- Толағай
- 01 Шілде, 2024
Еуро-2024. Испанияның қарқыны қатты, хорваттар үйге қайтты

Германияның 10 қаласында (Мюнхен, Штутгарт, Франкфурт, Кельн, Дортмунд, Гельзенкирхен, Дюссельдорф, Гамбург, Лейпциг, Берлин) өтіп жатқан 17-Еуропа чемпионатының топтық кезеңі аяқталды. Плей-офф сатысына шыққан 16 құрама белгілі.
Мюнхендегі «Альянц Аренада» болған чемпионаттың алғашқы ойынында Германия Шотландияны 5:1 есебімен жеңді (Вирц 10, Мусиала 19, Хаверц (п) 45+1, Фюллькург 68, Жан 90+3 – Рюдигер (аг) 87). Бұл бірінші матчта ірі есеппен тіркелген тарихтағы алғашқы ойын және немістер өз тарихында бір ойында тұңғыш рет 4 голдан көп гол салды. Чемпионаттағы ең жас бапкер Юлиан Нагельсман (36 жаста) жаттықтыратын Германия «А» тобында Шотландияны ірі есеппен, одан кейін Венгрияны 2:0 (Мусиала 22, Гүндоған 67) нәтижесімен жеңіп, Швейцариямен (1:1 – Фюллькург 90+2 – Ндойе 28) тең ойнады. «А» тобында жеңілмеген Швейцария да (Германиямен 1:1, Шотландиямен 1:1 ойнап, Венгрияны 3:1 есебімен жеңді) плей-офф сатысына сенімді түрде шықты.
Испания гол жібермей топтық кезеңді аяқтаған және үш ойында да жеңіске жеткен биылғы чемпионаттағы жалғыз команда. «Қызыл фурия» (Испания) 2008 жылдан кейін екінші рет топтағы барлық ойынды жеңді. Осы жолы Хорватияны 3:0 (Мората 29, Руис 32, Карвахаль 45+2), Италияны 1:0 (Калафьори (аг) 55), Албанияны 1:0 (Торрес 13) есебімен ұтты. Еуроның тарихында көп кезіккен (8 рет) Испаниямен Италия осымен төртінші кездесуді 1:1 есебімен аяқтап отыр (Еуро 2012 – Пирло 39/ Манджукич 72; Еуро 2016 іріктеу ойыны – Кандрева 11 / Перишич 15; Еуро 2016 іріктеу ойыны – Манджукич 11/Кандрева 36). Осы жолы да жолдары түйісіп, ойын нәтижесін автогол шешіп кетті. Италия болса, бесінші мәрте қатарынан Еуроның топтық кезеңінен шықты (Испания 9 ұпай, Италия 4 ұпай). Бұл топта Әлем чемпионатының күміс (2018) және қола жүлдесін (1998, 2022) алған Хорватия (Италиямен 1:1, Албаниямен 2:2 ойнап, Испаниядан 0:3 жеңілді) 2 ұпаймен келесі кезеңге өте алмады. Хорватия – жалпы тарихта Еуропа чемпионатының жүлдесін алмаған (Үздік нәтижесі – ширек финал 1996, 2008).
«С» тобында сөзсіз екі ойынын тең аяқтап (Словения 0:0, Дания 1:1), бір ойында жеңіске жеткен (Сербия 1:0) Англия көш бастады (5 ұпай). «Үш арыстан» (Англия) жеңіске жеткен жалғыз ойында гол салған (13 минутта) Джуд Биллингем 21 жасында екі Еуро (2020, 2024) мен Әлем чемпионатына қатысқан (2022) тұңғыш еуропалық ойыншы болды. Ал Англия мен Сербия арасындағы кездесу 1980 жылдан бері соққылар саны ең аз ойын есебінде тіркелді (Англия 7, Сербия 4 соққы жасады). Топтағы үш ойынын тең аяқтаған Дания мен Словения үш ұпаймен плей-офф сатысында ойнайды. Екінші Еуросына қатысып отырған Словения (2000 жылы топтық кезеңнен аспады – «С» тобында Испаниядан 1:2 жеңіліп, Югославиямен 3:3, Норвегиямен 0:0 тең ойнады) тұңғыш мәрте келесі кезең жолдамасына ие болды.
«Д» тобында күтпеген көшбасшы – Австрия (тарихта тұңғыш рет топ бастады; 6 ұпай). Екі ойынын тең аяқтап (Польша 1:1, Нидерланды 0:0) бір ойында жеңіске жеткен (Австрия 1:0) Францияның алдына (5 ұпай) шықты. Үшінші орынмен топты аяқтаған Нидерланды құрамасы да (4 ұпай) плей-офф сатысында ойнайтындардың санатына қосылды. Ал бұл топта Польша жарысты аяқтады (2008, 2012, 2020 топтан шықпады, 2016 жылы ширек финалда Португалиядан пенальти сериясы бойынша жеңілді).
Шым-шытырық, шиеленіске толы ойын көрсеткен топ – «Е» тобы. Румыния Еуроға алтыншы рет қатысып жатса да (1984, 1996, 2000, 2008, 2016 – 16 ойын өткізген), жалпы тарихта екінші жеңісіне Украинамен (3:0 – Станчу 29, Марин 53, Дрэгуш 57) болған матчта жетті (Оның алдында 2000 жылы Англияны 3:2 есебімен ұтқан). Топтық ойындардағы алғашқы сенсация Словакияның Бельгияны (1:0 – Шранц 7) жеңуі болды. Үшінші Еуросына қатысып отырған Словакия да (2016 – плей оффта германиядан 0:3 жеңілді, 2020 жылы топтан шықпады) жақсы ойынымен көпшілік ықыласына бөленді. Ал төртінші Еуросына қатысқан Украина Еуро тарихында 4 ұпай жинап тұрып, келесі кезеңге өтпеген алғашқы команда (2012, 2016 – топтан шықпады, 2020 ширек финалдан қайтты) жарысты аяқтады. Бұл топтағы барлық құрамада 4 ұпай болғанымен доп айырмасы, өзара кездесудегі нәтиже бойынша реттілік түзілді. Плей-офф кезеңіне Румыния, Бельгия және Словакия (үшінші орынмен) шықты.
Үшінші орынмен плей-офф кезеңіне шыққан төрт команда болса (Нидерланды – 4 ұпай, Словакия – 4 ұпай, Словения – 3 ұпай), соның бірі – Грузия (4 ұпай). «F» тобында ойнаған Грузия өз тарихында тұңғыш рет чемпионатқа қатысып отыр (Еуроны көрген 36 ел, жалпы плей-оффқа шыққан 29 құрама). «Крестшілер» (Грузия) сенсациямен Португалияны жеңіп (2:0), Чехиямен тең ойнап (1:1), Түркиядан (1:3) жеңілген еді. «Бұл Грузия тарихындағы ұмытылмас сәт. Біз тарихты жасадық. Бізге сенбегендер де болған, бірақ дәлелдедік» дейді ойыннан кейінгі сұхбатында Хвича Кварацхелия.
Биылғы чемпионаттың мергендер көшін бастаған 23 жастағы Георгис Микаутадзе (3 гол) үш ойын қатарынан гол салып отыр (екі пенальтиды қатарынан орындады). Жалпы топтық кезеңде 81 гол көрдік (7 автогол бар). Ал топта Португалиядан ғана жеңілген (0:3) Түркия Чехия мен (2:1), Грузияны (3:1) ұтты (6 ұпай). Сенімді түрде алғашқы екі ойыннан кейін-ақ (6 ұпай) тоғызыншы рет Еуропа чемпионатының плей-офф сатысына шыққан Португалия (Чехияны 2:1, Түркияны 3:0 жеңіп, Грузиядан 0:2 жеңілді), топтағы соңғы кездесуінде жеңілді.
Плей-офф кезеңінде Испания Грузиямен, Германия Даниямен, Португалия Словениямен, Франция Бельгиямен, Румыния Нидерландымен, Австрия Түркиямен, Англия Словакиямен, Швейцария Италиямен ойнайды. Бір қызығы, Еуропа чемпионатына Қазақстанның қатысуына екі мүмкіндік болған, соның бірі іріктеу ойындары («Н» тобында Словениядан екі ойында 1:2, 1:2 жеңілген) және Ұлттар лигасы арқылы (Грекиядан 0:5 жеңілді, ал гректер шешуші сәтте Грузиямен негізгі уақытта 0:0 ойнап, пенальти сериясы бойынша 2:4 жеңілген еді) еді. Екеуінен де жеңімпаз болып чемпионатқа қатысу құқығына иелік еткен екі құрама плей-офф сатысында ойнайды.
Серік ҚАНТАЕВ
«Ұлан» газеті, №27
02 шілде 2024 жыл

920 рет
көрсетілді0
пікір