• ҰЛАН
  • 09 Шілде, 2024

Қазақстанның үздік лагеріндегі 10 күн

«Ел үміті» корпоративтік қоры үшінші жыл қатарынан Қазақстанның белсенді, үздік жастарының басын қосты. Биыл ол басқосу Ақмола облысы, Зеренді ауданындағы  «Сұңқар» сауықтыру кешенінде 16–25 маусым аралығында «Ел үміті 2024» жазғы білім беру лагері» атауымен өтті. Лагерь «Ел үміті» корпоративтік қоры жобаларының қатысушылары мен жеңімпаздарына арналған. Мен «Ел үміті» премиясының қатысушысымын. Ол – 7 бағыт бойынша жеке дамуға арналған 2 кезеңнен тұратын жоба. Бірінші кезеңінде 7 бағыт бойынша дамып, екінші кезеңінде әлеуметтік жоба дайындайсың. Жобаға қатысуға 14–18 жас аралығындағы 1000-ға жуық жасөспірім өтінім қалдырып, жартысы іріктеуден өткен. Бірінші кезең 6 ай бойы жүрді. Ай сайын қатысушы саны азая түсті. Екінші кезеңге 110 қатысушы өтті. Соның ішінде топ үштікке еніп, лагерьге жолдама алдым. Іштей толқу, бақыт, қуанышты сезіндім.  6 айлық еңбегіңнің ақталғанын көру – ерекше сезім. Лагерьдегі ерекше сәттерді қысқаша баяндап берейін...

1-күн: Танысу 
Мың шақырымды артқа тастап, Ақмола облысы, Зеренді ауданы, Зеренді ауылындағы «Сұңқар» сауықтыру кешеніне келдім. Қолыма құжатымды алып, шабаданымды қақпаға қарай сүйрей жөнелдім. «Тық-тық, кім бар?». Сол мезетте күзетші ағай қақпаны ашып, «лагерьге ме?» деп сұрап, әкімшілік ғимаратына жөн сілтеді. Лагерьдің аумағы кең екен. Әкімшілікке барып, лагерьге келгенімізді айттық. Екатерина есімді тәлімгер келіп, «жүріңіздер» деп корпусқа қарай апарды. Қал-жағдай сұрап, жақынырақ таныстық. Заттарымды корпусқа қалдырып, медициналық тексерістен өтуге бардым. Корпустан корпусқа бару оңай емес, арасы өте алыс. Сөйтіп жүргенде сахна жақта жиналған замандастарымды көрдім, билеп жатыр екен. Өзім лагерьге кешірек барған едім. Қатысушылар жасақтарға бөлініп, ұраны мен туларын ойластырып қойыпты. Өз жасағымды сұрастырдым. «Сен төртінші жасақтасың, тәлімгерің Нұрлан». «Ал, жаңа ортаға қосылуға кеттік» дедім де, 4-жасақты іздедім. 200 адам, 8 жасақ… Кең ауқымды лагерь. Жасағымды тауып, таныса бастадым. Ертең ашылу салтанаты, жасақты керемет етіп көрсету қажет…

2-күн: Ал, басталды
Арайлап таң да атты. «Ұлдар, тұрыңдар» деп тәлімгерлер оятып жүр. Жуынып, таңғы жаттығуға шықтым. Денемізді қыздырып алған соң, биледік. Таңертең билеу ұйқыны тез ашуға жақсы екен. Таңғы асқа баруға сапқа тұру қажет, тәлімгер: «твикс қайда, твикс қайда?» десе, жасақ: «твикс мұнда, твикс мұнда» деп, екі-екіден сапқа тұрдық. Жасақ ішінде әлі онша әңгіме жоқ, бәлкім алғашқы күндердің бірі болғандықтан шығар. Таңғы астан соң ашылу салтанаты басталды. Барлық қатысушылар «Еl Umiti» имидждік киімінде. БАҚ өкілдері түсірілім жасап жүр. Ашылу салтанатына  әр жасақ өздерін таныстырып, ұрандарын айтты. Ән мен би шыр-қалып, ерекше толқында лагерь өз жұмысын бастады. Түскі астан соң жасақ орнына барып, «Сәлем, Ел үміті» атты кешкі шараға дайындық жасадық. Жасақтың визиткасы есебінде көрініс көрсетуіміз қажет. Бірнеше сағаттан соң кешкі іс-шара басталады, жиналыңдар деп хабарлады. Сахна жаққа жиналғанымыз сол еді, жаңбыр құйып кетті. Міне, қызық, енді не істейміз?! Шара ертеңге шегерілді. Ал, қатысушылар жаң-бырдың басылғанын күтіп, сахна жақта ән шырқады. Кешкі ас ішіп, әлденіп алдық. Сахна жаққа 200 қатысушыны тағы жинады. Барсақ, жаңаша  форматтағы хип-хоп биі бойынша шеберлік сағаты өткелі жатыр екен. Шеберлік сағат би кешімен жалғасын тапты...

3-күн: Белсенді болуға дайынсың ба? 
Әдеттегідей әсем табиғат, құстардың дауысы, нұрлана атқан таң. Бұл күннің ерекше болары сөзсіз. Таңғы астан соң бірден AIR PLAY ойнауға кірістік. Тимбилдиң форматындағы ерекше іс-шара жасақ ішіндегі достықты нығайтуға, физикалық белсенділікті арттыруға арналған.  Түрлі ойындар ойнап, шаршаға-нымыз рас. Түскі үзілістен соң FAN&FIT өтті. Тимбилдиңнің жалғасы, бірақ, өзгеше. Бұл жолы логикалық тапсырмалар болды. Күніміз белсенді өтуде. Барлық тапсырмаларды сәтті орындап шықтық. Бұл ойындардың бізге пайдалы болғаны сөзсіз. Ал кешке «Сәлем, Ел үміті» өтті. Іс-шарада 8 жасақ 8 қойылым қойды. Үздік деп танылған жасақтар Бас жүлде, 1,2,3 орындармен мараратталды. Біздің жасақ 3-орынды қанжығалады.

4-күн: Құпия қонақ
Таңғы астан соң телефонымызды жинап алды. Әкімшіліктің ұсынысымен «телефонсыз күн» эксперименті өтпек. Қызық, иә? Жазғы лагерьде демалып қана қоймай, білім аласың. Лагерьдегі білім беру 4-күннен басталды. «Ел үміті» премиясының екінші кезеңіне дайындық есебінде «Talimger» жобасының менторлары қаржылық сауаттылық, ораторлық өнер және жоба дайындау критерийлері бойынша оқыту курсын өтеді. 89 қатысушыны қамтитын оқыту курсының бірінші күні тобымызбен танысып, идеяларымызды айттық. Новаторлардың ортасы қыза түсті. Курстың бірінші сабағында «новатор» сөзімен танысып, қалай новатор болуға болады деген сұраққа жауап алдық. Лагерь жазғы білім беру бағытында болғанымен, спортты да ұмытпаған. Бассейнге шомылып қайттық. Түскі ас кезінде кешке құпия қонақ келетінін естідік. Кешті тағатсыздана күткеніміз рас. Кім келеді екен? Лагерь ішінде «ана әнші, мына актер келеді» деген сыбыс тарады. Кеш бата бастады. Жасақтар сахна жаққа жиналды. Жүргізуші  Алексей Лодочников шығып, құпия қонақтарды таныстыра бастады. Танымал әншілер AYREE және ASIK жанды дауыста ән шырқады. Жазғы білім беру лагерінде бұл әншілерді көреміз деп кім ойлаған?!

5-күн: Жазда да білім алу артық етпейді
Оқыту курсының екінші күні жобамыздың идеясымен айна-лыстық. «Стейкхолдер» ұғымымен таныстық. Стейкхолдер ­– сенің жобаңа қызығушылық танытатын және қолдау беруге дайын тұлға-лар мен ұйымдар. Кешкісін «Ел үміті таланттары» байқауы өтті. Біз ол байқауға көңілді қойылым дайындадық. Жүргізуші және клоун, полиглоттар және лагерь ғана түсінетін әзілдер. Іс-шара қорытындысы бойынша тағы да үшінші орын иелендік. Үш те – күш! 

6-күн: Даму және... даму
5 күн бойы 3 сағаттан өтетін оқыту курсының 3-күні прототип жасадық. Яғни, жобамыздың демо нұсқасы. Алтыншы күн тек оқыту курсымен шектеліп қалмады. Эссе жазу байқауы өтті. «Әлемді өзгерткен армандар» көрмесінің желісі бойынша табиғат аясында отырып, эссе жаздық. Жанымда павлодарлық Диана Зекенова отырды. Керемет әңгіме-дүкен құрып, лагерьді талқыладық. Эссемізді де қиналмай жазып шықтық. Күн қызықты форматтағы «Фотоохота» ойынына ұласты. Яғни, берілген тізімдегі тақырып-шалар аясында  креатив сурет түсіру қажет. Тізімде 15 пункт көрсетілді. Оның ішінде лагерь аумағындағы нысандар және креатив тақырыптар бар. Неше түрлі суреттер түсіріп, естеліктер жасадық.

7-күн: Құпия қонақтар трениң өткізді
Жасақтағы бірлігіміз күннен-күнге нығайып, достығымыз арта түсті. Үйге қайтатын, қоштасатын күн алыс емес… Жетінші күні тағы да құпия қонақ келетінін естідік. «Ел үміті» таңғалдырудан шаршамайды. Белгілі тележүргізуші Асаубек Айымбетов пен айтыскер Серікзат Дүйсенғазы шеберлік сағаттарын өтті. Лагерь қатысушылары үшін еліміздің абыройлы тұлғаларынан дәріс алу – үлкен мүмкіндік. Қызық болмаса, лагерь лагерь емес. Кешкі іс-шара Comicon деп аталды. Мультфильм, фильм кейіпкерлеріне пародия жасау керек. Біздің жасақ «Аватар» мультфильмінің кейіпкерлеріне енуді жөн көрді. Басқа жасақтар «Гадкий я», «Хәрри  Поттер» сынды танымал туындыларды қайталаған. Бұдан да бұйырғаны – 3-орын. 

8-күн: Лагерьдегі олимпиялық ойын
Бүгін оқыту курсының соңғы күні және жоба қорғайтын маңызды күн. 5 күн бойы дәріс алдық, жоба құрдық. Тобымызбен өз кезегімізді күтіп отырмыз. Басқа топтар қорғап, қуанып шығып жатыр. Біздің де кезек келді. Қазылар алқасына жоба-мызды 5 минутта таныстырып, жылы лебізін тыңдадық. Олардың пікірінше, біздің жоба Қазақстанды өзгерте алады. Жоба әзірше құпия болсын. Байқаудың негізгі бөлімі аяқталған соң, жоба туралы газетке жазамын. 

9-күн: Қоштасуға дайынсың ба? 
Ертең үйге қайтамыз. Жүрегі-міздегі қимастық сезімі шегіне жеткен секілді. Таңғы астан соң «Таза Қазақстан» жобасы аясында лагерь аумағын тазалауға кірістік. Күлдік, ойнадық… Жүзімізде күлкі тұрса да, ішімізде қимастық, тәтті мұң жатыр. 9 күн бойы бір үйдің баласындай боп араласқан жандарды бүгін және ертең соңғы рет көресің. Түскі астан соң тәлімгерлеріміздің атынан «Тәлімгер концерті» өтті. «Думан» ұйымының тәлімгерлері лагерьдегі 10 күнді қызықтырақ өткізуге барынша тырысты және қолдарынан келді. Тәлімгерлер болмаса, лагеріміз басқаша өтер ме еді? Сүйікті тәлімгерлер сахнаға кезек-кезек шығып, лагерь қатысушыларына пародия жасады. Соңы би кешіне ұласты...

10-күн: Қимастық 
Соңғы күн. Сап құрып, сыйлық алуға кезекке тұрдық...  Естен кетпес, қызығы мен шыжығы мол 10 күн. Керемет жан-дар, бір үйдің баласындай болған жасақ. Оқыту курсы, трениңдер және ойындар… Бағалы сәттер үшін рақмет, «Ел үміті»!

Әбдірахман ҚАЙРАТ, 
 Ақмола облысы
Зеренді ауылы

«Ұлан» газеті, №28
09 шілде 2024 жыл

603 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор