• ҰЛАН
  • 09 Шілде, 2024

Қауіпсіздік қаперден шықпауы керек

Айым Болатбек – Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы №1 орта мектептің 10-сыныбын тәмамдады. Ол – білімге құштар, зейінді, талабы таудай, мақсаты биік оқушылардың бірі. Көптеген жарыстың, олимпиаданың аудандық, облыстық, республикалық кезеңінде топ жарған.  Сонымен қатар, IQANAT олимпиадасының финалисі, мектеп мақтанышы.  Beginit жобасына қатысып, 800-ден астам оқушыны басып озып, жобасын ұсынған болатын. Дәл сол Safe way to school жобасы туралы Айыммен сұқбат құрған едім.

– Айым, ең алдымен қолға алған маңызды жобаң туралы айта кетсең...

– Жеке әлеуметтік жобам – Safe way to school, яғни «Мектепке қауіпсіз жол» деп аталады. Жобаның ең басты мақсаты – балалардың мектептен үйіне дейінгі жүріп өтетін жолының қауіпсіздігіне мән беру, сақтау. Ауылды жерде тұрғаннан кейін кейбір жерлерде инфраструктураның жетіспеушілігін байқаймыз. Көшелерде жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жүретін тротуар, қажет жерлерге жол белгілері, бағдаршам жетіспеушілігі көп кездесіп жатады. Ал бұл түрлі жол апатына әкеліп соғуы әбден мүмкін. Статистикалар мен дерек-терге сүйенсек, елімізде жылына 2000-нан астам адам жол көлік апатынан қайтыс болады. Жобаны іске асыру мақсатында көптеген зерттеу жүргіздім. Үйімнен 500 метр радиусты екі ай бойы тереңінен зерделедім. Зерттеу аймағымдағы көршілерімнен сауалнама алдым. Далалық зерттеу жасап, көлік ағымының трафигіне санау жүргіздім. Шелек ауылдық округінің полиция капитанымен, аудан депутаттарымен, ата-аналар комитетімен жеке кездесулер өткізіп, сұқбат алдым. Табылған қауіпті аймақтарға Vision Zero концессиясы негізінде шешімдер жасадым. Жалпы, барлық зерттеудің нәтижесінен, мәселелердің шешімінен құралған үлкен құжатты Шелек ауылының әкіміне таныстырып, мені мазалаған үлкен мәлесе жайында айтып, сұрақтарыма жауап алдым. Кездесуде Айдарбек Аянбекұлы маған қолдау көрсетіп, алдағы уақытта жол жұмыстары жүргізілетінін айтты. Жоба бойынша жұмыстарымды ары қарай жалғастырып, жоспарымды орындап жатырмын.

– Жобаны бастауға, қолға алуға не түрткі болды?  

– Бұл бір жыл бұрын Beginit атты жас әлеуметтік көшбасшыларға арналған жобаға қатысуымнан бастау алды. Жалпы, Beginit – ауыл мектептерінде оқитын 10-сынып оқушыларына қолдау көрсететін және олардың көшбасшылық құзыреттіліктерін жетілдіруге көмек беретін үлкен жоба. Бірнеше күрделі кезеңнен тұрады. Іріктеу кезеңіне 800-ден астам оқушы қатысып, оның 37-сі  3-кезеңнен сүрінбей өтіп, финалға жетті. Финалда бізге дәл осы жобаны іске асыру туралы тапсырма берілді. Әрбір финалист жобасын өзі тұрған өңірде іске асырды. Финал Астана қаласында жоғары дең-гейде өтті. Ең үздік қатысушылар 3000$ көлемінде ақшалай сыйлық пен университетке түсуге грант жеңіп алды. Beginit жобасына қатысудағы басты мақсатым – әлемді оң өзгерістерге әкелетін нағыз әлеуметтік көшбасшы болу еді. 

– Жобаның маңызы мен ерекшелігі қандай? 

– «Мектепке қауіпсіз жол» деп аталатын жобам мен үшін әлеуметтік көшбасшылыққа бастау болды. Ал менің ауылым үшін жақсы өзгерістер мен көзқарастарды тудыруы мүмкін жаңалық деп ойлаймын. Бұл жоба бүкіл әлемде болып жатқан өзекті мәселенің алдын алуға көмектеседі. Жасөспірімдердің қауіпсіздігі ең маңызды нәрсе деп ойлаймын. Қауіпсіздік қаперден шықпауы керек.

– Болашақта басқа да жобаларды іске асыру ойыңда бар ма? 

– Иә, әрине.  Айналамызда көріп жүрген көптеген мәселенің шешімін тауып, үлкен ауқымды жобаларды қолға алуды мақсат қылып қойдым. Сол  жобалардың бірі жақсы әдеттер туралы болады. Жастар арасында Тикток, Инстаграм секілді қысқа видео салатын платформалар аз уақытта көптеген қолданушыны өзіне тартып алды. Менің ойыма сол желілер секілді, бірақ тек жақсы әдеттер қалыптастыратын платформа құру келді.  Ол жерде әрбір адам күнде өзі білген бір қызықты ақпаратты жариялайды. Мысалы, «бүкіл әлемде 10-ның 80 дәре-жесіндей элементар бөлшек бар» деген секілді. Күн сайын өз білгенін айту және басқалардың қысқа ақпараттарын оқыған қызық әрі пайдалы деп ойлай-мын.

– Өзің секілді көшбасшы болуға талпынған оқушылар баршылық. Оларға не айтар едің? 

– Әлеуметтік көшбасшы болу үшін әлемді жақсы жаққа өзгертуге талпыныс керек. Әлеуметтік көшбасшының 14 біліктілігін жетілдіру керек. Бұл – ұзақ уақыт жұмыстың нәтижесінде дамитын қасиеттер: 
1. Басқаларға көмектесуге деген ұмтылыс;
2. Өз әрекеттері мен олардың салдары үшін жауапкершілікті өз мойнына алу;
3. Сәтсіздіктермен, кедергілермен және қателіктермен сындарлы түрде күресу;
4. Теріс қорғаныс факторларын басқару;
5. Төрелік: нормалар мен ережелерге бағыну;
6. Позитивті ойлау – не болып жатқанын көру;
7. Басымдылық тағайындау;
8. Командада жұмыс істеу;
9. Жүйелілік;
10. Сендіру және дәлелдеу дағдысын меңгеру;
11. Практикалық ойлау;
12. Шешім қабылдау;
13. Келіссөздер жүргізу дағдылары және консенсусқа келуге ұмтылыс;
14. Презентация дағдылары.

– Айым, саған сәттілік тілеймін. Армандаған, жоспарлаған жобаларың іске аса берсін!

Айзат БАҚБЕРГЕН,
Ұ.Бағаев атындағы 
орта мектептің оқушысы

Алматы облысы 
Кеген ауданы 
Алғабас ауылы

«Ұлан» газеті, №28
09 шілде 2024 жыл

551 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор