• ҰЛАН
  • 02 Шілде, 2024

«Оñayoqu» оқуға түсуге көмектеседі

Дария Шунушева зияткерлік мектептің 11-сынып оқушысы.  «Оñayoqu»  білім беру стартапының негізін қалаушы. Дария жоба туралы былай дейді:

«22 маусымда Startup Way жобасы аясында «Тәуелсіздік ұрпақтары» облыстық байқауы өтті. Стартапты дамыту үшін 1 000 000 теңге ұтып алдық. Байқаудың финалына дейін үш апта бойы трекермен бірге оқыдық. Бұл  стартапты дамытуға және оны келесі деңгейге көтеруге көмектесті. «Оñayoqu» – шетелдік және қазақстандық жоғары оқу орындарына түсуге арналған қосымша. Қазір студенттер 1-курстан оқудан шығып немесе мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Түлектер грант үшін өзін қызық-тырмайтын мамандыққа барады. Көптеген адам шетелде тегін оқу мүмкіндігі туралы білмейді және оны пайдаланбайды. Біздің міндетіміз – Қазақстандағы білім деңгейін көтеру. Өйткені, елдің жетістігі халықтың біліміне байланысты. 
Стартаптың атауы бәрін айтып тұр. «Оңай оқуды» – үйрену оңай. Барлық қажетті ақпаратты қамтитын қосымшаны жасаймыз. Қабылдау процесінде оқушының нұсқаулығы болады.

Стартаптың атауы қазақ тілінде болуы керек деген талап қойдық. Өйткені, біз өз аудитория-мыз үшін өнім жасап жатырмыз. Адамдар оның отандық стар-тап екенін білгісі келеді. Қосымшада барлық мәлімет бар.  Жиырма немесе одан да көп елдің университеттерінің тізімі қолжетімді болады. Университетті жеке таңдау, тәлімгерді таңдау мүмкіндігі, емтиханға дайындалу және басқа да көптеген функция бар. Біз жас зерттеушіміз. Бұл жобамен айналысқанымызға бар болғаны – бір жыл. Сондықтан әлі де қателіктерден сабақ аламыз және әртүрлі салада өзімізді сынап көреміз. Осы жобаның құрылу тарихы туралы айта кетейін. 2023 жылдың сәуір айында физика пәнінің мұғалімі  Мейірхан Қайратұлы маған және менің достарыма Ақтау қаласындағы «Caspian StartUp» байқауына қатысуды ұсынған кезде басталды. Идея тез арада пайда болды. Өйткені, біз қазір бәріміз оқуға түсеміз, оған дайындаламыз және барлық қиындықты бастан өткереміз. Ең бастысы, біз НЗМ түлектері ретінде шетелде тегін білім алу үшін көбірек ақпарат пен мүмкіндікті білеміз. Бұл жекеменшік мектептердің оқушыларына да қатысты. Жалпы білім беретін мектептердің оқушылары бұл туралы білмейді. Оларға Еуропаға, АҚШ-қа және басқа елдерге түсуге көмектескіміз келеді. Осылайша, алты достан тұратын «7142» командасы: Дариға Шағаева, Ботагөз Хакимова, Дария Шунушева, Санжар Қосдәулетов, Арлан Мырзабеков және Әлібек Молдағалиев сайыстың финалына өтті. Былтыр маусым айында біз «Caspian Startup» финалына Ақтау қаласына барып, басқа балалармен таныстық. Қазақстан бойынша жаңалыққа құмар балаларды білдік. Жақсы бастама екеніне көз жеткіздік. 

Қазір даму сатысында тұрсақ та сатылым жасадық. Стартапқа деген қызығушылық бар. Мектеп бітіргенге дейін 100% толық іске қосуды жоспарлап отырмыз. Осы жыл ішінде әртүрлі қиындық болды. Бәріміз жақын доспыз және «достық пен бизнесті біріктіруіміз керек» деп айтамыз. Көшбасшымыз әрқашан маңызды кеңестер береді және кез келген уақытта көмектеседі. Команда туралы айтатын болсақ, республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегерлері, мектеп белсен-ділері бар. Қоғамға пайдалы болуға тырысамыз. Біздің әрқайсымыз Қазақстанда немесе шетелде жақсы оқу орнына түсуді армандаймыз. Сондай-ақ жемісті жұмыс істеуді және елдегі жастарға көмектесуді жоспарлап отырмыз. 

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №27
02 шілде 2024 жыл

590 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор