• ҰЛАН
  • 02 Шілде, 2024

Мерген қыз Айкөркем

19 жасар садақшы Айкөркем Батихан дәстүрлі садақ атумен бір жарым  жылдан бері айналысады. Алайда, ол дәстүрлі садақ атудан Түркия елінің Стамбұл қаласында өткен «Жеңіс кубогы», яғни Fetih Cupası атты әлем кубогында бақ сынап, жеңіске жетті. Айкөркем Түркияның ең мықты садақшысымен кездесіп, оны 5:4 есебімен ұтты.

– Айкөркем, дәстүрлі садақ ату несімен  қызықтырды?

– Бұл спортқа қызығушы-лықты ағам Бақберген Сәлімов оятты. Ағамның садақ атумен айналысып жүргенін сырттай білсем де, қызыға қоймаған едім. Тек, өз қолыммен садақ ұстағанда ғана менікі екенін түсіндім. Содан бері бір жарым жылға жуық уақыт өтті. Ұлттық спорт – біздің ұлттық кодымыз. Соның ішінде дәстүрлі садақ ату да ойып тұрып орын алады. Мүмкін, сол үшін де садақ атумен айналысуға қызығушылық одан әрі арта түскен болар. Ең бірінші кезекте ұлттық спорт басқа спорт түрлеріне қарағанда ерекше дәріптелу керек деп ойлаймын. Өйткені, сол ұлттың мықтылығын, рухын, намысын көрсететін – ұлттық спорт. Өзім секілді ұлттық спортпен айналысатын жастың көп бол-ғанын қалаймын. Сондықтан, айналама ұлттық спорт туралы жиі айтып, басқалардың қызығушылығын ояту үшін де өз тарапымнан әрекет жасап жүрмін. 

– Алғашқы жарыстарыңыз туралы айта кетсеңіз...

– Мергендікпен айналысқа-ныма бір ай болғанда, яғни 2022 жылы садақ атудан тұңғыш рет Жаңаөзен қаласында өткен  ҚР чемпионатына қатысып, жасөспірімдер арасында алтын алған едім. Сол кезде де бәрі қазіргідей таңғалған.

– Садақ атумен айналысқаныңызға аз уақыт болса да, үздіктердің үздігі атандыңыз. Қай қасиетіңіз бұл жетістікке демеді деп ойлайсыз?

– Ең бірінші кезекте шыдамдылық және дұрыс ниеттен деп ойлаймын. Әрбір жеңіліске шыдау, оған табандылық көрсетіп нәтижеге қарай асығу – спортшының басты қасиеті болса керек. 

– Болашағыңызды осы спортпен байланыстырасыз ба?

– Мүмкін, егер нәтиже жақсы болса, ары қарай жалғастыруға болады деп ойлаймын.

– Алда тағы қандай жарыстарға қатысу ойыңызда бар?

– Қазіргі уақытта ең маңыз-ды жарыс – Көшпенділер ойыны. Мақсат та, фокус та сол жарыста үздік өнер көрсетіп, чемпиондықты тағы бір дәлелдеу болып тұр. Сондықтан  нәтижеге жету үшін жаттығуға толық ден қойып жүрмін. Спортшы үшін елінің, халқының қолдауы өте маңызды. Сол себептен де ұлттың намысын қорғайтын спортшылардан қолдауларыңызды аямаңыздар!

– Әңгімеңізге рақмет!

Айсара МЕЙРАМБЕКОВА,
10-сынып оқушысы

Зайсан қаласы

«Ұлан» газеті, №27
02 шілде 2024 жыл

 

459 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор