• ҰЛАН
  • 22 Шілде, 2024

Кішкентай балалардың үлкен досы

Балаларға арналған кез келген дүние маңызды. Себебі олар тұтынған кез келген өнім оның болашағына әсер етпек. Балаларға арналған кітапты таңдай білу де осыған жатады.

Балаларға арнап көркем шығарма жазатын қазақ қаламгері некен-саяқ. Оның бір себебі – жауапкершіліктің молдығынан. Көп жағдайда үлкен адамнан гөрі баланы алдау қиын. Ал өлеңге – көркем шығармаға өтірік жүре ме?! Қазақ балалар әдебиетіне еңбек етіп жүрген сол аздың бірі – Болат Үсенбаев. Ұзақ жылдар «Балдырған» мен  «Ақ желкен» журналында қызмет етті. Балалар әдебиетінің классиктерінің тәрбиесін көрді, балаларға арнап жазудың қыр-сырын меңгерді. 2022 жылы жарық көрген «Тәуелсіздік деген не?» кітабы – сол тәжірибенің жемісі. Кітапты оқып шыққандағы әсеріміз бен кітаптың жаңалығы жөнінде әңгімелесек дейміз. Кітап ә дегеннен патриоттық тақырыптағы өлеңдер топтама-сынан басталады. Бала дегенің ұраншыл, қызба келмей ме?! Мұндағы өлеңдер де балаға шабыт береді, кей жерде аттандатып жіберетіндей. Тіл туралы «Жүрегіңнің бөлшегі», патриоттық тақырыптағы «Отан – ана», «Ұланымын ұлы Отанның» тақпақтары ұрандатып қана қоймайды, жаттауға жеңіл һәм мағыналы.

Осы тарауды оқығанда еске бір оқиға түсті. Қаладағы мектептердің бірінде тіл мерекесіне орай байқау өтті. Байқаудың шарты – тіл туралы өлеңдерді жатқа оқу. Өкінішке қарай, балалардың бәрі бірдей бір-екі өлеңді ғана жаттаған боп шықты. Мұғалімдердің айтқаны – тіл туралы өлең аз. Шынында аз ба, әлде ізденіс жоқ па? Меніңше, екіншісі. Әйтпесе, «Тәуелсіздік деген не?» кітабында тіл туралы өлең де, тақпақ та жетерлік.
Тілін білмес түлейлерден сескендім,
Шылауында жүрмін бе әлі Мәскеудің?
Зауал шығар өз тіліңе зәрулік,
Қор болдың-ау, қайран тілім – қастерлім! – деп кейде батыл жырлайтыны бар автордың. Осы тараудағы «Бәйгеде» өлеңі балалар поэзиясының қандай болу керегіне керемет мысал бола алады. Онда әдемі суреттеу де, әйбат ой қорыту да бар. Мұндай өлең кітапта молынан кездеседі. 

Балаларға арналған өлеңге ең керегі – тапқырлық. Онсыз кішкентай оқырманды еліту мүмкін емес. «Тапқырлық демекші, біздің қазақ балалар поэзиясының ең осал, ең бос жері осы тапқырлыққа байланысты. Әлімсақтан бергі әдебиетті өзіміз өмір сүріп отырған ғарыш заманына шейін белі қайыспай сүйретіп әкелген де тапқырлық емес пе?! Арғы-бергі әдебиет тарихы осыған айғақ қой. Енді сол тапқырлық аталатын құдірет тапшылық етіп жатса, қазақ балалар поэзиясының хал-күйі қандай болмақ десеңізші!.. Қанша тапқырлық болса, сонша жақсы шығарма, қанша жақсы шығарма болса, сонша тапқырлық бар. Олай болса, тапқырлық деген ұғымның мағыналық ая-аумағы өте-мөте кең де, жалпы әдебиет үшін атқарар міндеті де орасан үлкен. Оған мазмұн мен түр де, ой мен образ да, сюжет пен композиция да – барша-баршасы жатады. Тапқырлық – бір ойды бірінші рет айту, тапқырлық – бірінші рет солай суреттеу, тапқырлық – ескіні су жаңа етіп бірінші рет қайта құлпырту, тапқырлық –  бірінші рет жаңа түрге жол салу. Қысқасы, тапқырлық – тапқырлық қана, оны басқаша атауға болмайды» – дейді Қадыр Мырза Әли. Әлбетте, тапқырлықсыз балаларға арнап жазу мүмкін де емес. Болат аға мұны жақсы түсінеді. Сосын да «Кілемді неге сабайды?»,  «Төрт аяқты тауық», «Дидар неге «екі» алды?» секілді өлеңдер жазды. Біріншіден, өлеңнің атауы қызық. Екіншіден, оқырман күтпеген түйін жасайды. 
«Оны неге сабайды?» – 
Деп Қанайбек қарайды.
Құрал оған жөн айтты,
Көргендей-ақ талайды:

– Кінә өзіңде, есіңе ал,
Дәнеңе жоқ шошынар.
Шаңға аунамай жәй жүрсе,
Сабап оны несі бар?! – деп кілем туралы қызықты етіп жазып қана қоймай, балаға ой тастайды. 

Әр заманның өз жыры бар. Әсіресе ол жыр балаларға келгенде өте кірпияз. Демек бүгінгі балаларға бүгінгі тақырып керек, бүгінгі өмір керек. Олар да өлеңнен өзін көргісі келеді. Кітаптағы «Р» әрпін айта алмайтын Жанайдар, автобуста орнын босатқысы келмей өтірік ұйықтап қалатын Разақ – бүгінгі кейіпкерлер. Бұл өлеңдерді оқыған Жанайдар мен Разақтар мұндай әшкере өлеңге кейіпкер болғысы келмейтіні анық. Дегенмен мұндай өлеңдерде дидактика жоқ. Балаларға арнап жазудың қиындығы айтудай-ақ айтылып жүр. Максим Горькийдің «Ең қиын өнер – балаларға арнап жазу» деген сөзін алғысөз етіп алған мақала қаншама! Соның ішіндегі ең қиыны – тақпақ. Тілі жеңіл, мазмұнды, бір естігеннен жатталып қалатын тақпақ жазуға балалар қаламгерлерінің өзі едәуір қиналады. Балаларға арналған кітаптарды ақтарып көрсеңіз, тақпақты әрең іздеп табасыз. Өйткені, жазу қиын. Ал Болат Үсенбаевтың кітабында ол бірнеше жерде кездесіп қалады. «Балабақша жырлары» атты арнайы тарау да бар. «Ұялшақ» деген тақпағын алып көрейік.
Дарын неткен ұялшақ,
Бере алмады бір ән сап.
Ешкім жоқта үйінде,
Айғайлайды ұран сап.
Бір-ақ шумақ тақпақ. Осы бір шумақта мазақтамаға, өлеңге тән ережелер сақталған. «Тігінші» деген тақпағы да жәй жазыла салмаған, баланы олақ болмауға шақырады.
Үйренем деп тігуді,
Гүлсім іске жұмылды.
Ұмытыпты тігінші,
Жіптің ұшын түюді.
Осындай көркемдікке құрылған тақпақтарымен де бұл кітап – балабақша тәрбиешілеріне керек құрал. Әйтпесе, әлеуметтік желілерден алынған, көркемдік тұрмақ, ойы мен ұйқасынан жұрдай шимайларды жаттап жүрген балақайларды көріп-ақ жүрміз. Жалпы балабақша мамандарының балалар әдебиетімен біршама таныс болғаны керек-ақ. Себебі балаларға арналған шығармаларда тәрбиешілер байқамайтын, тіпті ата-ана сезбейтін дүниелер бар. Ол сезгіштік, ол байқағыштық ақын-жазушыға берілген қасиет. Ол сонысымен де қолына қалам алады. Балалар әдебиетіне, балалар басылымына жас кезінен бері қызмет етіп келе жатқан Болат Үсенбаевтың әлгіндей жайларды байқамауы мүмкін емес. Кітаптағы өлеңге құрыл-ған ертегілер мен аңыздар да – ата-ананың балаға оқып беруге тұрарлық шығармалар. 

«Табиғат – тылсым әлем» бөліміндегі өлеңдер балаларды экобелсенді болуға үндейді. Экология – адамзат тақырыбы. Бірақ автор мұны дабырайтпай, нәзік жырлайды. Мысалы, «Эколог әже» өлеңінің атауының өзі қызық. Ол қандай әже болды деп, өлеңге бірден бас қоясыз. Сөйтсек, ол ешқайдан келме-ген, экологтың ешқандай оқуын оқымаған, бәріміздің қарапайым әжеміз екен. «Көкті жұлма», «Құсқа тас атпа», «Суды ысырап етпе» деп бәріміздің әжеміз айтады емес пе? Ендеше, бәріміздің әжеміз эколог екен. Автор осылайша эколог болудың ешқандай қиындығы жоғын, әжеңнің айтқанын тыңдап жүрсең, қоршаған ортаға тигізер көмегіңнің көп екенін айтады. Кітапты оқып шыққанда авторды үлкен ата емес, мектеп оқушыларының бірі емес пе деп қаласың. Себебі ол бүгінгі балалардың тыныс-тіршілігін біледі, кейбір мінездерін әшкерелейді, тәртіпті балалардың мақтауын асырады. Сөйтіп өзі олардың ақылшы досына айналады. Ондай досты балалар да теріс көрмесе керек.

 

1984 жылы ақын Мұзафар Әлімбаев Мемлекеттік сыйлықты алды. «Аспандағы әпке» кітабы балаларға арналған үздік кітап деп танылды. Оған дейін және одан кейін балаларға арналған кітап авторларына Мемлекеттік сыйлық берілмеді. Мәселе лайықты шығарманың, лайықты автордың жоқтығында емес. Мәселе – балалар әдебиетіне көңіл бөлінбей, қағажу көруінде. Егер балаларға арнап жазатын қаламгерлерге ондай құрмет көрсетілмесе, жас буын қаламгерлер балалар әдебиетіне мойын бұрып қарай ма?! Ескеретін дүниенің бірі осы.

Асылан БІРЖАНҰЛЫ

«Ұлан» газеті, №30
23 шілде 2024 жыл

3880 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор