- ҰЛАН
- 31 Шілде, 2024
Ұлттық аспаптар музейіндегі жәдігерлер сыры

Достар, бүгін тағы тарихқа бойлап, қазақ халқының дәстүрлі өнер жәдігерлерімен танысамыз. Алматыдағы Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде болып па едіңіз? Жылда бұл тарихи ғимаратты тамашалауға көптеген турист келеді. Әсіресе жаз айларында. Сыртқы келбетіне қарап музей деп ойламайсың. Жақында тағы жолым түсіп, ішін аралап шыққан едім. Өте құнды аспаптармен толыққан мемориалдық залдағы маған жақын аспаптардың бүгін сырын ашпақпын.
Сарыарқаның дарынды талант иелерінің біршамасын танимыз. Солардың ішінде Қарағанды облысының Қоңырат кентінен шыққан домбырашы, күйші-композитор, Қазақстанның Халық артисі Мағауия Хамзиннің есімі ерекше. Дәл осы тұлғаның екі ішекті, жиырма пернелі, жұмыр шанақты ерекше дизайнда жасалған музыкалық аспабы бірден көзіме түсті. Неге дейсіз ғой? Оны өзіңіз де суреттен байқап отырған шығарсыз.
Айта кету керек, музей XX ғасырдың сексенінші жылдары құрылған. Алғашында Қазақ-станның өзге облыстары мен жеке адамдардың ынтасымен жиналған 300-ден астам жәдігер XIX ғасырдың ортасында Верный қаласының ақсақалы Ахмед Сейдалинге арналған тұрғынүй ғимаратында сақ-талған болатын. Бұл үйді сіз де байқаған боларсыз. Ол Арбатта орналасқан. 1887 жылғы Алматыдағы ірі жер сілкінісінен кейін аман қалған ғимараттың бірі болса керек. Ақсақал сол жылдары үйсіз қалған адамдарға көмек қолын созған.
1917–1919 жылдары ғимаратта РКП(б) облыстық ұлттық бөлімі орналасқан. Кейін комиссариаттың баспасөз бөлімі қазақ тіліндегі газетті дәл осы үйде шығарған. Кейіннен газет «Ұшқын», содан кейін «Жетісу» болып өзгертілді. Ал 1980 жылы Ахмед Сейдалинге арналған тұрғынүй Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейі болып ашылды. Үш жылдан кейін музей 28 гвардияшыл-панфиловшылар саяба-ғындағы Офицерлер үйінің жанындағы ағаштан жасалға ғимаратқа ауысады. Ал Ахмед Сейдалинге арналған тұрғын- үйге 2000 жылдары солтүстік және батыс жағынан шағын кәсіптік обьектілер қосылады. Кіріп көрген болсаңыз ғима-раттың өзінде көптеген қосымша кіреберістері бар. 2019 жылғы мәлімет бойынша бұл үйге Д.Қонаевтың халықаралық қоры жайғасып, үш кафе және аяқкиім дүкені ашылған.
Бүгінде Алматы қаласының жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген.
Музейдің жаңа орналасқан ғимаратының да тарихы тереңде. Ашық дереккөздер офицерлердің жиналысы өтетін ғимарат әскери және мәдени-ағарту орталығы ретінде құрылған дейді. Оның жобасын 1978 жылы Ю.Ратушный, О.Балықбаев, Т.Ералиев, Н.Разин және т.б. сынды археологтар мен конструкторлар жасап шыққан. Ғимараттың саябақтағы «Даңқ» мемориалымен үндестік табуы қаланың жаңа бір алаңының негізін жасады. Ол 1991 жылға дейін Қызыл Тулы Орта Азия әскери округінің мәдени-ағарту мекемесінің әдістемелік орта-лығы болды.
Қазіргі кезде офицерлер үйі көп салалы қызмет атқарады. Ал ағаш үй болса музейге айналды. Бүгінде мұражай қорында 2 мыңнан астам аспап бар. Осы экспонаттарды ертеректе мұражай қызметкерлері жинақ-тап, сақтаған. Кейін келе, 1990 жылы 11 наурызда мұражай XIX-XX ғасырларда өмір сүрген қазақ халқының атақты күйші-қобызшысы, сонымен қатар композитор, қылқобыз шебері Ықылас Дүкенұлы атына өзгер-тілді.
М.Хамзиннің домбырасы музейдің мемориалдық залында тұр. Онда қазақ халқы музы-канттарының 25 түпнұсқа аспабы сақталған. Олардың қатарына Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Дина Нұрпейісова, Кенен Әзірбаев және өзге де тұлғалардың домбыралары мен Шашубай Қошқарбайұлы, Нартай Бекежановтың сырнайлары бар. Құрманғазы Сағырбайұлының аспабы ғана көшірме. Оның түпнұсқасы Ресейдің Астрахань қаласында сақтаулы. Ең көне жәдігер Махамбет Өтемісұлы-ның домбырасы екен. Мұра-жайдың экскурсоводы Данияр Жанқабаевтың мәліметінше, аспаптар тікелей музыканттар-дың ұрпақтарынан жинақталған. Сондай-ақ, 1981 жылы Өзбекәлі Жәнібековтің ықпалымен өңір-лік мұражайлардан әкелінді.
М.Хамзиннің домбырасының шанағы жеті бөліктен кұралған. Негізгі дыбыс ойығы және қосымша ирек тәрізді екі дыбыс ойығы бар. Аспап фабрикалық үлгіде жасалған. М.Хамзиннің күйшілігімен қатар домбыра аспабын өзіне лайықтап жасайтын қолөнер шеберлігі де болған. Күйші бұл домбыраның негізгі бет тақтайының үстін дыбысын күшейту мақсатында қосымша бет тақтайлармен жапқан. Сондықтан да оның дизайны ерекше. Домбыраны 1983 жылы Алматы қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы музыкалық аспаптар мұражайына Мағауия Хамзиннің өзі тапсырған.
Бүгінде бұл экспонат көпшіліктің назарын өзіне аударып тұр. Атақты композитордың үлкен атасы Әшімтай мен өз әкесі Хамза да домбырашы болған. Баласының тума дарынын бай-қаған әкесі оны өнерге баулиды. Ол Тәттімбеттің, Тоқаның, Дайрабайдың, Әшімтайдың, Қыздарбектің, Сембек пен Әбдидің, өзінің ұстазы Аққыз Ахметқызының және басқа да халық композиторларының мұраларын кейінгі ұрпаққа жеткізуші, әрі насихаттаушы. Сондай-ақ, Моцарт, Брамс, Рахманиновтың классикалық шығармаларын тұңғыш рет домбыраға салып орындаған күйші. Өз жанынан «Балқаш толқыны», «Тоқырауын тол-ғауы», «Белгісіз солдат», «Шопан күйі», «Жамбыл толғауы» және өзге де күйлер шығарған.
Кезекті құнды жәдігер – халық ақыны, әнші, композитор Шашубай Қошқарбайұлының сырнайы дер едім. Ол қазіргі Қарағанды облысы Қоңырат кентінде дүниеге келген. Жасынан түрлі аспаптың құлағында ойнап, ән салуға, өлең шығарып, серілік құруға әуес-
тенген. Бала кезінен айтысқа түсіп, суырыпсалма ақындығы-мен де ерекшеленген. Халық от ауызды, орақ тілді, сан қырлы өнерпазды «Алмас тілді Шашубай», «Жорға Шашубай», «Жүйрік Шашубай», «Жыр думанның дию перісі» деп те атапты.
Сонымен қатар, Шашубай халық әндері мен қисса-дас-тандарды және толғауларды жатқа білген. «Тоты», «Қамбар батыр», «Ақтамберді», «Сұраншы Бөкей» дастандарын ел ішінде айтып жүрген. Өзі де ән шығарған. Шашубайдың «Майда қоңыр», «Ырғыма-сырғыма», «Мамық қызға», «Ақ қайың», «Сырлы қайың», «Жамалға», «Кербез кер» және басқа да әндері көпшілікке мәлім.
Ш.Қошқарбайұлының сыр-найының шанағы төртбұрыш тәрізді. Басқыштары екі қатар етіп орналасқан. Оң жақтағы бас- қыштар саны 21, сол жағында –
12. Теріден жасалған ілгіші бар. Өрнектелген. Жасаған шебері мен нақты уақыты туралы дерек жоқ. Музей қорына 1983 жылы Қазақстанның орталық музейі қорынан алынды.
Бетті дайындаған Олжас ПАВЛИК
Суреттер автордыкі

3151 рет
көрсетілді0
пікір