп ойнауына 5 деген баға беремін. Бірақ әлі жұмыс істеу керек. Бізді қолдауға келген көрерменге алғыс. Енді Словенияға дайындаламыз», – деді бас бапкер.
Бірақ біздің халық жақтаумен қатар даттауды да ұмытпады. Желі қолданушылары «Холандқа гол салуға мүмкіндік бермеудің өзі біздің құрама үшін үлкен жетістік», «Біздікілер өте жақсы ойнады, жеңіледі деп ойлап едім», «Шыны керек, шабуыл кезінде біздің жігіттер сәл сасқалақтап қалды», «Техника, тактика жағы-нан ақсаңдап жатырмыз» деген пікір жазды. Бұл менің Алматы стадионында масс-медиа өкілі ретінде барған алғашқы футболым болды. Отан-дастарымыздың Ұлттық құраманы бар жанымен қолдағаны ішіңде жатқан қазақы рухты оятып жіберетіндей дәрежеде болды. Көрермендердің ішінде ересектермен қатар 10–15 жас аралығындағы жеткіншектерді де байқадым. Ішімнен «осындай ауызбіршілігіміз ажырамасын» деген ниетте отырдым.
Қазақстан Словениядан кек алуға тырысты...
Словения. Бұл ел Ұлттық құрама үшін ауыр тақырып. Себебі Euro-2024 турниріне қатысуға бір қадам қалғанда Қазақстан Словенияға 1:2 ұпаймен есе жіберді. Олай болмағанда биыл Еуропа чемпионатына қатысар едік. Черчесов бұл ойынға дайындаламыз деп еді, өкінішке қарай, нәтижесін көре алмадық. Себебі 3:0 есебімен Словения айқын жеңіске жетті. 1-кезең ел астанасы Люблянадағы Стожице стадионында өтті. Ойын басқа елде өткендіктен, біздің құраманың қолдаушылары да азырақ болған. Жалғыз Бенджамин Шешко бүкіл ойынның тағдырын шешті. Ол 23, 28, 63-минут-тарда гол соғып, еліне жеңіс сыйлады. 3 голды да бір футбол-шының соғуы, бірінші және екінші голдардың арасы 5-ақ минут болғаны бізді таңғалдырмай қоймады. Айтпақшы, Шешконың жасы 21-де. Бұл жолы тек Сергей Малыйға сары қағаз берілді. Әдеттегідей жеңілісті қабылдай алмағандар болды. «Холандқа өткізбеген голды Шешкоға 3 рет өткізіп...», «Жігіттер кішкене сәл мақтағанға арқаны кеңге салып қойды ғой деймін шамасы», «Быстров бүгін асықпады» сынды пікірлерді көзім шалып қалды. Бірақ жарыс болған соң біреу жеңілетіні анық. Ойыннан кейін бас бапкер: «Тақтадан нәтижені көрдіңіздер. Өкінішке қарай, жеңе алмадық. Кей сәттерде словениялықтар мықтырақ болды. Ұпай ала алмадық. Өз арамызда талқылаған қателіктерді ойын барысында жіберіп алдық. Нәтижесі осыған алып келді. Бірінші матчты біз «үйде» ойнадық, ешқайда ұшып-қонып жүрмедік. Мұнда 9 сағат ұштық. Словения – жақсы құрама, Еуродағы кей матчтарын көрдім. Олар үшін бұл жақсы күн болды. Мен үшін де жаңа тәжірибе. Енді 9 сағаттан ұшатынымызды білемін. Норвегиямен «үйде» жақсы ойнадық және 25 мың адамның қолдауын сезіндік», – деді.
Келесі матчтар қашан өтеді?
Қазақстанның Ұлттар лигасында 4 ойыны қалды. 11 қазан күні бізді Австрия, 17 қараша Норвегия күтіп тұр. Ал 13 қазан күні Словенияны, 14 қараша Австрияны Қазақстанда күтеміз. Черчесов та, құрама мүшелері де көрермен қолдауын бірнеше рет айтты. Сондықтан жас оқыр-мандарға «жеңісте де, жеңілісте де Ұлттық құраманы қолдайық» дегім келеді.
Ділназ ШАЙМҰРАТОВА
«Ұлан» газеті, №38
17 қыркүйек 2024 жыл

845 рет
көрсетілді0
пікір