- ҰЛАН
- 11 Маусым, 2024
Күнделікке жазған армандар орындалады...
Қатарластарымыз спорттан да қалыс қалып жатқан жоқ. Жақында ғана балқаштық Гаухар Сайлаубек кикбоксиңнен Әлем кубогының қола жүлдегері атанды.
Жастар орталығында болған студенттермен кездесуде Гаухар Стамбұлда өткен дода туралы баяндады. Әлем кубогында 2006-2007 жылғы жастар арасында 42 мемлекеттен 375 спортшы қатысты. Жерлесіміз үш жекпе-жекте Түркия, Франция, Венгрия мемлекеттерінен келген спортшылармен сайысты. Болашақ әлем чемпионы алғаш Ақтоғай ауданындағы Шашубай кентінде дайындалған. Сонда бірінші жаттықтырушысы Абай Қомарды кездестірген. Бір қызығы, Гаухар үйірмеге жазылар алдында кикбоксиңнің не екенін білмеген. Кейінірек оның өте қиын спорт түрі екенін түсінген. Бұл спортты өзін қорғау мақсатында таңдаған. Қазір спортшымыздың жасы он сегізде. Әлихан Мусин атындағы гуманитарлық-техникалық колледждің дене шынықтыру мамандығының үшінші курс студенті. Гаухар «Балқаш» спорт клубында жаттығады. Айтуынша, спортшы үшін ең қиыны салмақ қуу. Жарысқа бір ай дайындық ішінде бір салмақты ұстап тұру керек екен. Гаухар спортшылардың арнайы диетасын ұстайды.
– Мен ұнды, тәтті тамақтар мен газдалған сусындарды ішпеймін. Халықаралық жарыстарда әрбір грамм маңызды. Артық салмақ бола қалса, кешкі тамақтан бас тартып, ашығамын, – деді спортшы.
Гаухар алдына нақты арман қойып, соған жеткенді жақсы көреді. Бірақ үлгі тұтатын спортшысы жоқ. Кездесу барысында жастарға кейіпкеріміз мотивациялық кеңестер айтты. Гаухар арманға жету үшін барлық қиындықты еңсеру керек екенін жеткізді. Жас спортшы жарыс барысында жаттықтырушының қолдауы, спортшының психологиялық дайындығы маңызды екенін ескертті. Ол 2019 жылы Талдықорғанда өткен жарыста үлкен тәжірибе жинады. Осы сайыста Гаухар өзінен бір жас үлкен қарсыласынан ұтылып қалады. Сонда ол үлкен күйзеліске түседі. Алайда жаттықтырушысының арқасында еңсесін тіктеп, әрі қарай алдына үлкен мақсаттар қоя білді. Кейіпкеріміз ауыр соққылар жиі болатын бұл спорт түріне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Спортшылар арасында кекілжіндердің болып тұратынын жоққа шығарған жоқ. Осы кезде спортшының сабыры мен кәсіби біліктілігі тексеріледі. Гаухар жеке күнделікке жазылатын армандардың орындалатынына сенеді.
– Осыдан бес жыл бұрын блокнотыма әлем чемпионы боламын деп жазып қойған едім. Кейін ол туралы ұмытып кетіппін. Жақында сайыстан келгеннен кейін заттарымды жинап жатып, блокнотыма көзім түсіп кетті. Сонда жазғандарымды көріп таңғалдым. Міне, қазір әлем чемпионы атанып, көпшілік алдында сұқбат беріп отырмын. Сондықтан мен ғажап дүниелерге сенемін. Ол кезде осылай болатынын білмедім. Армандаңыздар. Осы тұста тағы бір дүние айтқым келеді. Түрлі шет елдерге жарысқа барып, ағылшын тілін білмей қиналдым. Сондықтан жастар ағылшын тілін мүмкіндігінше үйреніп алса екен. Себебі, ағылшын – халықаралық байланыс тілі, – деді Гаухар.
Айта кету керек, Әлем кубогына ел намысын қорғауға 51 спортшы барған. Қазақстан құрамасы 8 алтын, 15 күміс және 16 қоланы қанжығасына байлады. Енді жерлесіміз осымен тоқтамай, тамыз айында Венгрияда өтетін әлем чемпионатына бармақ. Ол болашақта тек қыздардың жаттықтырушысы болғысы келеді. Себебі кикбоксиңге көбіне ұлдар қатысқандықтан, қыздар үшін бұл ыңғайсыздық тудырады. Сондықтан оның арманы қыздардың жеке секциясын ашу.
Бетті дайындаған Олжас ПАВЛИК
«Ұлан» газеті, №24
11 маусым 2024 жыл
1761 рет
көрсетілді0
пікір