- ҰЛАН
- 14 Шілде, 2024
Экологтарға сұраныс артты

EPI 2024: экология бір елдің мәселесі емес
2024 жылғы 3 маусымда Йель университетінің Экологиялық саясат және құқық орталығы дайындаған экологиялық тиімділік индексінің (EPI 2024) нәтижелері жарияланды. EPI 2024 үш саясатқа топтастырылған мәселелердің 11 санатын қарастырады. Әр ел үш саясат бойынша 0-ден 100-ге дейінгі шкаламен бағаланады. «Экожүйелердің өміршеңдігі» саясаты елдің экожүйелерді қаншалықты сақтап, қорғайтынын және жақсартатынымен өлшенеді. Бұл биоәртүрлілік және тіршілік ету ортасы, орман, балық шаруашылығы, ауа ластануы, ауыл шаруашылығы және су ресурстары санатын (EPI ұпайының 42%-ын) қамтиды.
«Қоршаған ортаның жай-күйі» саясаты мемлекеттің денсаулыққа қауіп төндіретін факторлардан халықты қорғау әрекетімен өлшенеді. EPI ұпайының 20%-ын қамтитын төрт мәселеден тұрады: ауа сапасы, санитарлық тазалық, ауыз су, ауыр металдар мен қалдықтар. EPI ұпайының 38%-ы «климаттың өзгеруі саясатына» тиесілі. EPI 2024 қорытындысы бойынша Қазақстан 180 ел арасында 47,5 балмен 74-орынға ие болды. Экологиялық тиімділігі жоғары 10 ел: Эстония, Люксембург, Германия, Финляндия, Ұлыбритания, Швеция, Норвегия, Австрия, Швейцария және Дания. Лаос (178-орын), Пәкістан (179-орын) және Вьетнам (180-орын) рейтиң соңында. «Экожүйенің өміршеңдігі» саясаты бойынша Қазақстан әлсіз позицияда. 94-орын. «Биоәртүрлілік және тіршілік ету ортасы» санатында 89-орынға табан тірегенмен, «ауыл шаруашылығы» бойынша 133-орын, ал «ауаның ластануы» санатында 120-орында. «Қоршаған ортаның жай-күйі» саясаты бойынша да жағдай көңіл көншітерлік емес. Дегенмен, қалған екі саясатпен салыстырғанда жоғары позицияда, 63-орын.
Қазір әлем жаһандық жылынумен, ауа райының күрт өзгеруімен және экожүйелердің бұзылуымен сипатталатын төтенше климаттық жағдайға тап болып отырғаны белгілі. Қазақстан «Климаттың өзгеруі» саясаты бойынша 100 балдан 42,3 балл мәнімен 87-орында тұр. EPI 2024 жалпы рейтиңіндегі алғашқы 20 орын Еуропа елдеріне тиесілі болды. Десек те, бірде-бір ел 2024 жылғы жалпы рейтиңде 80-нен жоғары ұпай алмаған. Бұл экология тек бір елдің емес, жаһандық мәселеге айналғанын көрсетеді. Демек, болашақта эколог мамандарға бұрын-соңды болмаған сұраныс болады. Бірақ, жоғары оқу орнына түсушілер арасында эколог мамандығына тапсыруға талас бар ма? Экологтардың міндеті қандай? Жалақысы ше? EPI 2024 қорытындысын көре отырып, бүгін біз экология мамандығында оқу, оқуды бітіргеннен кейін жұмысқа орналасу туралы зерттеп көрдік.
Экологтарды еліміздің 34 жоғары оқу орны «Қоршаған орта» білім беру бағдарламаларының тобы бойынша даярлайды. 2024 жылы күндізгі оқыту нысанына 780 грант, қысқартылған топқа 20 грант бөлінген. Бір өкініштісі, көп жағдайда бұл мамандыққа ҰБТ-да жинаған балы аз болған талапкерлердің ғана баратыны қынжылтады. Мысалы, былтыр 59 балмен грантқа түскен жағдай болған. Қоршаған орта білім беру бағдарламасын бітірген түлектер мансабын мемлекеттік құрылымдарда бастай алады. (Мысалы, техникалық қадағалау, Қазгидромет, Ауыл шаруашылығы министрлігі және т.б.). Табиғатты қорғау ұйымдарында, ірі кәсіпорындарда, муниципалдық құрылымдардағы экологтың штаттық бірлігінен де жұмыс табылады. Коммерциялық ұйымдарда эколог мамандардың жалақысы жоғары. Әсіресе, эколог мамандарға ең жоғары сұраныс өнеркәсіп орындарында. Экологияны бітіргеннен кейін эколог-технолог, эколог-инженер болып жұмыс істеуге болады. Одан кейін тәжірибесіне қарай эколог-аналитик, бас эколог болып мансап жоғарылай береді. Бүгін біз осы лауазымның бір-екеуіне тоқталамыз.
Эколог-технолог – адам әрекетінің экожүйеге теріс әсерін азайту жөн індегі шараларды әзірлеп, іске асыратын маман. Оның міндетіне экологиялық стратегияларды жоспарлау және енгізу, эко-қауіпсіздік стандарттарының сақталуын бақылау, қоршаған ортаның жайкүйін үнемі талдау кіреді. Сондайақ, ол кәсіпорындардың шикізаты мен сапасын, нормалардың сақталуын қадағалайды. Эколог-технолог экологиялық мәселелерді шешу үшін ғылым мен техниканы қатар қолданады. Түсінікті болу үшін мысалмен келтірейік. Эколог-технолог ауа мен судың ластануын тазарту жүйелерін құру; қалдықтарды азайту және қайта өңдеу жолдарын әзірлеу; күн немесе жел энергиясы сияқты тұрақты энергия көздерін дамыту; ғимараттар мен қалалардың экологиялық таза болатындай жобалануын қамтамасыз етумен айналысады.
Әлем қоршаған ортаға көңіл бөле бастаған сайын, бұл салада көптеген жұмыс мүмкіндіктері пайда болып жатыр. Жалақысы орналасқан жері, жұмыс тәжірибесі сияқты факторларға байланысты. Мысалы, Еуропа мен Америкада эколог-технологтар жылына 50 000 доллардан 100 000 долларға дейін табыс таба алады. Қазақстандағы бос жұмыс орындары жарияланатын сайттарға шолу жасап көрдік. Әдетте, жұмыс берушілердің басты талабы экологтың 3 жылдан бастап тәжірибесінің болуы. Сондықтан, студент кезден бастап жұмысқа араласқан жөн болар... Ал жалақысы әр өңірде әртүрлі. Үлкен қалаларда 150 000 теңгеден бастап, 400 000 теңгеге дейін. Кезек инженер-экологқа келді. Айтып өткендей, эколог-технолог экологиялық мәселелердің технологиялық аспектілеріне көбірек көңіл бөледі. Ал инженер-эколог – экологиялық мәселелердің тұрақты шешімдерін әзірлеу үшін экология мен инженерия принциптерін біріктіретін кәсіби маман. Олар биология, химия, физика мен инженерия заңдарымен жұмыс істейді. Олардың міндеті кеңес беруден басталады. Мәселен, құрылыс, тау-кен өндірісі немесе энергия өндіру сияқты өнеркәсіптік жобалардың қоршаған ортаға әсерін бағалайды. Ағынды сулардың ластануын бақылау жүйелерін жобалайды. Ауа сапасын қадағалау да осы маманның жұмысы. Өнеркәсіп орындарының кесірінен ауа ластануын азайту және ауа сапасын жақсарту стратегияларын әзірлейді. Экологиялық қалпына келтіру инженер-экологтардың маңызды міндеті. Сулы-батпақты жерлер, ормандар немесе жабайы табиғат сияқты деградацияланған экожүйелерді қалпына келтіру жобаларын дайындап, оны жүзеге асырады.
Эколог-инженерлер мемлекеттік органдарда әртүрлі жобалар мен өнеркәсіптік өндірістердің экологиялық қауіпсіздігін негіздейтін құжаттарды даярлауға қатысады. Қазір тұрғын үй ғимараттарын, зауыттарды, көлік жолдары объектілерін салуды инженерэкологтың сараптамасынсыз бастамайтын мемлекеттер бар. Қоршаған ортаны қорғау инженері аналитикалық ақыл-ойға ие болуы керек, қағаздар мен кестелерді толтыруға шыдамды болуы керек, мемлекеттік тексеруші органдармен қарым-қатынастан қорықпауы керек. Экологинженерлер мемлекеттік мекемеде немесе жеке компанияларда жұмыс істей алады. Бизнес шеңберінде олардың міндеттеріне кәсіпорын тарапынан қоршаған ортаға зиянды азайту кіреді. Эколог-инженер қоршаған орта мәселелерінің инновациялық шешімдерін әзірлеуде шешуші рөл атқарады. Сондықтан, сұраныс та күн өткен сайын жоғарылап келеді. Экологтехнологқа қарағанда экологинженерге берілетін жалақы 1,5 есе жоғары. Дегенмен, айлық табысына шолу жасап отырып, елімізде бұл мамандарға берілетін жалақының аз екенін байқадық. Мүмкін, қоршаған ортаға төніп тұрған мәселелерді саналы түсінгенде, экологияға халық болып бет бұрғанда жалақы да жоғарылайтын болар?!
Жазира БЕКБОЛАТОВА
Автор суреттерді ЖИ көмегімен салды
«Ұлан» газеті, №29
16 шілде 2024 жыл

1849 рет
көрсетілді0
пікір