- Өнертапқыш
- 19 Шілде, 2024
Егін суаруға көмектесетін құрылғы жасады

Сәлем, досым! Жазғы дема-лысың қалай өтіп жатыр? Уақытыңды тиімді өткізіп жүрсің деп ойлаймыз. Газетіміздің әр санында саған пайдалы дүниелер туралы жазып жүрміз. Соның бірі – робототехника саласы. Қазір робототехниканы хобби ретінде ғана емес, өз кәсібіне айналдырғысы келетін бала көп. Бұл жолы да сондай балалар туралы айтпақпыз. Семейлік Tengri командасы Қазақстанда ғана емес, шет елде де өнер көрсетіп үлгерген. 8–11-сынып оқушыларынан жасақталған команда мүшелері Шәкәрім атындағы №5 гимназияда оқиды. Сәуір айынан бастап бірге жұмыс істеп келеді екен.
«Робототехника біз үшін қызық сала. Бірақ біздің клуб тек қана роботпен шектелмей, балаларды 4 түрлі салада дамытады. Команда мүшелері роботпен, фото-видеомен, ЗD модельдеумен де айналысады. ҚХР-да өткен First Tech Challenge China жарысына қатысып, жүлделі орын алдық», – дейді команда мүшесі Нұркен Төлеубек. Иә, мамыр айында Tengri командасы Шанхайда өткен First Tech Challenge China Global Robotics чемпионатына қатысып, жүлдегер атанды. 300-ге жуық жас роботшы қатысқан байқау қорытындысы бойынша орта есепте робот ойыны 2-орын, Motivate Award номинациясы бойынша 1-орынды иеленген. Ал бұған дейін команда егін шығынын азайтудың жолын тауып, жобаларын таныстырған еді.
«Қазір күннің ыстығынан, жаһандық жылынудың әсерінен егін шаруашылығы азайып жатыр. Бұл, әсіресе, біздің облыста өзекті. Егінді жет-кіліксіз суарғандықтан, өсімдік аурулары пайда болып, топырақтағы қоректік заттар жоғалады. Ал біз жасаған Antsow құрылғысы мұндай шығындардың алдын алуға көмектеседі. Құрылғы фермерлерге егінді қашан суару керегін нақты білуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде жеткіліксіз немесе артық суарып қою мәселесі болмайды. Бұл жобаны басқа облыстарда сұрап жатқандар бар. Мұндай құрылғылар smart фермаларды құру жолындағы маңызды қадам деп ойлаймыз. Жақын арада телефонға арналған қосымша да пайда болуы мүмкін».
Қытайға бармас бұрын олар Индонезияны да бағындырған екен. Нұркеннің айтуынша, Nusantara championship жарысын-да команда Robot game бағыты бойынша 3-орын алған. «Жарыс өте жоғары дәрежеде өтті, қарсыластар да мықты болды», – дейді. Тамыз айында Алматы қаласында робототехниктерге арналған First Global Challenge Central Asia жарысы өтеді. Жасөспірімдер бұл сайысқа робот жасап жатыр екен. «Алматыда өтетін жарысқа дайындық өте қарқынды жүріп жатыр. Әрине, жарыс болған соң, қобалжу бар, бірақ атымызға затымыз сай болып тек биіктен көрінгіміз келеді. Біздің мақсат – финалға өту. Қазақстанның намысын әлемдік аренада қорғауымыз керек. Сондықтан бұл жарыстың біз үшін маңызы зор», – дейді Нұркен.
Бізді команданың атауы мен логотипі де қызықтырды. Олардың айтуынша, бұл Хан Тәңірі тауымен байланысты. Қазақстанның ең биік нүктесі осы болғандықтан, олар да әрқашан бірінші болуды армандайды. Ал түркі халқы байырғы кезде көк бөріні пір тұтқандықтан, тудағы белгіні тарихпен байланыстыруды жөн көрген. Робототехника саласы қарқынды дамып жатқаны бәрімізге мәлім. 7 ақпан ғылымның осы саласына арналған екен. Дүниежүзілік робототехника күнінің мақсаты – роботтардың біздің өмірімізге оң әсерін тигізе алатын қоғам құру ғана емес, сонымен қатар, жастардың ғылыми, техникалық, инженерлік және математикалық пәндерге қызығушылық танытуын ынталандыру, оларды робототехника саласындағы мансаптық жолда дамуға шабыттандыру. Техниканы дұрыс бағытта пайдаланғысы келетін әрбір жас робототехникке биік белестерді бағындыруына тілектеспіз. Ал Абай облысының намысын қорғап жүрген Tengri командасына алдағы сайыстарға сәттілік тілейміз.
Ділназ ШАЙМҰРАТОВА
«Ұлан» газеті, №30
23 шілде 2024 жыл

3292 рет
көрсетілді0
пікір