• ҰЛАН
  • 16 Шілде, 2024

«Еріншек болмағанымда бұдан да үздік университетке түсер едім»

Ислам Абдурахман ҰБТ тапсырмай,  әлемнің 40 университетінен шақырту алған. Ол – Түркістан қаласындағы Білім-инновация лицейінің биылғы түлегі. Көпшілік оның шетелдік ЖОО-дан ұсыныс алғанын ғана біледі. Шын мәнінде ол бұл  жетістікке қалай жетті? Неліктен БАӘ, Ұлыбритания, Польша, Малайзия, Швейцария сынды елдерде оқудан бас тартты? Ендеше, өзінен сұрап көрелік.

– Әлемнің 40 университетінен шақырту алдың. Шын жүректен құттықтаймыз! Алғашқы эмоцияң қандай болды?

– Бірінші шақырту 2023 жылы қараша айында келді. Мектепте шетелдік университеттен ұсыныс алған алғашқы оқушылардың бірі болдым. Қатты қуандым. Ерекше сезім. Сол сәттен бастап шақыртулар бірінен соң бірі түсіп жатты. Университеттен 15-ші шақырту келгенде бұл мен үшін қалыпты жағдайға айналды. Әлемнің ең мықты деген 59 оқу орнына құжат тапсырдым, оның 46-ы менің еңбегімді бағалап, қабылдады. 

– Бұл жаңалық желіде желдей есіп тараған сәттен бастап жұлдызды сәтің бас-талды. Масс медиа өкілдерінің, жалпы Қазақстанның саған жаппай қызығушылық танытуынан кейін өзіңді қалай сезіндің? 

– Түркістандағы Білім-инновация лицейінің әкімшілігі жетістігімді құттықтап, алғаш боп әлеуметтік желідегі ресми парақшасына жазба жүктеді. Одан соң Түркістан облысы Білім басқармасы салды. Осылайша, әртүрлі сайт бұл жаңалық туралы жарыса жазды. Көптің назары маған тез түседі деп күтпедім. Көшеде жүргенде танып қалатындар да пайда болды. Жұрттың ілтипаты да ерекше әсер сыйлағанын жасырмаймын. 

– АҚШ, БАӘ, Ұлыбри-тания, Польша, Малайзия, Швейцария сынды алпауыт мемлекеттердің білім ордаларынан шақырту алдың. Нақты шешім шығару үшін біраз ойлан-дың ба? Ақырында таңдауың Техастағы NAU-ға түсіпті. Неліктен? 

– Көңілім қалаған мамандық қаржы саласы болатын. Ал бұл саланы North American University тереңдетіп оқытады. Бұл ЖОО-ға түсуді 10-сыныптан бастап армандап, нақты мақсат қойдым. Одан бөлек, Техаста достарым көп. 

– Мамандығың туралы айтып өтсең. Неліктен бұл саланы таңдадың? 

– Мектепте өзімді әртүрлі салада сынап көрдім. Белсенді оқушы болдым, IT,  спорт бағыттарын да назардан тыс қалдырған емеспін. 10-сыныпта кәсіп бойынша жұмыс істедім. Өзіме қатты ұнады. Болашақта Қазақстандағы ең үздік кәсіпкерлердің бірі боп, елге көмектескім келеді. Сондықтан қаржы және бизнес мамандығын таңдадым. 

– Шетелдік оқу орындарына қалай өтінім жібердің? 

– Әлемдік университеттерден шақырту алудан рекорд қойғым келді. Сондықтан ҰБТ тапсырма-дым. Назарымның бәрі шетелдік ЖОО-да болды. IELTS пен SAT  тапсырдым. Нәтиже  жаман болған жоқ. Байқағаным, шетелдік университеттер жетістіктеріме ерекше көңіл бөлді. Осы тұста шахмат және IT саласындағы жеңістерім көмектесті.  

– АҚШ-қа дайындығың қалай? 

– Шетелге дайындығым  10 күн бұрын басталды. Қазір ағылшын тілі бойынша дағдымды жаттықтырып жүрмін. Математикадан да айналып өте алмадым. 

– Неліктен Қазақстанда оқығың келмеді?  

– Алғашында мұғалім боламын, Қазақстанда оқимын деп жүрдім. Бірақ бұл ойымнан айнып, өзге мамандыққа аңсарым ауды. Ал, біздің елдің кәсіпкерлерді оқыту, дайындаудағы көрсеткіші көңіл көншітпейді. Міне, сондықтан, мұхит асуыма тура келеді. Дегенмен, университетті тәмамдаған соң Қазақстанға міндетті түрде ораламын. АҚШ-та кәсіби білім алған соң елге келіп, осы саланың сапасын арттыруға үлес қосқым келеді. 

– Шетелде оқығысы келетін жасөспірім көп. Оларға да сенің жолыңды берсін деп тілейміз. Сондай зерек жастарға үш кеңес айтсаң. 

– Біріншіден, бойыңдағы әртүрлі үрейді жеңу керек. Алғашында шетелде оқу мен үшін алынбайтын шың секілді көрінетін. Қорқыныш болғанын жасырмаймын. Ұстаздарым: «Ислам, қорқынышыңды жең. Талмай ізден» деп айтқан сәттен бастап дамылсыз күндерім басталды. Екіншіден, жалқаулықпен қоштасу керек. Бұрын еріншек болмағанымда, бұдан да үздік университеттерден шақырту алар едім. Үшіншіден, шетелдік ЖОО-ларға оқушының білім деңгейі ғана емес, қабілет, хоббилері де маңызды. 70% қызығушылықтарыңа, ал  30% сауаттылығыңа мән береді. Эко клубтарда белсенді болу, еріктілер тобында қызмет ету, түрлі спортпен айналысу шетелдік университетке түсуге міндетті түрде көмектеседі. 

Сұхбаттасқан
Айдана ШАЛҚАР
«Ұланның» жас тілшісі

«Ұлан» газеті, №29
16 шілде 2024 жыл

3656 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор