• ҰЛАН
  • 16 Шілде, 2024

Көрермен күрделі спектакльдерді түсінетін деңгейге жеттік...

«Ұландық» жас тілшілер мен авторлар арасында театрға бару мәдениеті қалыптасқан. Әдетте Алматы театрларына баратынбыз. Астанада да театрға бару мәдениетін қалыптастыру мақсатында «ұландықтар» болып театрға бардық. Біз тамашалаған қойылым –  Жастар театрындағы  «Пранк махаббат». Комедия жанрында болса да айтар ойы бар қойылым. Дәл осы спектакльге биылғы мектеп түлектерінің баруы да бекер емес. Себебі нағыз студенттік өмірдің қызығы мен шыжығы көрсетіледі. Спектакльде студенттік  өмірге саяхат жасап келді деуге болады. Қойылым аяқталғаннан кейін  қоюшы режиссері әрі   Дастан есімді студент пен комендант Ақмақта апай рөлінде ойнайтын ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Серғазинмен әңгімелестік.

– Бала Дәуреннің арманы орындалды деп ойлайсыз ба? 

– Бала Дәуреннің үлкен армандарының бірі актер болу еді. Орындалды. 

– Жастар театрында бастапқыда жағдай болмады ғой. Театр аяқтан тұруы үшін қаншама қиындықты бастан өткерді. Сізді сол кезде театрда ұстап қалған не? 

– Қиындықта ұстап қалған үш нәрсе бар. Біріншіден – театрға деген махаббат; екіншіден – Нұрқанат Жақыпбайдың режиссурасы; үшіншіден – оқуды бірге бітірген әріптестермен болу.  

– Қазіргі көрермен мен бұрынғы көрерменнің айырмасы бар ма? 

– Бұрын көрерменіміз аз еді, қазір керісінше. Театрға келушілердің санымен қоса сапасы да артып келеді. Сөзімізге жұртшылықтың күрделі драмалық шығармаларды түсініп, ой түйетін деңгейге жеткені дәлел. Соған орай, спектакльдерді өзгертіп отырамыз. Жалпы, біздің театрдың өзге театрлардан ерекшелігі – көркемдік жетек-шіміз Нұрқанат Жақыпбайдың режиссурасы. Театрда рөлдерім көп, өз рөлімді таптым. Таппағанымды өзім қойып жүрмін (күлді).  

– Актер, режиссер, сазгер... Енді осы тізімге жазушылық қырыңызды да қоссақ бола ма? Олай сұрап отырғанымыз театрдағы кейбір қойылымдардың авторы екеніңізді білеміз...

– Жалпы, мен өзімді режиссер, сазгер деп айта алмаймын. Белгілі бір қойылымдардың ғана қоюшы режиссерімін. Кейде сол спектакльдерге  ән жазамын. Негізі мамандығым актерлік, ән жазу осыдан тыс сүйікті істерімнің бірі деуге болады. Ал жазушылыққа бет бұруым екіталай. Бірақ пьесаларды өңдеп, өз атымнан сахналарға қосатыным бар. «Пранк махаббатта» өзім шығарған рөл болса да әйелдің киімін киіп, образ жасау қиынға соқты. Мүмкін болашақта кино саласында сценарий жазармын. Театрда «Күйеубала», «Алғашқы махаббат», «Ұйқым келмейді» сынды қойылымдарым бар. Алдағы уақытта кинорежиссураға келерміз.   

– Шәмші Қалдаяқов туралы сериалға түстіңіз.Сол рөліңізді театрда сахналағыңыз келмей ме? 

– Кинодағы Шәмшіні театрға икемдеп алып келу ойда болды. Әйтсе де соған лайықты пьеса әлі жазылмады. Десе де Астанада бірнеше театрда Шәмші туралы спектакль сахналанып жүр. Алдағы уақытта  Шәмші туралы өзгеше форматта жазылып жатса қойылатын шығар. Әзірге айта алмаймын. 

– Ресми жиындарда президенттің атын атап шақыратын дауыстың иесі сіз екенсіз... Сол туралы білгіміз келіп отыр... 

– Иә, ресми жиындарда хабарлап отыратын дауыс иелерінің бірімін. Жалпы, кез келген рөл немесе дубляж болсын, әр актер өз дауысын игере алғаны жөн. Қандай іс-шарада, концертте, сахнада болсын дикциясын сол форматқа сай құбылта білуі керек. Бізге сахна тілі мен актерлік шеберліктен сабақ берген Мұрат Әбзелбаев пен Нұрқанат Жақыпбай ағайларымыздың еңбегі орасан. Әр актер өз «инструменттерін» басқара алса, барлық жерде өнер көрсете алады. Жауапты мамандар дауысымды концертте естіп, мені президент қатысатын ресми жиындарға шақырды.

Аяулым ҚҰДАЙБЕРГЕН, 
«Ұланның» жас тілшісі
ЕҰУ студенті

«Ұлан» газеті, №29
16 шілде 2024 жыл

2891 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор