- ҰЛАН
- 02 Шілде, 2024
Домбырашы болғысы келетін Айлин
2018 жылдан бері шілденің бірінші жексенбісі домбыра күні болып бекітілген еді. Қазақ халқының мәдениеті мен өнерінде ерекше орын алатын бұл аспаптың тарихы да, құндылығы да тереңде. Күмбірлеген сазды үнімен жүректі жаулаған домбыраға қызығушылық артып жатқаны қуантады. Бүгін сол қызығушылықты мамандыққа айналдырғысы келетін бүлдіршінмен таныстырғым келеді.
Бұл сүйкімді қыздың есімі – Айлин. Жасы 9-да. Әлеуметтік желілерде домбыраны өзінің төл аспабындай ойнаған видеолары кеңінентараған еді. «Дина
Нұрпейісовадай болуға тілек-теспіз», «домбыраны рухпен ойнайды екен», «жарайсың, биік белестерді бағындыра бер» деген пікірлерді оқып, қолдауға риза болдық. Кейін ата-анасымен сұқбаттастық.
«Бір түні қызық түс көрдім. Мен қазақ қызы екенмін, әкемнің есімі – Құдайберген. Ол елге танымал күйші екен және оның бар таланты маған беріліпті. Ұйқымнан оянған соң, домбыра шертіп үйренгім келетінін түсіндім. Ата-анам басқа аспаптарды да ұсынды, бірақ таңдауымды өзгертпедім. Олар маған 8 наурызға домбыра сыйлады. Ол кезде 5 жарым жаста едім», – дейді Айлин. Айлиннің өнерлі ағасы да бар екен. Оның аты – Марсель. 11 жаста. гитарада ойнайды.
«Адай», «Балбырауын», «Еркем-ай», «Ерке сылқым», «Келіншек» күйлерін естіген шығарсыз? 9 жасар қыз бұдан бөлек «Сарыарқа», «Әлқисса», «Қара жорға», «Қызылқұм», «Наркескен», «Көзімнің қарасы» күйлерін де жатқа ойнайды екен. Керемет емес пе? Бұл күйлерді үйренуіне ұстаздары Ольга Валерьевна мен Қамажай Қазбекқызы көмектескен. Оны шабыттандыратын да, алға жылжуына көмектесетін де осы кісілер екен. Әкесінің айтуынша, Айлин өте мықты қыз. Ерік-жігері күшті, оптимист бала. Кез келген қиындықтан оңай өтіп, өзіне деген сенімділікті сақтай алады екен. Осы қасиеттерінің арқасында фортепианода ойнап, сурет салуды, бисермен, глинамен жұмыс істеуді үйренген. Спортты да жанына серік еткен. Мысалы, биден, гимнастикадан, черлидиң бойынша біраз марапатқа ие болыпты. Болашақта бастауыш сынып мұғалімі болуды армандайды.
«Ағасы бардың жағасы бар» деген сөз Айлин мен Марсельге арналған сияқты. Екеуі бірігіп, біршама байқаудың жеңімпазы атанған. Аралары жақын болғандықтан, барлық жерде бірге жүреді. Мысалы, қалалық «Bala Fest», «Бала шабыты», «Дарынды оқушы» байқауларында тек жүлделі орындардың жеңімпазы атанған. Байқауда орындайтын туынды-ны Айлин таңдайды екен. Кейін ағасы әнді гитараның нотасына салып көреді. Оның бәрін жетек-шілері қадағалап, әннің қалай шығып тұрғанын тексереді. Марсель де шығармашыл бала. Гитарада, фортепианода ойнап, каратэмен айналысады. Айналысып қана қоймай, жарыстарды да жібермейді. Әкесі «балаларым өте белсенді, қоғамдық жұмыстарды қалт жібермейді» деп мақтанып отыр. Мақтануға да себеп бар. Олар ағаш отырғызып, өз қатарластарын эко-белсенді болуға шақырады. Қаланың таза болуына да өз үлестерін қосады дейді. Бұл бүлдіршіндер қазақ тілін меңгеруді қолға алған. Мектепте ғана емес, жеке мұғаліммен де бірге оқиды. Қазақ халқының салт-дәстүрін құрметтейді. Екеуіне тіпті тұсаукесер жасалған екен. Кейін Айлин құлағын тессе, Марсель сүндетке отырған. Қазақстандағы мерекелермен қоса, татар халқының және мұсылмандардың мерекесін тойлаймыз дейді.
«ДОМБЫРАНЫҢ БАҒАСЫ ҚЫМБАТ»
Жақында домбыра күні келе жатқандықтан, балалардың әкесі де маңызды дүниелерді айта кетті. «Домбыра – керемет аспап. Тек қазақтардың емес,
Қазақстанда тұратын барлық ұлттың символына айналған. Оның күмбірлеген үні әр адам-ның жүрегінің түбінен орын алады. Күнтізбеде бұл күннің бар екені, әртүрлі байқаудың ұйымдастырылатыны қуан-тады. Бірақ мені алаңдататын бір мәселе бар. Ол – домбыраның бағасы. Бәріміз білетіндей, күйші өскен сайын, домбырасы да өседі. Өкінішке қарай, біздегі домбыралардың бағасы тым қымбат! Мысалы, Айлиннің алғашқы домбырасын 20 мыңға алдық. өскен сайын екіншісін алуға тура келді. Оны Жолаушы есімді домбыра жасайтын адамға жасатқан едік. 40 мың теңге болды. Қазір қызымыз өсті. Әлеуметтік желілерде де оған жаңа домбыра керек екенін жазып жатыр. Біз де оны түсінеміз. Бірақ бағаға қарап, таңғаламыз. Жақсы концерттік домбыраның бағасы 300 мыңнан басталып, миллионға дейін барады екен. Ал концерттік емес, жәй жақсы домбыра 150–300 мың шамасында. Басқа аспаптармен салыстырғанда, қымбат. Мысалы, «Yamaha» электрогитарасы дүкендерде 80–120 мыңдай. Бұл бағаға аспапты әкелу, сатушылардың табысы да кіріп тұр ғой. Домбыраны өзіміздің Қазақстанда жасайды. Оны басқа жақтан әкелмейді, транспорттық шығын аса көп кетпейді. Неге сонша қымбат екенін түсінбедім. Тағы бір айта кететін жайт бар. Қазақ тілінде, орыс тілінде ұлттық аспаптар туралы айтатын, үйрететін ресурстар аз. Меніңше, кез келген адамның бұл туралы сәл болсын білімі болуы керек. Қызым сыйлыққа ортеке алғысы келеді. Өзіміз жасап көруге тырыстық. Бірақ жасалу жолы туралы ешқайда айтылмаған. Ал кіш-кентай ортекенің бағасы 85 мыңнан басталады. Сондықтан, меніңше, ұлттық аспапқа қызығатындардың санын көбейту үшін оларды жасайтын өндірісті арттыру керек. Әр адам өзіне сапалы домбыра, жетіген, қобыз, дауылпаз, ортеке ала алатындай жағдайға жетсек екен деймін».
Руслан мырзаның айтқандары ойланарлық жағдай. Бұрын әр үйдің төрінде домбыра ілініп тұратын еді. Қазір ондай үйлер азайған. Домбыра сатып алу қарапайым халыққа мүмкін еместей болып бара жатқан жоқ па? Марсель мен Айлин армандауды да біледі екен. Марсель өскенде президент боламын дейді. Бірақ еңбек жолын дәрігерлік қызметтен бастағысы келеді. Ал Айлин қазір кәсіби домбыраны аңсап жүр екен.
«Біздің балалар мүлде басқаша армандайды. Олардың арманы ересек адамдыкі сияқты. Олар Алматыда енді ешқашан жер сілкінісі болмағанын қалайды. Әр қазақстандық бақытты әрі бай болса, ешкім ешкімнің құқығын таптамаса дейді. Бір кезде балаларым «Таза Қазақстан» акциясына қатысып, үйдің алдына ағаш отырғызғысы келді. Менен әкімдіктен көшет сұрауын өтінді. Әкімдік 5 көшет берді. Оларды отырғызып, балалармен бірге қарап жүрдік. Бірақ бір күні екі ағаштың жоғалғанын көрдік. Біреу қазып алып тастапты. Полиция шақырдық. Олар да көмектесе алмады. Себебі бізге берілген аумақ жекеменшік екен. Жер иесі ол ағаштарды қайда апарғаны белгісіз. Балаларымның көңілі түсті. Бұл оқиғадан кейін елде бәрі әділ әрі заң бойынша болғанын қалайды», – дейді Марсель мен Айлиннің әкесі.
Кейіпкер талантты әрі шығармашыл ғана емес, нағыз патриот екенін байқадық. Мұның бәрі тәрбиеден баста-латыны белгілі. Сол үшін бала-қайлардың ата-анасына ерекше алғыс білдіргіміз келеді. Елін, жерін ойлайтын жас көп болса, болашаққа сеніммен қарай аламыз. Марсель мен Айлиннің армандары орындалуына тілек-теспіз!
Ділназ ШАЙМҰРАТОВА
«Ұлан» газеті, №27
02 шілде 2024 жыл
620 рет
көрсетілді0
пікір