• ҰЛАН
  • 16 Қыркүйек, 2024

V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны несімен есте қалды?

Елордамыз Астанада 8–13 қыркүйек  аралығында дүбірлі дода V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Халықаралық спорт жарысы көпшілік күткеннен ауқымды болды. Әлеуметтік желіде, әсіресе, Орталық Азия елдерінің назары ел астана-сына ауды. Дода кезінде Астанаға барып, көшпенділер ойын-дарының ортасында болдық. Сонымен, есте қаларлық не болды?

5,7 млрд теңге. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуге Қазақстан бюджеттен осынша қаржы жұмсады. Бұл туралы ойындар басталмас бұрын, Көшпенділер ойындарын өткізу жөніндегі дирекция басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев ақпарат берген еді. Оның айтуынша, шығынның негізгі бөлігі қатысушылар қажеттілігіне жұмсалады. «Түркияда өткен 4-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қабылдаушы тарап қатысушылардың барлық шығынын өз мойнына алды. Бізге келетін 2 430 қатысушының әрбірінің жатын орны мен тамақтануына шамамен 1,8 млн теңге жұмсаймыз» – деді ол. 

Сонда шамамен 4,4 млрд теңге қатысушыларға жұмсалыпты. Сонымен бірге көшпенділер ойындарына 560 спорттық ат және 45 құс қатысты. 1 300 волонтер қызмет етті. Көшпенділер ойыны ашылу салтанатында-ақ көптің назарын аударды. World Nomad Games 2024 туралы ақпарат дүниежүзіне тарады. БАҚ-қа арналған аккредитацияға жалпы 64 елден 1 185 өтінім берілген. Олардың қатарында Euronews, CBC TV, Balkan Trip TV, CCTV, Rai, TRT Türk телеарналары, National Geographic, CNN, BBC, Agence-France Presse, Lonely Planet, Nikkei Asia сияқты ақпарат құралдары бар. Ал желіде шетелдік қонақтардың «Париж Олимпиадасының ашылу салтанатынан керемет» деген синхрондары тарады.

«8 қыркүйектегі ашылу салтанаты баурап аларлық болды. 89 елден 3000 спортшы аренаға шықты. Жүздеген музыкант, биші мен әншілер Орталық Азияның саяси элитасының алдында өнер көрсетті. Шоу қазақ даласын мекен еткен ежелгі скиф жауынгерлері мен Жібек жолы саудагерлерінен бастап, ХV ғасырдағы Алтын Орда, одан кейін Қазақ хандығын қамтыды. Әртістер киіз үйдің астына жиналып, жаңа қаған (билеуші) таққа отыратын кездегі көшпенділер жиналысына сілтеме жаса-ған», – деп жазды BBC ашылу салтанаты туралы.

Сондай-ақ көшпенділер ойындарына келгендер арасында танымал шетелдік блогерлер болды. Мысалы, TikTok желісінде 17 миллионға жуық оқырманы бар кореялық Shinsama, жылқыға деген махаббатымен танымал 2 миллионға жуық оқырманы бар қытайлық Таотао Айма. Айтпақшы, жарыстарға билет наурыз айының соңынан бастап сатылған. Ересектер үшін 1000 теңге мен 15 000 теңге аралығында болды. Бірақ жарыс болатын күні билеттердің бұл бағадан қымбаттау болғаны туралы айтылды.

Ал енді додаға тоқталайық. Елорданың үздік спорт алаңда-рында 21 спорт түрінен жарыс өткізілді. Жалпы есепте Қазақстан қоржынында 114 медаль бар: 44 алтын, 33 күміс, 37 қола. Осылайша командалық есепте бірінші орынға ие болды. Асық атудан Қазақстан ерлер құрамасы жеңімпаз атанды. Жамбы ату төрт стиль бойынша: қазақ, венгр, түрік және корей өтті. Жалпы медаль-дік есепте қазақстандық садақ-шылардың қоржынына 2 алтын, 2 күміс пен 2 қола түсіп, бірінші орынға шықты. Көшпенділер ойындарының бағдарламасына тұңғыш рет енгізілген арқан тартыста Ресей құрамасы чемпион атанды. Әйелдер арасындағы тартыста да спортшыларымыз ресейлік спортшыларға есе жіберіп, күміс алды. Дәстүрлі садақ атудан командалық сайыста Қазақстан құрамасы Аустралиядан келген садақшылардан 2:3 есебімен жеңіліп, күміс жүлде алды.

Татар халқының көне ұлттық белбеу күресі көрәштен Біржан Шаймерденов алтын алса, Әділет Шалғынбекұлы мен Нұрдәулет Жарылғапов күміс жүлдеге ие болды. Ал Бекнұр Бектай – қола жүлдегер. Түрік халқының ұлттық күресі ашыртмалы аба гюрешінен Ернұр Сүлеймен, Әділет Ахметғали, Айдос Ғалымов күміс жүлдеге ие болды. Батыс Африка халықтарының зияткерлік ойыны овариден өткен жарыста Әсел Далиева алтын жүлде, Аңсаған Қожанәсіп қола жүлде иеленді. Аударыспақтан ұлттық құрама спортшылары алты салмақ бойынша бес алтын, бір күміске ие болды.
Бес асықтан Қазақстан қыздар құрамасы ақтық сында Ресеймен бақ сынасып, қарсыластарын 3:0 есебімен жеңді.  Көкпардан Қазақстан құрамасы Қырғызстан командасын 5:4 есебімен жеңіп, алтын алды. Ал көк бөрүден Қырғызстан құрамасы Қазақстан командасын 10:4 есебімен жеңді. Powerful nomad спортынан абсолютті салмақ дәрежесінде Азамат Мақұлбеков алтын жүлде алды.

Тоғызқұмалақтан ұлттық құрама жекелей сында екі алтын, бір күміс, бір қола иеленіп, командалық есепте алтын жүлде алды. Қазақстан құрамасы өзбек халқының күресі кураштан 13 жүлде (1 алтын, 6 күміс, 6 қола) иеленді. Саха халқының ұлттық спорты масрестлиңнен спортшыларымыз 4 қола алды. Түрік халқының зияткерлік ойыны мангаладан қазақстандық спортшылар екі алтын, екі қола жүлде алды. Қырғыз халқының ұлттық ойыны ордодан Қазақстан құрамасы Қырғызстан командасына 96:18 есебімен есе жіберіп, күміс алды. 10 мемлекеттен 18 спортшы қатысқан құсбегілікте бүркіт салудан Серікбек Күнтуған алтын, Ерзат Байқадамов күміс, Арман Қошқаров қола жүлде иеленді. Ұшқыр бәйгеде 1600 метр қашықтықтағы жарыстан Қазақстан үш жүлдені алды. 2400 метр қашықтықтағы жарыста да алғашқы үштікті Қазақстан жүйріктері иеленді. 3200 метрлік жарыс жолында да осы көрсеткіш. Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия құнандары бақ сынаған құнан бәйгеден де үш жүлде өзіміздікі болды. 9 шақырымдық жорға бәйгеге қатысқан сәйгүлігіміз Қырғызстаннан кейін екінші келді. 27 шабандоз қатысқан Аламан бәйгеде мәреге біздің «Айқабақ» бірінші жетті. «Жұмыртұяғымыз» екінші болып келсе, қырғызстандық сәйгүлік «Қара қыз» үшінші келді.

Аталған ойынның бәрінде тартыс пен таласқа куә болдық. Әсіресе, көкпардан Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы финалдық кездесу нағыз байрақты бәсекені көрсетті. Бірінші тайм аяқталғанда Қырғызстан құрамасы 3:1 есебімен алда болды. Екінші кезең басталғанда Қазақстан құрамасы қатарынан 2 салым салып, есепті теңестірді. Бұл кезеңнің аяқталуына 8 минут қалғанда есеп 4:3 болып, Қазақстан алға шықты. Соңғы минутта қырғыз көкпаршылары есепті теңестіріп үлгерді.  Осылайша жеңімпаз команданы анықтауға қосымша 10 минут берілді. 10 минуттың ішінде Құрманбек Тұрғанбек салым салып, ұлттық құрама 5:4 есебімен жеңіске жетті. Көкпардан үшінші орын алған Ресей құрамасы 4 миллион, күміс жүлдегер қырғыз шабандоздарына 6 миллион, чемпион болған Ұлттық құрама көкпаршыларына 10 миллион теңге табысталды. Қырғызстан сапындағы Манас Ниязов үздік ойыншы атанып, 2 миллион теңгенің иегері болды.

Тартысты ойын барысында қос елдің көкпаршылары түсініспеушілікке жол бергені бар. Жарыс нәтижесінен соң қырғыз жанкүйерлер жеңілісті сол даумен байланыстырып жатыр. Бәрі емес, әрине. Бауырлас ел азаматтарының арасында да «жеңілгенді жер көтереді» дейтіндер бар. Дегенмен осындай аз-маз түсініспеушілік болған кезде әлеуметтік желіде біржақты пікірден, ұлтшылдықтан, өзге ұлтты кемсітуден аулақ болу маңызды! Әсіресе, Тикток желісінде өзге ұлтты небір әдепсіз сөздермен қорлап пікір жазу – алдымен өз ұлтыңның қаншалықты адекватты екенінен хабар береді. Жүлде сыйақысын алғанмен, таққан медальды шешіп тастау, жеңімпазды марапаттау сәтінде мінберден түсіп кетудің де мән-мағынасы түсініксіз. Ұлттар татулығын көрсететін додада достыққа сызат салу қай елдің азаматына да сын болса керек.

Спортшылардың жарыс жолы, тартысты ойыны кімнің болса да ұлттық спорт түрлеріне деген құрметін арттыра түсті десек қате айтпаймыз. Әлеуметтік желі қолданушылары «осыдан жамбы атуға бармасам, енді міндетті түрде атқа мініп үйреніп, біз де құс үйретейікші» деген сияқты пікірлер жазып жатты. Мұндай қызығушылыққа спортшылардың жеңісіне берілген жүлде де себеп шығар. Мысалы, V Дүниежүзілік көш-пенділер ойындарының жалпы жүлде қоры – 250 млн теңге болды. Сыйақы ойындардың бас серіктесі тарапынан қаржыландырды. Топтық жарысқа берілген сыйдан бөлек жекелей сында жүлде алған спортшылар да еңбегінің жемісін көрді. Мәселен, жамбы атудан бір алтын, бір күміс алған Батыр Бексауытқа бір бөлмелі пәтер беріледі. Бір алтын, бір қола иеленген Ералхан Айкөзге автокөлік табысталады. Күміс және қола жүлде алған Айтбек Сарыбайға 5 миллион теңге ақшалай сыйақы тарту етілмек. Желіде ұлттық спорттың беделі көтерілгенін байқағандар ара-сында келесі ойынға үлгерсем деп жатқан жастар бар екені қуантады. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жабылу салтанаты 13 қыркүйекте өтті. Ұйымдастырушылар бюджеттің қысқартылуына байланысты салтанатты іс-шара хаттамалық форматта, көрерменсіз өтетінін хабарлады. Оған тек спортшылар қатысты. 

Жазира БЕКБОЛАТОВА

«Ұлан» газеті, №38
17 қыркүйек 2024 жыл

1358 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор