• ҰЛАН
  • 05 Маусым, 2024

Белгісіз тас сыры

Көктем жауыны сондай жеңіл... Лезде себелеп өте шығып, көне шаһардың шаңын басты. Ташкент көрінісі енді өзгеше көрінді. Табиғаттың тосынсыйымен қарсы алған өзбек елінің астанасы кетерде тағы да «жылап» тұрды. Бірнеше күннен бері қаланың тарихи орындарын аралап үлгерген менің енді жолым басқа бағытқа өзгерді. Бұл жолы ортағасырлық зәулім сарайлар мен күмбезді мешіттер емес, мені жат мекенде Боткин зираты қарсы алды. Метродан шығып, біршама жаяу жүрдім. Қаланың сырт аймағының тыныс-тіршілігімен таныстым. Алдымнан түрлі гүл дүңгіршектері, көктастарда бейнеленген адам сұлбалары мен христиан дінінің символдары шықты. Сөйтсем бұл жер Ташкент шаһарының қалалық бірінші зираты екен. Жүрегім зу ете қалды. Бұл жақта не істеп жүр дейтін шығарсыз? Мұнда қазақтан шыққан алғашқы жоғары білімі бар дәрігер Гүлсім Асфендиарова жерленген. Бұл туралы жақында журналист Әлия Әшімнің түсірген рилстарынан көрген едім. Ақыры Ташкентте болғандықтан жолай соғып, тағзым етіп кетуді құп көрдім. Айтпақшы, кіреберіске келдік қой. Сөзімді жалғайын. Келуін келіп алып, енді Үммі Гүлсім апаның көктасын тапсайшы... Жолға шығарда бір амалын табармын деген үміт мені екі зираттың ортасында сандалтты. Боткин зираты барған жерімнен бөлек маңайда орналасқан екен. Жол сұрай келген менің сұрағыма сол зиратта жұмыс істейтін адамдар жөн сілтей алмай біраз жүрді. Сөйтіп, тағдыр айдап келді ме, білмеймін, мені зираттың маңайында көктас жасайтын бір азаматқа жіберді. Ұзын бойлы, көзі көк, сарылау келген жанның есімі Фердинанд екен. Сұрастыра келе Фердинанд жақында Гүлсімнің ескі тасына жеке суретін жасап, жазуын реставрациядан өткізгенін білдім. Әрине, бұл бастама журналист Әлияныкі еді. Ол жайында кейінірік өзі баяндасын.

Жолсерігім жоғарыда аталғандай зираттың екінші бөлігінің ұзын тар жолымен Гүлсім апаның басына алып келді. Зираттардың көп болғаны сонша, бәрі тығыз орналасқан. Қазақ дәрігерінің көктасы бір қуыста орналасқан. Қазір оның қашалған тастағы сұлу бейнесі көзіңе түседі. Жазулары анық көрініп тұр. Бұдан бірнеше күн бұрын тастың кімге тиесілі екенін кім білген? Себебі жазуы көрінген жоқ. Хабарласа келе білгенім, Әлия Әшім бұл тасқа Ташкентте жүрген кезде тапсырыс беріп кеткен. Бір аптадан астам уақытта дайын болған. «Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының келісімін алмадым. Бұл жеке инициативам. 4 жыл бұрынғы Гүлсім Асфендиарованың зиратын көргенмін. Онда аты-жөні анық жазылып тұрды. Мен дәл сондай зиратты көрем деп бардым. Барсам, аты-жөні еш көрінбейтін белгісіз тас болып шықты. Сонда жаным ауырды. Өйткені Гүлсім Асфендиарова дара, тарихи тұлға. Сондықтан мен барынша жаңартуға, атының көрініп тұрғанын және фотосуретінің болғанын қаладым. Бірақ тиіспеуге, қалай бар, сол қалпында қалдыруға тырыстым. Фердинанд оны толықтай алып тастап, жаңартуды ұсынды. Бірақ мен түпнұсқаны сақтап қалу үшін тек бояған жөн дедім», – деді Әлия.

Дәл осыдан 4 жыл бұрын Гүлсімнің көктасы табылған еді. Парадокс, иә? Қалайша сұлтандар әулетінен шыққан, жоғары білімі бар қазақ дәрігерінің жатқан жері кейіннен табылды? Оған дейін ешкім білмеген бе? Әлия бұл туралы фактіні қайдан тапқанын айтты: «Гүлсім Асфендиарованың жатқан жері туралы ақпарат ең алғаш Фейсбук парақшасында жарияланды. Бақыт Алтынбеков деген кісі үнемі Гүлсім Асфендиарованың фотосуреттерін жариялап отыратын. Архивтен дипломын тапқан адам. Сол кісі «осындай зират табылды» деп репост жасады. Ол Татьяна Вавилованың посты еді. Ташкентте тұрады. Негізгі мамандығы дәрігер. Бірақ тарихпен айналысқанды жақсы көреді. Олар Ташкенттегі зираттарды зерттеп жүрген кезде аяқ астынан Гүлсімнің зиратын тауып алады. Қуанып бірден Фейсбукқа жариялайды. Мен хабарласып, өз көзіммен көрдім».

Расында да, Татьяна Вавилованың Фейсбугына өтсең, құнды деректерге тап боласың. Онда: «2021 жылы «Память о ташкентцах» тобы Асфендиарованың жатқан жерін Боткин зиратының Коммунистік бөлігінен тапты. Оған дейін зираты жоғалған деп саналды» деп жазылған.

Айтпақшы, Әлия Әшім Ташкентке бекер бармады. Түсірілім тобымен «Қазақстан» ұлттық телеарнасы үшін тарихтағы әйелдерге қатысты бірнеше бөлімнен тұратын деректі фильм түсірмек. Мақсаты – тарихтағы қазақ әйелдерінің еңбегін насихаттау, олардың білім мен ғылымда, медицинада және т.б. салада атқарған қызметін көрсету, тұлғалығын таныту. «Қазақ қыздарының өмірін зерттеу олардың қандай болғанына жауап береді. Өйткені кез келген қоғамда адам өзінің түбірін, тамырын іздене бастағанда оның көз алдында жиынтық образ қалыптасады. Ол образ ер адамдарда қатты байқалады. Біреу Абылайды, біреу Кенесарыны айтады. Бізде қыздарға қатысты жиынтық образ өте бұлыңғыр. Арасында Томиристің болмысы қалыптасқан. Бірақ ол өте көне. Оған өзіңді теңей алмайсың. Себебі қанша уақыт өтті. Сондықтан бізге кейінгі тарихымызды қазбалауға тура келді. Осындай тұлғаларды жаңа ұрпаққа насихаттау маңызды», – дейді Әлия.

Гүлсім Асфендиарованың жеке деректеріне қатысты мәліметтер қатарын толықтыра түскенді жөн көрдім. Жаңа ақпарат Бақыт Алтынбековтің Фейсбук парақшасынан алынды. Сөз болып отырған тұлғаны басында қазақ қыздарынан шыққан алғашқы дәрігер деп атадық. Алайда Гүлсім қазақтан ғана емес, Орта Азиядан шыққан алғашқы дәрігер. Ол тікелей Шыңғыс ханнан тараған нағыз ақсүйектің тұқымы. Армия генерал-майоры, Түркістан губернаторының аудармашысы Сейітжапар Асфендиаров пен Абылай ханның ханның шөбересі Гүләндам Қасымованың қызы. Әкесі 1916 жылы зейнетке шыққан. Ол сондай-ақ 1-дәрежелі Бұхара Алтын жұлдыз орденінің кавалері болды. Ата-аналар барлық баласын үйде оқытумен қамтамасыз етті. Әкесі Гүлсімге аймақта патриархалдық негіз болғанына қарамастан, одан әрі оқуға баруға мүмкіндік берді. Ол ғана емес, отбасындағы 4 қыз да білім алып шықты. Сол кезде оқу оқыған қыздар аз еді. 1891 жылы ол Ташкент қыздар гимназиясына оқуға түсіп, 1899 жылы гимназияны сәтті бітіргені туралы аттестат алады. 1897 жылы Санкт-Петербургте әйелдер медициналық институты ашылды. Оқу орны Еуропадағы қыздар жоғары білім ала алатын алғашқы оқу орны болды. Империя астанасындағы институтқа түсу Түркістан өлкесінен барған жас қыз үшін батыл әрі жауапты қадам болды. Гүлсім қабылдау емтихандарын сәтті тапсырды. 22 жасында ол алыс астанаға оқуға кетті.

Институттың соңғы курсында Гүлсім өзінің туған өлкесіндегі дәрігерлердің болашақ жұмысы және халыққа қызмет етуі туралы ойлана бастады. Ол Түркістан әскери округіне учаскелік дәрігерді жұмысқа қабылдау туралы екі өтініш жазды. Оның біріншісі Түркістан әскеримедициналық басқармасына жіберілді: «Кончив курс в Санкт-Петербургском Женском медицинском институте, хорошо зная как сартовский, так и киргизский языки, мне очень было желательно работать среди знакомой и близкой мне национальности. Обращаюсь к Вам с покорнейшей просьбой назначить меня Тамерлановским сельскоучастковым врачом Чимкентского уезда». Ал екінші хатта Гүлсім император II Николайға тікелей жүгінуге батылы барды: «Имея желание поступить на службу Вашего Величества участковым врачом в Туркестанский военный округ, в село Тамерлановку Чимкентского уезда Сыр-Дарьинской области, всеподданнейше прошу: Дабы повелено было сие прошение мое принять и меня вышепоименованную определить на службу в Туркестанский военный округ».

Гүлсім өтініші бір айдан аз уақыт ішінде қанағаттандырылды. Ол мемлекеттік қызметке қабылданып, Тамерлановка ауылындағы шағын дәрігерлік учаскеге дәрігер болып тағайындалды. Онда ол сегіз мыңға жуық адамды жалғыз қабылдады. Халықтың кедейлігі және қолжетімді медицинаның болмауы өз ісіне бейжай қарамайтын жас та болсын бас маман Гүлсімнің пациенттердің тұрғын үй-жайларын жеке тексеруден өткізіп, сондай-ақ ауыл тұрғындарымен жеке гигиена, денсаулықты қорғауға қатысты әңгімелесуіне тура келді. 1913 жылы Хиуада бас дәрігердің акушер-ассистенті лауазымын атқарды. Міне, осы уақытта ол Азия өлкесінің тарихында алғаш рет кесір тілігі операциясын жасады. 1914 жылы Ресейдің Бірінші дүниежүзілік соғысқа кіруіне байланысты әскери қызметшілерге қатысы бар әкесінің өтініші бойынша Гүлсім Ташкентке оралуға мәжбүр болды. Ташкентте оның көмегімен 30 орындық өзінің акушерлікгинекологиялық бөлімшесін ашуға қол жеткізді. Ташкентте медициналық қызметпен қатар Гүлсім саяси өмірге де араласты.

1918 жылы Қазандағы Бүкілресейлік мұсылман съезінің делегаты болып тағайындалды. Ол сондай-ақ Ресей мұсылмандарының уақытша орталық ұйымдастыру бюросының мүшесі болып сайланды. Ташкентке оралғаннан кейін Гүлсім қалалық перзентхананың директоры болып тағайындалды. Сол жылдары оның қоластына Аққағаз Досжанова келеді. Осы тұста Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері Алмас Жүнісбаевтың «Қазақ әдебиетінде» жариялаған «Қазақтың тұңғыш әйел-дәрігері» атты мақаласынан үзінді қоса кеткенді жөн көрдім: «Көпке дейін қазақтың арасынан шыққан тұңғыш әйел дәрігер Аққағаз Досжанова болды деген пікір орныққан болатын. Алайда, Түркістан университетінің медициналық факультетін аяқтаған А.Досжанова дәрігер дипломын тек 1922 жылы алған. Оқуын аяқтағаннан кейін, Г.Асфендиарова жетекшілік еткен Ташкент қаласының перзентханасына жұмысқа қабылданған А.Досжанова Гүлсімнің шәкірті атанып, одан тәлім алады. Жоғарыда айтылғандарды ескеретін болсақ, онда қазақ қыздары арасынан тұңғыш болып дәрігер атағына қол жеткізген Гүлсім Асфендиарова, ал революциядан кейін дәрігер атанған тұңғыш қазақтың қызы Аққағаз Досжанова деп есептеу әлдеқайда орынды әрі тарихи ақиқатқа еш қайшылығы жоқ».

1920 жылы Гүлсім мұсылман бюросының қолдауымен акушерлерді даярлау курсын ұйымдастырды. Сонымен қатар, жүкті әйелдердің физиологиясы бойынша жеке сабақ берді. Біраз уақыттан кейін курс Ташкент медициналық техникумына берілді. Онда Асфендиарова өмірінің соңғы күндеріне дейін «Жүкті әйелдердің физиологиясы» пәнінен сабақ берді. Ол оқытушылық қызметті 1922 жылы бастаған Ташкент балалар ауруханасындағы жаңа жұмысымен сәтті ұштастырды. Гүлсім сондайақ қалалық Кеңестің депутаты болып сайланды. Халыққа денсаулық сақтаудың маңызы туралы білім беруді жалғастырды, журналдарға ана мен бала денсаулығы мәселелері туралы мақалалар жазды. Гүлсім Асфендиарова тұрмысқа шықпаған және балалары жоқ. Ол өз өмірін медицинаға және халықтың игілігі үшін қызмет етуге арнады. Өкінішке қарай, Гүлсім өмірінің кейінгі жылдары белгісіз. Өйткені ол кіші інісі Санжардың халық жауы деп жариялануына байланысты «жабық» өмір салтын ұстанған. Жоғары білімі бар қазақ қызы 1937 жылы дүние салды. Бұл жыл мен үшін күдік туғызады... Ташкент сапары осылай аяқталды. Тарихты білу, оны басқа қырынан ашу өзіңнен басталады. Жоғарыда аталған Фейсбук парақшаларда біз білмеген көп ақпарат бар. Гүлсім апаның қазір жатқан жеріне келушілер саны арта түскен. Мен де солған гүлін ауыстырып, тағзым еттім. Өткен заманда білім алып, оқу оқыған қазақ қыздарының болмысын тану жолында әркім еңбек етуі керек. Сіз де Үммі Гүлсім туралы біле жүріңіз.

Олжас ПАВЛИК

Суреттер дәрігер Марьям Якубова мен автордың жеке қорынан Алматы–Ташкент–Алматы

«Ұлан» газеті, №23
04 маусым 2024 жыл

1939 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор