- Сенің замандасың
- 14 Шілде, 2024
9 жасында сабақ беріп, 14 жасында оқу орталығын ашқан
Сая Қыдырәлі – Алматы қаласының тұрғыны. 17 жаста. ТМД елдеріндегі ең жас IELTS эксперті. Жеке балы – 8.5. Ендеше, замандасымызбен жақынырақ танысу үшін сұқбатын оқып шығуды ұсынамын.
– Сая, ағылшын тілін ерте меңгердіңіз. 5-6 жас аралығында тіл үйренуге құштарлығыңызды оятқан кім?
– Менің ағылшын тілін үйренуіме себепкер болған жан – анам. Тіл үйренуге саналы түрдегі қызуғышылығым 8 жаста пайда болды. Өйткені сол жасымда ағылшын тілінің жәй ғана тіл емес, құрал екенін түсіндім. Яғни, осы құрал арқылы қалаған оқу орнына грант ұтып алып, халықаралық ұйымдарда жұмыс істеуге шақырту алып, халықаралық аренаға шығуға болатынын түсіндім.
– 9 жасыңыздан бастап сабақ бере бастапсыз. Мұғалім ретінде алғашқы тәжірибеңіз қалай өтті?
– Менің ең бірінші жобам – ерікті түрде Америка консулдығында балаларға сабақ беру болған. Бұл идея «сабақ бергім келеді» деген ойдан шыққан жоқ. Ол кездері спикиң клабтар, ағылшын орталықтары тек қана ересек адамдарға лайықты болғандықтан, тақырыптары да, өткізілу форматы да балаларға қызық емес еді. Сондықтан, осындай мүмкіндік балаларға да болса жақсы болушы еді деген оймен, Америка консулдығының координаторы менің ағылшын тілі деңгейімді біліп, маған сол клубты жүргізіп көруге ұсыныс білдірді. Солайша сабақ бере бастадым. Маған сол клубты жүргізген қатты ұнайтын. Тіпті сенбі болатын клубқа апта бойы дайындалып шығатынмын.
– Сол кезде оқытып жүрген балаларға қандай әдістәсілдер қолдандыңыз?
– Ағылшын тілін табиғи түрде, яғни өлең айтып, диалог құрап үйрететінмін.
– Ең сәтті шыққан тәжірибеңіз, студентіңіз туралы айтып берсеңіз.
– Біздің мектепте Аружан деген қыз оқыды. Ол бізге бастапқы деңгеймен келіп, небәрі үш айдың ішінде дұрыс методиканың, мықты мұғалімдердің арқасында халықаралық IELTS емтиханын 7.0 ұпайға тапсырды. Яғни, бұл оның ағылшын тілін еркін меңгеріп шыққанын көрсетеді. Ол қазір Италияда магистратураны грантта оқып жатыр. Осындай кейстер біздің мектепте өте көп.
– 14 жасыңызда екі оқу орталығын аштыңыз. Осы орталықтарды ашу үшін қандай қиындықпен бетпе-бет келдіңіз?
– Бұл кәсіпті ашуға менде ешқандай қаржылық қолдау болмағандықтан, жинаған ақшаммен аштым. 5-сыныпта «Зердеш» зияткерлік мектебінде сабақ бердім. Жалақым 200 мың теңге болатын. Соны жинадым. Сондықтан, бастапқы уақытта ақша көп болмағандықтан, өзім мектептің еденін жуатынмын, куратор, SMM маманы да болдым.
– Мұндай жетістікке жетуге қандай да бір қолдау болды ма?
– Шаршаған кезде тірек болған, әрқашан ақылға сыймайтын идеяларымды қолдап, маған мүлтіксіз сеніп, осы дәрежеге жеткізген анам.
– Орталық туралы толық айтсаңыз. Қай қалада орналасқан, оқыту режимі қандай, қанша студентпен жұмыс істеп жатсыздар?
– Біздің орталыққа биыл 3 жыл болады. Осы уақыт аралығында 3000-нан астам шәкірт оқытып, оның ішінде 85% шетелдік және қазақстандық жоғары оқу орындарына грант ұтып алып, үлкен халықаралық ұйымдарға жұмысқа шақырту алып, ағылшынша еркін сөйлеп кетті. Біздің кеңсеміз Алматы қаласында. Аптаның 6 күнінде таңғы 8:00-ден 23:00-ге дейін сабақ өтіп, жексенбі күні MOCK тесттер өткіземіз.
– Ал командаңызда кімдер бар?
– Біздің командада жиырмадан астам мықты маман жұмыс істейді. Оның ішінде: мұғалімдер, маркетолог мамандары және т.б. бар.
– Сонымен қатар, сіз екі халықаралық ұйыммен байланыс орнатқан екенсіз. Бұл туралы не айтасыз?
– Иә, 2023 жылдан бастап екі IELTS орталықпен, IDP IELTS және Британдық кеңеспен ресми түрде серіктес болдық. Бұл серіктестік біздің мектепке білім саласында халықаралық деңгейге шығуға көмектесті.
– Бұл ұйымдармен қандай жобалар жүзеге асты?
– Осы екі ұйым біздің мұғалімдердің әрдайым квалификациясын тексеріп отырады және оны көтеруге ықпал етеді. Серіктестік бізге эксклюзив ақпарат алып отыруға мүмкіндік береді.
– IELTS-та 8.5 балға қол жеткізгенде қандай дайындық стратегияларын қолдандыңыз?
– Мен өзім дайындалғандықтан, маған керек ұпайға қол жеткізу үшін 5 жыл қажет болды (бірінші емтиханымды 11 жасымда тапсырдым, сол кезде 6,5 ұпай жинап, 8.5 жинағанмын). Бірақ, ескеретін жайт: мен 7 жасымнан ағылшынша ойымды еркін жеткіземін. Соған қарамастан, дұрыс стратегиялар мен техникаларды білмегендіктен, бірінші тапсырғанда өзіме керекті ұпайды жинай алмадым. Бес жылым дұрыс стратегияларды үйренуге кетті.
– IELTS емтиханын сәтті тапсыру үшін қандай кеңес берер едіңіз?
– Уақытыңызды, энергияңызды жоғалтпай, мықты мұғаліммен, дұрыс әдіспен дайындалыңыздар. Теория мен практиканы қатар алып жүру керек.
– Міне, бір қадам алға бассаңыз, студент атанасыз. Қандай мамандықты таңдадыңыз және бұл таңдауыңызға не себеп болды?
– Иә, қазір 10-сынып бітіріп жатырмын. Мамандығымды ойланып жүрмін. Саясаттану немесе заң факультетіне барамын деп ойлаймын.
– Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар? 5 жылдан кейінгі Саяны қалай елестетесіз?
– Өзін жан-жақты дамытқан, мақсаттарына қол жеткізген, анасына қамқор болып жүрген, қоғамның жақсаруына, еліміздің өркендеуіне үлес қосып жатқан тұлға ретінде көремін.
– Тіл меңгеріп, жарқын болашаққа қадам жасаудың құпиясы қандай?
– Ол, әрине, дисциплина және Жеймс Клир айтпақшы, дұрыс әдеттер. Барлық шебердің кәсіби болуына белгілі бір уақыт, сабыр қажет. Сондықтан, қазір көзге көрінбесе де тұлға ретінде дамуға жұмыс істей беру керек. Өйткені, ол ертелі-кеш нәтижесін береді.
– Көп рақмет, Сая. Сәттілік пен табыс тілейміз!
Гүлзина ОРЫНБАСАР,
11-сынып оқушысы
Түркістан облысы
Созақ ауданы
Қарақұр ауылы
«Ұлан» газеті, №29
16 шілде 2024 жыл
3736 рет
көрсетілді0
пікір