- ҰЛАН
- 22 Шілде, 2024
Бұрынғы «ұландық» болмайды...

Достар, міне, биыл тағы бірқатар жас тілшіміз мектеп бітіріп, арман қуып Алматыға келді. Шығармашылық емтихан біткен соң, өздерімен табиғат аясында бас қостық. Бір-бірімізді танып, бір-бірімен таныстырып «өзіміз отырып шәй іштік». Жылдағы дәстүр бойынша ортамызға аға буын жас тілшілеріміз де қосылды. Жалпы, біздің кездесулер мықты маман, жақсы адамсыз өткен бе? Бұл жолғы қонағымыз маркетолог, жазушы Мирас Кесебай болды. Айтпақшы, Мирас ағаларың өздерің сияқты «Ұланның» оқырманы болған. Газет бетіне талай әңгіме, өлеңі шыққан. Соның арқасында жас тілші де атанған. 2006 жылғы жас тілшіміз әңгімесін естеліктерден бастады.
– Алдымен танысайық! Тәуелсіздіктің құрдасымын. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Түгіскен деген ауылда туып-өскем. Өздерің секілді қарапайым ауыл баласымын. ҚазҰУ-да маркетиң мамандығын оқыдым. Қазір KitapAl компаниясында маркетиң бөлімінің басшысымын. «Қазақстан-zaman» газетінде журналист, «Мөлдір бұлақ» журналында дизайнер болып істегенмін. Ой, мен не істемедім? (күліп). Фотограф та болғанмын. «Жұлдыздар отбасы» деген журнал естеріңізде болар. Сол журналдың соңғы бетінде болатын сөзжұмбақты екі жылдай мен құрастырдым. Бұл мидың жұмысын қатты талап ететін іс еді. 2018 жылы KitapAl дүкені қағаз жүзінде құрылды. Соған маркетолог ретінде бардым. Іс жүзінде бәрі нөлден басталды. Иә, негізгі жұмысым маркетиң. Ал кітап жазу – хоббиім. Жұмыс уақытынан тыс кезде кітап жазамын. Күніне бір бет, кейде үш бет, кейде бес бет жазамын. Кейде бір апта ештеңе жазбай қоямын. Жұмыс уақытында жазсам, кітабым компанияның меншігіне айналып кетеді, ақысына кіріп кетуім мүмкін.
Оқушы кезімде «Ұланның», «Мөлдір бұлақтың», «Айгөлектің» жас тілшісі болғанмын. «Ұландағы» әңгіме, өлеңдерді оқи берген сайын бойымда белгілі бір қабілеттер ояна бастады. Бір нәрсе жазғым, құрастырғым келіп тұратын. Екінші сыныпта «тересің», «бересің»деген сияқты қарапайым ұйқастармен алғашқы өлеңімді жазғам. Өлеңдерді көп оқығанның арқасы ғой. Әділ Балта деген кісінің жазғандарын қатты жақсы көретінмін. Қысқа жазатын, бірақ, адамның миына келмейтін қызық шығармалар еді. 2006 жылы «Ұлан» газеті Астанада «Қаламгер азамат» деген халықаралық фестиваль ұйымдастырған. Сұлтан Қали газеттің редакторы еді. Германиядан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Украинадан, Ресейден оқырмандар келді. Мен ол кезде 8-сыныпта оқимын. Түркістаннан Астанаға автобуспен барғанмын. Барсам, кілең жастар. Бізді оқу орнының жатақханасына орналастырды. Бес күн сонда болдық. Ақбота Мұсабекқызы, Әйгерім Бегімбет деген жас тілшілермен сонда танысқанбыз. Әлі күнге дейін доспыз.
Небір қызықтар есіме түсіп отыр. Ұланда «Дос іздеймін» деген айдар болатын. Сол айдарға «Менің атым – Мирас, дос іздеймін» деп хат жазғанмын. Артынша 50 хат келді! Ашсам, бәрі қыздардан келіпті. Анам тарих пәнінің мұғалімі. Күн сайын хат алып келетін, кейде шыдамай оқып алады. Барлық хатқа жауап жазғызатын. Он адамға жазған соң ерініп қаламын. Ол кезде принтер деген жоқ. Бір жазғаныңды бәріне көшіріп, атын ғана өзгерте салатындай емес. А4 қағазына қаламсаппен жазатынбыз. Бір шеті бүлінсе, мені сауатсыз деп ойламасын деп, жаңа параққа қайта көшіріп жүретінбіз. Әдемі шыққан суретімізді, 50 хат келсе, 50 дана шығарып, әрқайсына жіберуші едік. Университетке түскенде сол «ұландықтардың» көпшілігімен кездестім. Ал хаттар қазір үйде сап-сары болып тігіліп тұр. «Ұланның» бұрынғы тігінділері де тұр. «Ұлан» – сол заманның телефоны, интернеті болды.
«Ит мінезімді» қалай түзедім?
Мирас Кесебай бірнеше кітаптың авторы. Кітаптары сұранысқа ие, өздерің де оқып жүрген боларсыңдар!? Мысалы, «Жылдам оқы» кітабы бес есе тез түсіну, оқыған кітапты ұмытпай есте сақтап қалу техникаларын үйретеді. «Екі айда ағылшын тілін үйрен» кітабының атынан-ақ не туралы екенін біліп отырсыңдар. Есте сақтау қабілетін арттыруға арналған кітабы – «Супержады». «Мінезді өзгерту алхимиясы», «Нағыз жігіт»... Соңғы аталған екі кітаптың жазылу тарихы бір бөлек.
– Шынында, менің мінезім өте нашар болған. Анамның өзі «сенің мінезің – ит мінез» деп айтатын. Ешқандай ана баласына жаман нәрсе айтпайды ғой. Бірақ мамам мінезімнің нашар екенін мойындайтын еді. Мысалы, ашуланғанда есікті тарс жауып кету, асығыс шешім қабылдау, тәкаппарлық... Мектепте жақсы оқығанмын. Бәлкім, нашар оқитындарды менсінбейтін кездерім болған шығар. Алматыға келген соң кітап оқып, өзіммен жұмыс істеп, өзгердім. Дегенмен, әлі күнге дейін ашуланшақпын. Бірақ қазір ашуды тізгіндей білемін. тәжірибеме сүйеніп, «Мінезді өзгерту алхимиясын» жаздым.
Кітап саласында істеп жүріп байқағаным, бізде жігіттерге арналған бірде-бір кітап жоқ. 7 мамырдың кезінде жігіттерге қандай кітап сыйласақ болады деп сұрайды. Біз тек Бауыржан Момышұлының кітаптарын береді екенбіз. «Әйел бақыты», «Әйел бақытының сыры», «Ең бақытты әйел», «Сен жалғыз емессің», «Жүрек тыныштығы» – бәрі әйелдерге арналған. Оқырманның 74 пайызы қыздар екен. Яғни қыздар дамып келе жатыр, жігіттер қалып қойды. Әрине, қыздардың дамығаны жақсы. Бірақ жігіттер олардан көбірек дамуы керек. «Нағыз жігіт» осы себептен жазылды. Мысалы, қызға қырық үйден тыйым десек, ұлдардың бойында да болу керек қырық қасиет туралы жазғым келді. Жауапкершілік, адалдық, еңбекқорлық, пысықтық... Қазір ешкім ақыл айтқанды ұнатпайды. Жігіттер батыр болу керек, жауапкершілігі мол болу керек десең, ешкім оқымайды. Сондықтан, мен кітапта батырлық десем, Бауыржан Момышұлының өмірінен оқиға келтірдім. Яғни, сен батыр бол деп тіке айтылмайды. Әр қасиетті өмірден алынған оқиғалармен түсіндіруге тырыстым. Кітап жеңіл оқылады.
«Мұрында он миллионға жуық рецептор бар»
Мирас Кесебай кітапты көтерер жүгіне, айтар ойына байланысты, әдетте 6 айға жуық уақытта жазып бітіреді екен. Ал қазіргі жазып жатқан кітабы ұзаққа созылыпты. Себебі бұл кітап терең ойлану туралы екен.
– Өздеріңіз де білесіздер, біз қазір терең ойланбаймыз. Бес секунд босасақ, телефон ұстаймыз. Ойланғымыз келмейді. Өзіміздің ойымызбен жалғыз қалғымыз келмейді. Сол үшін бірден телефон қараймыз. Адамды ең қатты ойландыратын нәрсе – кітап оқу. Өйткені шамамен екі жүз бет бір идеяға арналады. Қолыңда тек бір кітап болғаннан кейін, оқып отырып ойланасың. Ал телефонда бір видео көрсең, ойланып үлгерместен, екіншісіне өтіп кетесің. Кітап оқып отырып, конспект жазасың, кей жерінде авторға қарсы шығасың немесе оған қосыласың. Бұл кітапты бастауыма тағы бір себеп, жастармен жиі сөйлесемін. Подкастта немесе жекеме сұрақ келеді. Біреу көзінің қысықтығына қысылады. Біреу мұрнының дөңестігіне, тағы біреу құлағым үлкен, ернім кішкентай дейді. Өз жаратылы-сына разы емес. Осы мәселені кітапта ашып жазып жатырмын. Мысалы, мұрынның өзінде он миллионға жуық рецептор бар. Ол триллиондаған иісті ажырата алады. Сүттің иісі, ашып кеткен сүттің иісі, айран болғандағы иісі, май жасағандағы майдың иісі, құрт жасағандағы құрттың иісі. Бір ғана сүттің неше түрлі иісін мұрын біледі. Мұрынға шынымен мән бермейміз ғой. Ал оның ішіндегі түктердің өзі ауаны фильтрлеп шаң-тозаңды ұстап қалып, ішке таза ауаны ғана жібереді екен. Қараңызшы, мұрын не деген махаббатпен, не деген шеберлікпен жаратыл-ған? Өзімнің де мұрным дөңес. Мұрын туралы білген соң, мұрныма деген құрметім артып кетті. Маған қандай мұрын берсе де керемет екен дедім. Сол секілді оқыған кезде, әр детальға терең мән беретіндей көз, құлақ, жүрек, жұлдыздар, жапырақтар, не бар – соның бәрін жаздым. Терең ойланған сайын жүрген құмырсқаға да құрметің арта бастайды. Әлемде әр жаратылыстың өз орны бар. Бес минут ойлансаң, небір жауаптар шығады. Тіпті ауырып қалсаңыз да, ойлансаңыз болады. Айталық, мен бір рет велосипедтен құлап қалдым. Не үшін құлап қалдым деп ойланған жоқпын. Бес минуттан кейін автобус келіп қысып кетті де, велосипедім соғылды. Өзім сальто жасап айналып түстім. Талып қала жаздадым. Абай көшесіндегі Сайран көпірінде болған оқиға. Сонымен судың жағасына барып едім, көзім ашылғандай болды. Қолым жара-жара. Қырық бес минут бойы отырдым. Бір адам келіп жағдайымды сұраған жоқ. Әркім өз қамымен жүгіріп жүр. Тек қолы иығынан шорт кесілген бір орыс кісі келіп жағдайымды сұрады. Су әкеліп, жедел жәрдем шақырып берді. Сол отырғанда, неге мен құлап қалдым деп ойландым. Біріншіден, алдымда бұдан да жаман нәрсе күтіп тұрған шығар? Екінші нәрсе, ауру арқылы мен жасаған бір кемшілік, күнәм, қателігім өшіп кеткен болар? Үшіншісі, біз біреудің ақысына кіріп кеткенде (өсек айту, белгілі бір жолмен көңіліне тию), оның ауырлығын намазбен, садақамен, оразамен кетіре алмаймыз. Оны аурудың ғана күшімен кетіруге болады. Өйткені адам ауырған уақытта қатты қиналады. Өмір қызық болмай қалады. Демек, менің осылай ойлануым керек болған ғой. Бұлай ойланбасақ, менің-ақ жолым болмайды деп жүреміз. Ойлана білсеңіздер, әрбір істің астарында үлкен хикмет жатыр.
АҚШ-та әдеби кітаптарға сұраныс көп
Басында айтып өткендей, Мирас қазір бірінші кезекте – маркетолог. Бірнеше баспада істеген. Біз одан маркетолог ретінде нарыққа қандай өзгеріс әкеле алғанын сұрадық.
– Қазақ тілінде кітап оқу сән деген идеяны алға шығарған сияқтымыз. Өйткені бұған дейін кітап саласында мүлдем контент болмайтын. Ал қазір өмірдегі оқиғаларды, адамдардың мінезін, ойын кітаппен байланыстырып контент жасап жатырмыз. Қазақша контент, оның ішінде кітап туралы ақпаратты көбейтіп жүрміз. Подкаст түсірдік. Подкастқа «кітапқа қызықпайтын едім, бірақ, осы подкасттан кейін кітап сатып алдым» деген пікір-лер жиі келеді. Енді біреулер бастап, кейін оқымай кеткен кітаптарын қайта оқып жүр екен.
Әңгімеміз кітап төңірегінде жалғасты. Қазір жастар арасында қандай кітаптарға сұраныс көп?
– Әлі тұлғалық даму кітаптарына сұраныс көп. Отбасылы әйелдер психологияға қатысты кітаптарды көп алады. Жастар өзін дамыту, миды ояту секілді кітаптарды іздеп келеді. Өзін танығысы келеді. Өзінің бойында қандай қабілеті бар екенін білгісі келеді. Бірақ дәл қазір АҚШ-та, керісінше, әдеби кітаптар зор сұранысқа ие. Дейл Карнегидің кітаптары 120 жылдан кейін қазақ тіліне аударылды ғой. Ал, америкалықтар психологияға әбден тойған. Қазір әдеби кітаптарға құнығып жатыр. Керемет әдеби кітап шығады, артынша фильмі шығады. Меніңше, біз де 15–20 жылда соған келеміз. Өйткені психология туралы оқып, бәрі мықты психолог болып шығады. Одан жалығып, әдеби кітаптар іздей бастайды. Бұл жерде маңыздысы – сұранысты қалыптастыру. Әдеби кітап сұралмады екен деп, шығармай қоюға болмайды. Шығарып, қайта-қайта жарнама-лату керек, жастарды қызықтыру керек.
– Қазір психолог, коучтар да кітап жазып жүр. Олар оқырманның қалыптасуына қалай әсер етті?
– Өз басым жазушының көп болғанын қалаймын. Бірақ, қазір 95 пайызы мотивациялық кітап жазып жатыр. Мен әр адам өз мамандығына қатысты кітап жазса екен деймін. Әлі күнге дейін тіс тазалау туралы кітап жоқ, инженерия, агрономия туралы кітап жоқ. Мысалы, Қазақстанда өлім себебі бойынша жүрек ауруы көш бастап тұр. Ал бізде жүрек туралы «Жүрегіңіз ауырмасын» деген бір ғана кітап болды. Авторы – режиссер. Өзі оқыған, жинаған ақпараттар негізінде жазған. Негізі ондай кітапты кардиолог жазуы керек еді. Кітаптың бағасы арзан болмаса да, тез сатылды. Себебі халықта денсаулыққа қатысты қорқыныш бар, ақпаратқа аштық бар. Әлі күнге дейін мамандық таңдауға қатысты кітаптар, яғни, салалық кітаптар жоқ.
«МІНСІЗ СТУДЕНТ БОЛУ МҮМКІН БЕ?»
Сәл күнде студент атанғалы отырған жас тілшілер көкейін-де жүрген сұрақтарды қойды. Мысалы, «мінсіз студент қандай болу керек?» дейді.
– Мінсіз студент болу қажет емес сияқты. Меніңше, студент кезде қателік жасау керек. Өміріңе зиян тигізетін қателік емес, қарапайым көшеден адасу керек. Өзімнің өкінетінім, студент кезімде бос уақытымды пайдалана алмадым. Тек ағылшын тілін үйрендім, басқа тіл үйренбедім. Үлкен компаниялардан тәжірибеден өтпедім. Өзім қатарлы жігіттер болды. Екі курс ҚазҰУ-да, қалған екі курс шетелде оқыды. Мен ондай мүмкіндікті пайдалана алмадым. Көп саяхаттамадым, көп қыдырмадым. Қазір университетке түсудің қажеті жоқ деп жатады. Міндетті түрде түсу керек. Рас, маркетиңді курстан да оқып үйрене аласыз. Бірақ сіз студент болу арқылы жаңа достар табасыз. Адамдардың жақсы, жаман қасиеттерімен жұмыс істеуді үйренесіз. Көптеген қабілетті студент болған кезде үйрене аласыздар. Сол үшін міндетті түрде студент болып, қазіргі ортадан, мектептен, ауылдан шығу керек. Өзіңе жауапкершілік алып үйрену керек.
– Әңгімеңізге рақмет!
«Өзіміз отырып шәй іштік»
«Ұлан» редакциясы ұйым-дастырған Summer party бәрімізге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «Ұландық» болу – жақсы орта, жақсы дос табу. Жыл сайын өткізілетін бұл іс-шараны «ұландықтардың» асыға күте-тіні сөзсіз. Жас тілшілер мен жас авторлардың бас қосуында ерекше адамдармен бірге керемет отырыстың куәсі болдық. Өз басым Summer party-ге барып, тамаша әсер алып қайттым. Көптен күткен кездесудің құрметті қонағы Мирас Кесебай ағамызбен сұқбаттастық. Ағамыз жылдам оқу, тез әрі түсініп оқу тәсілдері туралы, ағылшын тілін 2 айда меңгеру туралы таңғаларлық лайфхактар айтып берді. Бұдан бөлек Асылан Тілеген, Гүлфарида Зейнуллина, Нұрлыхан Жұмахан, Олжас Павлик, Назым Сапарова, Жазира Бекболатова аға-әпкеле-рімізбен «өзіміз отырып шәй ішейік» форматында әңгіме-дүкен құрып, тамаша атмосферада жаздың жарқын сәтін сезіндік. «Ұландық» тілшілермен қызықты ойындар ойнап, көңіл көтергеніміз де естен кетпес. Бұл естеліктер жадымда мәңгі қалары сөзсіз.
Ақнұр БАҒДАТ
«Ұлан» ұйымдастырған әрбір шараны тағатсыздана күттік
Жарқын жазда «ұландықтар» тағы да бас қосты. Есте қалатын ерекше күннің қонағы – Samga баспасы және Kitapal.kz интернет-дүкенінің маркетологы Мирас Кесебай. Ағамыз да оқушы кезінде «Ұланның» тұрақты оқырманы әрі авторы болған. Сондықтан бізге айтқан ақыл-кеңесі құнды әрі ерекше болды. «Кітапты қалай жазу керек?», «Тұлғалық даму», «Жаратылысқа разы болу», т.б. көптеген тақырып төңірегінде әңгіме қозғадық. Әдемі күннің ерекше естелігі – өзім қатарлас шығармашыл достарды кезіктіруім. Олар «Ұланның» талантты жас авторлары, арасында тіпті жас тілші куәлігін алғандары да бар. Барлығымыз қызықты ойындар мен сұрақ-жауап арқылы жақынырақ таныса кеттік.
«Ұланның» ұйымдастырған әрбір іс-шарасын тағатсыздана күтемін. Редакцияның жасөскіндердің көңілінен шығатын іс-шаралар ұйымдастыратынына үйреніп алдық. Жылы лебіз, шынайы көзқарас, мейірімді орта – барлығы «ұландықтарда» екені қуантады. Мен биыл Summer party-ға екінші жыл келдім. 2023 жылы да өте ерекше болған еді. Себебі «Ұланның» бұрынғы тілшілерінің көбі кездесуге келді. Осы жылы да жаман болған жоқ. Бастысы – «Ұланның» нағыз қолдаушылары келді. Күніміз сол әдемі сәтпен әсерленіп кетті. «Ұланға» деген махаббатым күннен-күнге артып келеді. Бұл күнді ешқашан ұмытпаспын. Мен «Ұланды» мақтан тұтамын!
Әмина ТҰРДАҚЫН
Алматы облысы
Талғар ауданы
«ҰЛАН» – ДОСТЫҚ ОРДАСЫ
Көптен бері «ұландықтармен» кездесуге асығып жүрген едім. Жақында Summer party өтті. Бұл үрдіс те жылдан-жылға дәстүрге айналып келе жатыр.
Біз Алматы қаласында Тұңғыш президент саябағында бас қостық. Кездесудің жалпы қалай өткені қызық болар, соны сіздерге әңгімелеп берейін. Summer party-ға қонаққа Мирас Кесебай ағамыз келді. Ағамызбен кездесу барысында ашық әңгіме айтылды. Балалық шағындағы досы «Ұланның» үлкен өмірге қалай жол салып бергенін, SMM саласының маңызын ашып айтты. Яғни бұл жолы да рухани білім алып, дамып қайттық десек те болады. «Ұландықтардың» басты мақсаты да – рухани мүдделес достар ортасын қалыптастыру.
Түскі ас уақыты болды. «Ұландағы» ағайларымыз пен әпкелеріміз бізге тағам әкеліп қойып, әңгіме-дүкен құрып, тамақтанып алдық. Түрлі ойын ойнап, уақыттың қалай тез өтіп кеткенін байқамай да қалған екенбіз. Естелікке суретке де түсіп алдық. Алдағы уақытта бұдан да басқа кездесулерді жиі ұйымдастырып тұратын болдық. Әпке-ағаларымыз «Ұланның» редакциясына келіп тұруға шақырып, әрқашан кеңес беруге дайын екенін айтты. Міне, «Ұлан» осындай бауырмал, көпшіл. Сол себептен де «Ұланды» достық ордасы деп атар едім. «Ұланым», өзің және өзің сыйлаған достар жүрегімде мәңгі қалады!
Айзат БАҚБЕРГЕН,
Ұ.Бағаев атындағы орта мектептің оқушысы
Алматы облысы
Кеген ауданы
Алғабас ауылы
Беттерді дайындаған Жазира БЕКБОЛАТОВА
Суреттерді түсірген Нұрлыхан Жұмахан
«Ұлан» газеті, №30
23 шілде 2024 жыл

4355 рет
көрсетілді0
пікір