• ҰЛАН
  • 12 Маусым, 2024

Жұмыс істеп, саяхаттағың келе ме?

Елдегі біршама ЖОО-да шетелге шығып, білім алуға болатын бағдарлама бар. Соның бірі – Work and Travel бағдарламасы. Аудармасы – жұмыс және саяхат. Бағдарлама ерекшелігі де осында. Жаз уақытында студенттер АҚШ-қа барып, күзде сабағына оралады. Студенттер жұмыс істеп қана қоймай, саяхаттай алады. Бағдарлама туралы толық ақпарат алу үшін Columbus Exchange агенттігімен байланыстым. Агенттік директоры – Нұржан Бкетов. 2012 жылдан бастап бүгінге дейін 50 мың студентке шет елді круге мүмкіндік берген.

«Work and Travel бағдарламасы мәдени алмасудың керемет мысалы деп білемін. Бағдарлама арқылы студент өзіне ғана керектіні алмайды, Қазақстанға оралған соң жинаған тәжірибесімен елдің дамуына үлесін қоса алады», – дейді ол.

Енді бағдарламаның жалпы ережесін білейік. Аталған бағдарламаға қатысу үшін 1, 2, 3 курс студенті болуыңыз керек. Колледж студенті қабылданбайды. Себебі АҚШ-қа мигранттарды көбейтпеу үшін еліне қайтып, оқуын жалғастыратындар ғана жіберіледі. Шет елге шыққыңыз келсе, ағылшын тілін білу міндетті. Әйтсе де IELTS, TOEFL сынды емтихан сертификаттары талап етілмейді екен. Өтінімдер 1 тамыздан 1 наурызға дейін қабылданады.

«Work and Travel-дің бірінші мақсаты – студенттердің жұмыс істеуі. Бірақ жаз кезінде университеттегі сабағыңды бітіре сала жұмысқа орналасуды армандайтындар аз деп ойлаймын. Ең жақсы мүмкіндігі – көкжиегің кеңейеді. Өзге мәдениетпен танысып, саяхаттайсың, тәжірибе жинап, ағылшын тілі деңгейіңді көтересің. Сондай-ақ ақша табасың», – деп бағдарламаның студенттерге ұнайтын, ұнамайтын тұстарын қысқа қайырды.

Айтпақшы, бағдарламаға қатысу ақылы. Елде АҚШ-пен байланыс орнатқан бірнеше агенттік бар. Солардың бірін таңдап, келісімшартқа отырасыз. Олар сізге көмектесіп, АҚШ-та болған кездеріңізде де байланыста болады. Баға таңдаған агенттігіңізге байланысты. Бірақ шамамен 1 миллионнан 2 миллионға дейін барады екен (3000$-4000$). Бұл бағаның ішіне АҚШ-қа дайындалуыңызбен қоса, билет, тұратын жер мен жұмыс орнын табу, Visa құжатын алу, медициналық сақтандыру кіреді.

«Студент Америкада жүргенде де байланыстамыз. Студенттеріміз ауруханаға түсіп қалған кез де болған. Сондайда тез қимылдап, көмек береміз. Сонымен қатар, біздің компанияның атынан студенттермен бірге жүретін координаторларымыз да бар. Биыл 3 қызметкерімізді жібердік».

Бағдарламаға қатысу үшін сізге мына құжаттар керек: жеке куәлік көшірмесі;

  • паспорттың көшірмесі;
  • туу туралы куәліктің көшірмесі;
  • ЖОО анықтамасының түпнұсқасы;
  • өткен семестрдегі бағалардың транскрипті;
  • 5×5 өлшеміндегі фотосурет.

«Студент істейтін жұмысын өзі таңдайды. Visa құжатын алуға бармас бұрын жұмыс берушімен танысып, шақырту алады. Негізі жұмыс беруші жұмыскерге тұратын жерін тауып беруі керек. Ол пәтер не жер үй болуы мүмкін. Пәтер үшін студент айына 500–600$ төлейді. Бұл шамамен 250 мың теңге. Егер студент қонақүйде істесе, 50% жеңілдік алады. Ол кезде 200–300$ төлейді. Ал тамақтану саласында, мейрамханаларда жұмыс істесе, 50% жеңілдікпен немесе тегін тамақтана алады».

Бағдарлама бойынша қандай жұмыс істеуге болады? Қызмет көрсету саласы бойынша:

  • мейрамханалар; фудкорттар;
  • ұлттық саябақтар;
  • көңіл көтеретін саябақтар;
  • қонақүйлер.

Қауіпсіздік саласында:

  • бассейндегі, аквапарктегі құтқарушы;
  • жағажайдағы құтқарушы.

Төленетін айлықты да сұрадым. Егер студент бағдарламаға қатысып, Америкаға кету үшін 4000$–5000$ құртса, жаз бойы жұмыс істеп, 10 000$-ға дейін табыс таба алады. Ал студент 3 айда тапқан ең жоғары еңбекақы – 20 000$ болыпты.

«Университтегі бағаңыз жақсы болсын. Бұл өте маңызды. Ағылшын тілін үйренуді ертерек қолға алыңыз. Мен бағдарламамен екі рет АҚШ-қа барып келдім. Университет бітірген соң үш жыл Америкада тұрдым. Кейін елімізді дамыту, көркейту үшін Отаныма оралдым. Елдің жастары – болашақ бастауы деп санаймын», – деп Нұржан мырза жастарға кеңес берді. Бағдарламаға қатысушы көзімен қарау үшін студенттерді әңгімеге тарттым.

Диас Балтабаев – 3-курс студенті. Былтыр Work and Travel бағдарламасымен АҚШтың Аляска штатында болған.

«Дайындықты ағылшын тілін өз бетімше оқудан бастадым. Кейін арнайы курстар мен speaking club-тарға бардым. Менің негізгі жұмысым мейрамхананың ас бөлмесінде, ал қосымша жұмысым кәдімгі дүкенде болды. Жұмыс уақытым таңғы 5-тен түскі 13:00-ге дейін, ал екінші жұмысым түскі 14:00-ден түнгі 23:00-ге дейін болды».

Шетелге барғысы келетін жастардың ата-анасын «балам қайда тұрады?» деген сұрақ мазалайтыны анық. Бірақ бұл сұрақ бойынша қорқудың қажеті жоқ сыңайлы. Диастың да айтуынша, бағдарламамен АҚШ-қа келген студенттер үй жалдайды. Мұны ағылшынша apartment деп атайды. Диас жалғыз тұрмаған. Жанында екі қазақ, екі болгар болған. Жалпы бес адамға үш бөлмелі пәтер берілген. Зәулім ғимараттар, қызықты өмір, саяхат – біз АҚШ-ты осылай көреміз. Десе де оның біз білмейтін қыры қаншама.

«Бізге жағымсыз тұсы тамақтану болды. Себебі бұл мемлекетте тамақтың 90%-ы шошқа өнімдерінен дайындалады. Екіншіден, мемлекет еркін болғандықтан Нью-Йорктің көшелерінде жағымсыз шөптің иісі шығады. Әрине, біз үшін бұл жат. Ал жағымды тұстарын айтатын болсам, өзгеше еркіндікті сездім. Адамдардың өмір сүру салты біздің елмен салыстырғанда мүлде бөлек. Және мені адамдардың ақкөңілдігі тәнті етті. АҚШ-қа алғаш келген кездегі сезімдерімді, қуанышты айтып жеткізе алмаймын. Оны тек сезіну керек», – дейді ол.

Бағдарламаның жақсы бір тұсы – жаздағы үш айыңды жұмыс істеп, пайдалы өткізуге болады. АҚШ-та төленетін ақша мен Қазақстанның айлығында айырмашылық бар. Мысалы, АҚШ-та еңбек ақысы сағатына төленсе, Қазақстанда айына төленеді. Кейіпкеріміз «уақыт – ақша» деген сөздің мағынасын сол жерде түсіндім дейді. Әңгіме барысында Диас АҚШ оны өзгерткенін де айтты.

«АҚШ мені 180 градусқа өзгертті. Ағылшын деңгейім көтерілді. Әлемнің түкпіртүкпірінен жаңа достар, жаңа орта таптым. Енді Ямайкада, Түркияда, Тайландта, Румынияда, Эквадорда, Латын Америкада таныстарым бар. Америка миымдағы шектеуді бұзды. Бәрі мүмкін екенін өзіме дәлелдедім. Мүмкіндік болса тағы барар едім», – дейді студент.

Диас Visa құжатына тек бір рет тапсырған. Ә дегеннен рұқсат алған. Құжатты алуға кірерде өзіңізге сенімді болыңыз дейді. Диастың Work and Travel бағдарламасына тапсырғысы келетін студенттерге кеңесі:

  • Құжаттарыңыздың көшірмесін жасатып алыңыз. Себебі ұрланған не жоғалған жағдайда Қазақстан елшілігіне барып уақытша паспорт ала аласыз;
  • Өзіңізбен көп киім апарудың қажеті жоқ;
  • Ағылшын деңгейіңіз төмен болса, дайындалыңыз. Кем дегенде Pre-Intermediate болуға тиіс. Тіл деңгейіңіз төмен болса, адамдармен сөйлесу қиынға соғады;
  • Бәріне дайын болыңыз. Сапар – сынақ;
  • Денсаулығыңызды елде жүріп тексертіп алыңыз. АҚШ-та медицина өте қымбат.

Бұл – Диастың басынан өткен жағдайлардан түйгені. Бір байқағаным, шет елге шыққан әр адам ағылшын тілінің маңыздылығын айтады. Сондықтан бұл кеңес бәрімізге қажет әрі маңызды деп ойлаймын. Студент атанған кезде аталған бағдарламаны қарастырып, шет елге шығып тәжірибе жинап, елдің дамуына өз үлестеріңді қосасыңдар деп ойлаймыз.

Ділназ ШАЙМҰРАТОВА

«Ұлан» газеті, №24
11 маусым 2024 жыл

1834 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор