- ҰЛАН
- 11 Маусым, 2024
Балалар Президентті таңғалдырды
Жас дос, президенттің өзі келіп, қолыңнан алып, басыңнан сипаса қандай сезімде боласың? Ата-ана, ұстаздарың мен достарың қалай қуанар еді? Елестетші... Тәтті түс сияқты, иә? Балалар мерекесінде президент №138 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Шолпан Амангелдіні дәл осылай құттықтады.
«ЖОБА КЕРЕМЕТ ЖАСАЛҒАН» ДЕДІ
Алматыда дәстүрлі Bala fest байқауы өтті. Бұл жолы балалар ғылыми жұмыстарын президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа таныстырды. Фестиваль бес бағыт бойынша квест ойыны түрінде (Science, technology, engineering, art, mathematics) өтті. Фестиваль тақырыбы жаратылыстану бағытында. Әр жас санаты білезік пен тапсырмалар картасының түсіне сәйкес келеді. 6–9 жас – жасыл, 10–14 жас – сары, 15–18 жас – қызыл. Тапсырмаларды орындап, ұпай жинайды.
Ең көп 1000 ұпай. Жеңімпазға сөмке, бөтелке мен медаль сыйлыққа береді. Интерактивті эксперимент, шағын зерттеулер мен практикалық сабақтар болды. Отыздан аса интерактивті экспериментке, ғылыми-практикалық іс-шараға қатысты. Бүлдіршіндер үлкен тақтаға сурет салып, көңілді болды. Мемлекет басшысы балаларды мерекемен құттықтап, келешек ұрпаққа зор үміт артатынын айтты. Сондай-ақ жеткіншектердің ғылыми ізденісі мен шығармашылығын шыңдауға үлес қосқаны үшін фестиваль ұйымдастырушыларына ризашылығын білдірді.
Шолпан Амангелді: – Мен мемлекет басшысын күтіп алып, барлық станция барысында жанында жүрдім. Ең соңғы станцияда өзімнің Venus-sat.kz деген жобамды таныстырдым. Президентке ұнады деп үміттенемін. «Жоба керемет жасалған» деді. Jas Galym Science Quest фестивалінен керемет әсер алдым. Тәжірибе және ойындар арқылы қызықты ғылыми ақпарат беру керек болды. Мұндай іс-шаралар біздің қызығушылығымызға әсер етеді. Балаларға өздерінің жеке басын дамытуға, тіпті оларды қызықтыратын мамандықтарды әртүрлі саладан табуға ынталандыратынына сенімдімін. Фестивальде алматылық балалардың білім деңгейін және олардың технологиялар мен steam саласындағы жетістіктерін көрсете алдық.
Наноспутник гелий шарымен стратосфераға көтеріледі. GPS-сенсормен жабдықталған. Құласа да басқарылады. Осыдан бір апта бұрын спутникті стратосфераға ұшырған болатынмын. Бастапқыда 24 шақырым деп болжаған едім. Кейін 30 шақырымға ұшырдық. Спутник ұшқанда ғылыми ақпараттарды алдық. Болашақта бұл ақпарат жасанды жаңбыр техникасын дамытуға, Семей орманын қайта қалпына келтіруге көмегі тиеді. Маған Алматы қаласының әкімдігі, Оқушылар сарайы және өз мектебім өте қатты көмектесті. Ұстаздарымнан Ақмарал Божанова, Бақыт Сапарғалиева және Гүлбану Әукенова апайларым нұсқау берді.
Шолпан жасаған наноспутник Индонезиядағы INNOPA–2022 дүниежүзілік өнертапқыштар байқауында алтын медаль алды. Оған NASA да қызығушылық танытқан еді. Шолпанның жобасы Алматы оқушылар сарайының ғарыш зертханасының командасымен бірлесіп ғарышта нақты сынақтан өтуі үшін «Қазғарышпен» келіссөз жүргізіп жатыр.
Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА
«Ұлан» газеті, №24
11 маусым 2024 жыл
1918 рет
көрсетілді0
пікір