• Сенің замандасың
  • 02 Шілде, 2024

Әлия ҰБТ-дан 135 балды қалай жинады?

Қазақстанда негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру жалғасып жатыр. Елімізде үздік ұпай жинап жатқан қатар-ластарыңды әлеуметтік желіде байқап жатқан боларсыңдар? Оларды қолдап, сәттілік тілеп жатқандар қаншама. Барлығын біріктіретін нәрсе – олар қарапайым ауылдық, шағын қалаларда өзге балалар сияқты өз еңбегімен білім алған оқушылар. Ешқандай ғажап дүние жоқ. Сондай жоғары балл жинап, оқуды да, спортты да қатар алып келген балқаштық Әлия Сабыржанды таныстырғым келіп отыр. Ол алғашқы мүмкіндігінен 135 балл жинады. Балқаш қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназияның түлегі.

ҰБТ – жоғары оқу орнына түсу үшін тапсыратын емтихан. Балқаш қаласында 2023-2024 оқу жылында негізгі орта білім алу туралы аттестат 412 түлекке табысталды. Оның 392-сі ҰБТ тапсырады. Солардың ішінде жоғары нәтижеге қол жеткізіп, суырылып шыққан сөз басындағы Әлия болатын. Биыл тестілеу Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев атын-дағы Балқаш техникалық колледжінің базасында өтіп жатыр. Әлия – үздік аттестат иегері. Ол, сондай-ақ, оқумен қатар спортпен шұғылданғанды жақсы көреді. Жеткен жетістіктері де аз емес. Волейболдан 2007-2008 жылдары туған қыздар арасында қаланың бес дүркін чемпионы, қалалық «Мектеп лигасы» турнирінің жеңімпазы, облыстық «Ұлттық мектеп лигасының» күміс жүлдегері, Ә.Молдағұлова атындағы облыстық турнирдің бес дүркін чемпионы, «Балқаш» спорт клубының «Әлия» волейбол коман-дасын құрушы әрі капитаны.

– Мен 9-сыныптан кейін Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындықты бастадым. Нақ-тылап айтсам, тамыз айында. Математика-физика пәндерінің комбинациясы бойынша 135 балл жинадым. Бұл менің бірінші мүмкіндігім. екінші мүмкіндіктен 132 балл алдым.
Болашақта математика мұға-лімдерін даярдау мамандығы бойынша Қазақстанның жетек-ші жоғары оқу орындарының бірі SDU-ға түскім келеді. Тестілеуге өз бетінше дайындалу қиынға соғатын түлектер үшін  дайындық курстарына жазылу дұрыс деп санаймын. Математикадан Ерік Ахмет және физикадан Нұрболат Мұхамеджан ағайлардың курстарынан онлайн дайындалдым. Физика таңдап, тапсырғалы отырған оқушылар 10-11-сынып оқулықтарын міндетті түрде оқуы керек. Ал жалпы YouTube платформасынан тегін сабақтар көріп, конспект жазу арқылы дайындалуға да болады,
– дейді Әлия.

Сондай-ақ, қала бойынша екінші жоғары нәтиже – 128 балды Әлияның сынып-тастары Әліби Мырсым және Ақбота Нұрланқызы, №9 жалпы білім беретін мектептің түлегі Ғибрат Қабетов ие болды. Айта кету керек, бұл соңғы көрсеткіш емес. Тестілеу 5 шілдеге дейін жалғасады. Жаныңда жүрген талантты балаларды байқап, олардың білетінін сұрап қалу қашанда маңызды. Одан ұялмау керек. Бәлкім, сенің де жаныңда озық ойлы достарың жүрген шығар? Талапкерлерге одан да жоғары нәтижеге қол жеткізуіне тілектеспіз!

ҰБТ–2024 өзгерістері

Биыл түлектердің білімін бағалау жүйесіне бірнеше өзгеріс енгізілді. Оқу сауаттылығы және математикалық сауаттылық пәндері бойынша тапсырмалар саны беске қысқарды. Тиісінше, бейіндік пәндер бойынша бес тапсырма қосылды. Сонымен қатар, ҰБТ тап-сыру үшін 210 минут беріледі. Осы уақытқа дейін тестілеу уақыты 240 минут болған. Бұған дейін Ұлттық тестілеу орталығы биылдан бастап шығармашылық бағытты таңдаған талапкерлер Қазақстан тарихы және оқу сауаттылығы пәндерінен басқа математикалық сауаттылық бойынша тест тапсыратынын айтты. Оны: «Математикалық сауаттылықтан тест тапсырмалары өмірде математикалық логика бойынша алған білімін, дағдыларын қолдана алуын тексеруге бағытталған. Сондықтан бұл пән барлық тест тапсырушы үшін міндетті», – деп түсіндірді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек. Алайда, кейінірек бұл тест алынып тасталды деп хабарланды. Сонымен қатар, осы жылдан бастап талапкерлер ҰБТ-ға өзімен бірге қалам алып кіре алмады. Себебі бұған дейінгі ҰБТ-ларда қаламға «шпаргалка» жасырып әкелгендер болған. Ереже бұзудың алдын алу үшін тестілеу орталығы осындай қадамға барды. Түлектерге қалам аудиторияда беріледі. Тест тапсыратын талапкер өзімен бірге тек жеке куәлігін алып кіре алады.

Менің кеңесім

ҰБТ кезіндегі күйзеліс, ішкі қорқыныш бәрінде болады. Ол болу керек те. Алайда сезімдерді басқара білген жөн. «Ойжұмбақ 2-ге» бардың ба? Барсаң, түсінесің. Алғашқы ҰБТ-ны тапсырғаным әлі есімде. Біздің қатарымыз ең соңғы болып қағаз түрінде тапсырған еді. Кейде тест тапсырушылар осыған дейін мектеп оқымай, бір сәтте-ақ 11-сыныпқа тап болғандай болады. ҰБТ сұрақтарын құрастырушылар тапсырманы оқулықтағы материал-дардан алады. Яғни сен бұл мәліметтерді кезінде оқып, жаттадың. Енді тек еске түсіру керек. Мен ҰБТ тапсырардың алдында күнімді жоспарлайтын шағын күнделік бастап, «мен грантқа түсемін» деп жазып қойған едім. Бір жылдан кейін сол күнделігімді тауып алып, таңғалдым. Қағазға жазған армандар орындалады деуші еді. Шынымен де, дәл солай. Ол үшін, әрине, сенің ішкі сенімділігің мен білімге деген таза ниетің қажет. Бұл менің түлектерге деген мотивациям болсын. Айтпақшы, армандаған университетіңнің суретін шығарып, қабырғаға іліп қой. Бұл да күнде жігер беретін мотивация. Егер тестілеуді осыдан 3–5 жыл бұрынғы ҰБТ-мен салыстыратын болсақ, қазіргі ҰБТ оңайырақ дер едім. Себебі қазір бәрі бар. Оның үстіне Ұлттық тестілеу орталығы сұрақтарды құрастыратын кітаптар тізімін берді, даталарды да өздері бекітті. Одан басқа не керек? Енді сол кітаптарды оқып, дайындалу қалды. Бірнеше рет тапсыруға, күнді өзің таңдауға мүмкіндік берді. Бұрынғыдай қағазды бояп, уақыт құртпайсың. Қазір мықты дайындайтын орталықтар ашылды. Ата-анаңа ауыр жүк болып кетеді десең, онда өзің дайындал. Өз басым ешқандай орталыққа жүгінген емеспін. Себебі ізденістің не екенін білдім. Оның үстіне интернет желісінде көптеген видео сабақ бар. Іске сәт!

Олжас ПАВЛИК

«Ұлан» газеті, №27
02 шілде 2024 жыл

4641 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор