• ҰЛАН
  • 30 Шілде, 2024

Қазақстан Оңтүстік Кореяда танымал бола бастады

Аружан Серікқан – Оңтүстік Кореяның Ханяң университетінің магистранты. Қазір маркетиң саласы бойынша білім алып жатыр, жақында оқуын тәмамдайды. Семей қаласында туып-өскен қарапайым қыз қалай Оңтүстік Кореяның үздік ондығына кіретін университетінде оқып жүр? 
 

– Оңтүстік Кореяға жол қалай ашылды? Оқуға түсу қиын болды ма? Арнайы сынақ тестін тапсырдыңыз ба?
– Бакалавриатты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да аударма ісі мамандығы бойынша оқыдым. Корей тілін таңдап, үйрендім. Оңтүстік Кореяда оқуды жоспарлап, іздендім. Ұзақ дайындығымның арқасында грантқа түсу қиын болмады. Оңтүстік Корея үкіметі жыл сайын GKS бағдарламасы аясында арнайы грант бөледі. Үш кезеңнен тұратын арнайы сынақтан өттім. 
–  Корейлік оқытушылардың білім беру әдістері қандай? Сізге несімен ұнайды?
– Оңтүстік Кореяда ғылымерекше бағаланады. Профессор-лар әр студенттің дипломдық жұмысының ғылымға үлесі тигенін қалайды. Ғылыми жаңалығын мұқият қадағалайды. Тіпті студенттер емін-еркін зерттеу жүргізуі үшін арнайы кабинеттер де ашып қойған. Мұнда таңнан кешке дейін отырып, ғылыми жұмысыңмен  айналысуға болады. Осы жағынан олар алда тұр деп ойлаймын. 
– Жатақханада тұрасыз ба? Тұратын жеріңізді мемлекет қамтамасыз ете ме?
– Жатақханада бір жыл ғана тұрдым. Одан кейін пәтерге көштім. Мен білім алатын университет тұратын жермен қамтамасыз етпейді.
– Сізден басқа қанша қазақ-стандық сол университетте білімалып жатыр? Бір-біріңізді көр-генде туған бауырыңызды көр-гендей қуанатын шығарсыздар?
– Мен оқып жатқан универси-тетте қазақ аз. Бірақ жалпы Оңтүстік Кореяда білім алатын отандасымыз әжептәуір көп. Кездесулер ұйымдастырып тұра-мыз. Бір-бірімізді көргенде қуанып қаламыз, тез достасып, араласып кетеміз. KSAK деген студенттік ұйым бар. Міне, солар мерекелерде жиі іс-шаралар ұйымдастырады. Тәуелсіздік күнінде, Наурызда арнайы бас қосып, атап өтеміз. Өкініштісі, Оңтүстік Кореядағы Қазақстан елшілігі осындай қуаныштарда студенттерге қолдау көрсетпейді. Шетелде жүргендіктен, демеу күтеміз, ұлттық мейрамдарымыздың жоғары деңгейде атап өтілгенін қалаймыз. Бірақ студенттер бүкіл қаражатты қалтасынан шығаруына тура келеді. Іс-шара өтетін мекемелерді жалға алып, өз көңілімізді көтеруге тырысамыз. 
– Корейлер Қазақстан туралы біле ме? Жалпы, қазақ студенттеріне көзқарасы қандай? Шетелдік білім алушы-ларға қабақ шытып қарайтын кореялықтар бар ма? Білуіміз-ше, Кореяда буллиң, ұлтқа, нәсілге бөліну ұғымдары кең тараған...
– Алғаш келгенімде, 2019 жылы корейлер Қазақстан туралы көп біле бермейтін. Ал қазір еліміз мұнда танымал бола бастады. Иә, Оңтүстік Кореяда буллиң және ұлтқа бөліну бар. Бірақ бұл мәселемен өзім ешқашан бетпе-бет келген емеспін. Маған тек жақсы корейлер жолықты. 
– Оңтүстік Кореяда тұрып жатқаныңызға да біраз уақыт болды. Шығын көп пе? Мәселен, қарапайым студент  бір айда қанша қаражат жұмсайды? 
– Мен 1 миллион 300 мың вон шәкіртақы аламын, қазақстандық валютамен 400-500 мың теңге. Пәтерді өзім төлеймін. 
Керек-жарақты есептеп, айлық шығынды санағанда кемінде 400-500 мың кететін сияқты. Оңтүстік Кореяда баспаналарды жалға алу 130 мың теңгеден басталады. Мысалы, медициналық сақтандыру 21 мың теңге. 
– Оңтүстік Кореяның салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі, тағамдары біздікіне ұқсамай-ды. Адаптация қанша уақытқа созылды?
– Салт-дәстүрімен, тағамда-рымен келмей тұрып таныс болғандықтан ба, тез үйреніп кеттім. Ал, тұрмыс-тіршілігіне бір жылдай адаптация болды. 
– Оқуды аяқтаған соң Отаныңызға оралып, осында қызмет ету ойыңызда бар ма? 
– Бұйырса, жақында диплом аламын. Университет бітірген соң әзірге Оңтүстік Кореяда қалуды жоспарлап отырмын. Себебі, Қазақстанға мықты маман боп оралғым келеді. Осында біраз жұмыс істеп, тәжірибе жинасам деймін. 
– Барлығы Оңтүстік Кореяны тек дорамадағыдай елестетеді. Дегенмен, әр жер-дің өз кемшіліктері болатыны сөзсіз. Кореяның өзіңізге ұнамайтын қандай тұстары бар?
– Оңтүстік Кореяда бәрі жылдам. Қызмет көрсету бойынша шапшаң болғаны, әрине, жақсы. Бірақ осындай жылдамдық кейде күйзеліске түсіреді. Үйде бостан-бос жата алмайсың, әрдайым қозғалыста болуың керек. 

2907 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор