• ҰЛАН
  • 10 Маусым, 2024

Күніне 8 сағаттан көп уақытын математикаға арнайтын Шерхан

Әл-Харезми атындағы халықаралық математика олимпиадасында көршілес Қырғызстан, Әзірбайжан, Түркіменстан және Тәжікстаннан 135 оқушы бақ сынады. Олардың қатарында біздің жерлестеріміз де бар. Қазақстан құрамасы 100% нәтиже көрсетіп, 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медальды қанжығаға байлады. Атап айтқанда, Атырау облыстық №1 Біліминновация лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Орынбасар Бердібек пен Ақтөбе облыстық дарынды жасөспірімдерге арналған Білім-инновация мамандандырылған мектепинтернатының 9-сынып оқушысы Шерхан Жақсылық бірінші орын, Атырау облыстық №1 Біліминновация лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Темірлан Әбішев екінші орын, Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің 8-сынып оқушысы Аружан Батырхан үшінші орынға ие болды. Ал өткен жылы бірінші рет ұйымдастырылған олимпиадаға бес елден 72 қатысушы жиналған. Онда Қазақстан құрамасы екі алтын, екі күміс медаль еншіледі. Құрама команданың жетекшісі – «Үздік педагог» номинациясының иегері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы Ибрагим Ибатулин. Шерханның жасы 14-те. Ақтөбелік жас математиктің олимпиадаларға қатысуы Біліминновация лицейіне оқуға түсуінен басталған.

– Меніңше, Әл-Харезми атындағы халықаралық олимпиада өте жоғары деңгейде өтті. Дайындық осы мамырдың басында басталды. Есептер ауыр болды. Математика барлығына ұнай бермейді. Ал ұнаған жанға үнемі айналысқан қиындық туғызбайды. Мен күнімнің 8–10 сағатын математикаға арнаймын. Байқауларға көбіне өзім дайындаламын. Алайда лицейде күнде дайындық сабақтары да болып тұрады. Және ағайларымыз бізге мықты математиктермен практикалық кездесулер өткізіп тұрады. Осыған дейін екі мәрте республикалық олимпиададан орын алдым. Азия-Тынық мұхиты математикалық халықаралық олимпиадасының жүлдегерімен. Бірнеше рет халықаралық олимпиадаға қатысқандықтан аз да болсын тәжірибе жинақтадым деп ойлаймын. Осы тұста достарыма кеңес айта кеткім келеді. Олимпиадалық математикада есептер екіге бөлінеді. Бірініші реализациялық және идеялық есептер. Көбіне тапсырмада идеяны табу оңай болмайды. Ал реализацияны табу әлдеқайда оңай. Сондықтан да алдымен реализацияны біліп алып, есептің идеясына, оның түпкі нәтижесіне көшесің. Елімізде математика ғылымы қарқынды дамып жатыр. Ең үздік халықаралық олимпиаданың он жыл бұрынғы нәтижесін алып қарасақ, еліміз айтарлықтай өз орнын тапқан. Жас матеметик ретінде өзім есептер құрып жатырмын. Мектеп бітіргеннен кейін республикалық, халықаралық олимпиадаларға тапсырмалар ойластыру ойда бар, – деді кейіпкеріміз.

Өздеріңе газеттің №20 (14 мамыр 2024) санында таныстырған – халықаралық додаларда жеңіске жеткен жас математик Жан естеріңде ме? Ол Болгарияның Варна қаласында өткен 41-ші Балқан олимпиадасында (BMO – 2024) ең мықты жас математик атанды. Бүгінде Жан мектеп бітіріп, олимпиадаларда жоғары нәтиже көрсеткені үшін әлемнің озық университеттерінен білім грантын ұтып алды. Жан туралы мектеп ұжымының ерекше қуанышпен хабарлаған Инстаграм парақшаларындағы постын оқығанда біз де қуандық. Себебі Жан Сингапурдың Nanyang Technological University, Гонконгтың The Chinese University of Hong Kong және Hong Kong University of Science and Technology, Оңтүстік Кореяның Korea Advanced Institute of Science and Technology университеттерінен шақырту алды. Оның мектеп қабырғасында олимпиадаларда жеткен жетістіктері грант иегері атануына көп көмегін тигізді. Мұның барлығын неге айтып отырмыз? Шерхан да ертең талай биіктерді бағындырып, грант ұтып алуына болады. Сондықтан да Жанның жолын берсін! Сәттілік тілейміз! Тек Шерхан ғана емес, сен де, оқырман, шақыртулардың иесі болуың әбден мүмкін. Ол үшін еңбектен! Ғылым жолын таңда.

Олжас ПАВЛИК

«Ұлан» газеті, №24
11 маусым 2024 жыл

433 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор