- ҰЛАН
- 05 Маусым, 2024
Абыздың аманаты
Бәріміз бір Құдайдың пендесіміз. Кездейсоқ жерден дерт жамап аламыз. Өмірде ешнәрсеге кепілдік жоқ. Бір тағдыр билеп жатады. Халқымызда «Құдай сақтансаң ғана сақтайды» деген дана сөз бар. Ата-бабамыздың көрегендігі соншалық, ғажап ұғымдар көп. Мысалы, «Ас – адамның арқауы» дейді. Арқауы болудың өзі қоғамдағы, өмірдегі орнын айқындайды. «Ауру – астан» деген де бар. Мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бүгінгі уақытта сұрыптап, дәлелдеп отыр. Сол себептен тағамға жай қарауға, тамақ іштік деп не болса соны жеп жүруге болмайды. Ал тамақ ішу деген мәдениеттіліктің керемет көзі. Адам кәдімгідей сауатты түрде тамақтануы керек.
Орынды сөйлеу – орынды тамақтанумен тікелей байланысты. Ақыл-ойдың дамуы да тамақтануға байланысты. Көбіміз иммунитет іздейміз. Әлсіреп кеттік дейміз. Оның жалғыз ғана негізі бар. Ол – нәрлі тамақтануда. Дұрыс тамақтанып, салауаттылықты арттырған адамға дәрінің де қажеті шамалы. Дәріден гөрі дәруменді көп пайдаланар болсақ, өміріміз ұзақ, кешкен ғұмырымыз мағыналы бола түспек.
***
Егер әр адам денсаулығына өзінде бар капитал деп қараса, ол адам бірінші кезекте дұрыс тамақтануға дағ дылануы керек. Сонда ғана қа зақ ерте қартаймайды. Оның алып бара жатқан құпиясы жоқ. Дұрыс тамақтануды жүйелеп алсақ, қартаймаудың ең негіз гі басымдығы осы. Әрбір қазақ мұ ны сезінсе, денсаулығымыз мығым, елді гіміз жоғары, ғұмыр жасымыз ұзақ болары даусыз.
***
Төңірегіңдегі жандарға, қоғамға, халыққа қаншалықты керек болсаң, соншалықты ұзақ өмір сүресің. Ол рас. Халық еңбегіңе, қамқорлығыңа, сөзіңе мұқтаж болса үлкен жауапкершілікті сезінесің. Халқыңа керек болғаның зор бақыт. Ал өзін ешкімге керек сезінбеген адам іштей зарығады. Бұл бақытсыздықтың келбеті. Бар болайық, әр қазақ дәулетті, әлді болсын! Өскелең ұрпақ бізден пайымды, шапшаң, бәсекеге сай болсын!
***
Ұлттық тағамдарымыз шегініс беріп қалғаны рас. Себебі сырттан келетін тағамдардың сыртқы көрінісіне мән беріп, құнарына, пайда-зиянына қарамаймыз. Егер халқымыздың денсаулығын жақсартамыз десек, ұлттық тағамдарымызды, соның ішінде құртымызды, шұбатымызды, айранымызды, ірімшігімізді, бауырсағымызды дәріптеуіміз керек. Бұл тағамдар қасиетінің кереметтілігі соншалық – сол арқылы біз талай қиыншылықтан аман қалғанбыз. Осы тағамдар арқылы ұланбайтақ даламызға қол жеткіздік, алапат жауды жеңдік, араны кең аштыққа қарсы тұрдық. Жалпы, ұлттық тағамдарды дәріптеп, әрі қарай дамыту ендігі міндетіміз.
***
Тағдырдың жолы үнемі тақтайдай тегіс болып келе бермейді. Өмірдің бұралаңы көп, одан сүрінбей аман өтіп кетуге білімің мен жігерің ғана көмектеседі, тек әділет теріс қарамаса болғаны.
***
Бұрын қазақтардың өмір сүру ортасы, мәдениеті мүлде бөлек болатын. Қазіргідей, шаң мен газ басқан қалада тұрған жоқ, даланы, табиғат аясын мекен етті. Олар суыққа да, ыстыққа да шыдамды болады. Ол үшін, әрине, энергия қажет. Сол энергияның негізін олар етті, майлы тамақтан алып отырды. Бірақ үнемі қозғалыста жүретін олардың ағзасында бұл ауыр тамақтар тез қорытылып кететін. Қазіргі жағдай мүлде бөлек. Басқаша айтқанда, жаңа өмірге бейімделіп жатырмыз. Яғни, өмір сүру ортамыз энергияны аз жұмсауға негізделген. Қимылқозғалысымыз азайды, артық энергияны қажет етпейтін болдық. Бала күнімізде әжелеріміз «аталарың бір қойдың етін жалғыз өзі жейтін» деп ұрсатын. Соның сыры, міне, осында. Қаншалықты энергияны көп жұмсасаң, тәбетің соншалықты ашылады. Сонымен, отырықшылыққа көшумен қазақ халқының тұрмыс-салты өзгерді. Қимылқозғалыстың азаюынан семіздік дерті белең алды. Оның тигізетін зардабы өте көп. Қан тамырлар бітеліп, қан қысымы жоғарылайды. Қатерлі ісік, жүрекқантамыр аурулары, қант диабеті көбейіп жатыр. Семіздікпен бірге инфекциялық аурулар, созылмалы сырқаттар да келді. Ата-бабамыз етті көп жеген деп, етті артығымен жеу, дәрумендердің жетіспеушілігіне әкеледі. Ол өз кезегінде ағзаның қорғаныс қабілетін әлсіретеді. Жалпы дұрыс тамақтанбау – қоғамдағы аурулардың 60 пайызының негізгі себебі. Халықтың денсаулығының төмендеуі ұлттық сана мен дәстүрдің бұзылуына тікелей байланысты. Бұл ғылым мойындаған тұжырымдар. Осының салдарынан – қазақы кеңдік, ауқымды ойлау, кеңпейілділік жоғалады. Екіншіден, қанмен бірге қалыптасқан имандылық бұзылады. Ұлтымыз тазалыққа, денсаулыққа, бауырмалдылыққа, туыстық қарым-қатынасқа, меймандостыққа, адамгершілікке өте қатты мән берген.
***
Жастар менен өмірде өз орнын табу, жетістікке жету үшін не қажеттігін сұрайды. Бәріне төзімділік керек. Адам мақсат қойса, мақсатқа жету үшін қиындықтарға төзімді болу керек.
***
Сау әрі ұзақ жасау – жалқау, енжар, өмірге түңіле қарайтын адамдардың үлесіне тимейді, бұл – бірегей ақыл-ой иелерінің, шығармашылық дарынды тұлғалардың, үнемі қарқынды ми шабуылын жүргізетін адамдардың үлесіне тиесілі.
***
Достық деген өте күрделі ұғым. Бүгінде достыққа жеңіл қарайтындар көп. Нағыз достық пен бүгінгі жастардың ұғымындығы достықтың арасында жер мен ғарыштың арақашықтығындай алшақтық жатыр. Бірін-бірі түсіне білетін адамдарда ғана достық болады. Жолдасының ойына терең бойлай алатын адам ғана шын дос. Кез келген қиындықта нағыз дос жаныңнан табылады.
***
«Таңғы тамақты өзің іш, түскі тамақты досыңмен бөліс, кешкі тамақты жауыңа бер» деген шығыс тәмсілі бар. Яғни, қуатты тағамдарды күннің алғашқы бөлігінде тұтынып, жатарға таяр уақытта асқазанды бос ұстаған жақсы. Бұл – бүкіл әлем медицинасы әлдеқашан құптаған қағида. Дегенмен бұл қағидамен қабыспайтын тағы бір ой айтайын. Біздің өмір сүру дағдымыз сәл басқашалау қалыптасқан. Таңертең үйден апыл-ғұпыл аттанып, шаруаның бәрін реттеп қас-қарайғанда үйге әрең оралып жатамыз. Шаршап-шалдығып кеп, тамақтың бар құнарлысын ал кеп бас саламыз. Мұны құптамасам да, мүлде қате деп айта алмаймын. Бұл – қазақ халқының өмір салтына ежелден сіңген қасиет. Кештетіп келген қонаққа қазан көтеріп, алдына табақ-табақ ет қоятын елміз. Бабаларымыз осыны ескеріп, ас қорытудың ең оңтайлы тәсілін таңдай білген. Қымыз – етті ең жақсы қорытатын сусын. Қазекең еттен кейін қымыз ішіп, ішкен-жегенін бойына дарытқан. Қазір қымыздың орнын құрамы өте күрделі заттардан тұратын түрлі газдалған сусындар алмастыра бастады. Олардың зияны шаш етектен екенін уақыт дәлелдеп жатыр. Аты жаман аурулар белең алып, қаншама жан қиын жағдайға тап болуда. Адамның бәріне бірдей нақты мына нәрсені же де, мына нәрседен бас тарт деп шектеу қоя алмаймыз. Бұл дұрыс та емес. Әр ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік тамақтану әдебі бар. Тіпті ұлттарды былай қойғанда әр адамның ішкі дүниесі жеке бір әлем. Тәбетің тарта ма, же, тек шамадан аспа. Мәселен, біреулер мүлде нан жемеу керек деп кеңес беріп жатады. Мен мұны құптай қоймаймын. Мөлшерден асырмай пайдалансаң – ол үлкен қуат көзі.
Жеке өз басым тамақ ішкенде міндетті түрде бір-екі тілім нан жеймін. Себебі нан – астың басы, халықтың ұғымына салып айтсақ – атасы. Бабаларымыз нанды берекенің, тоқшылықтың бастауы деп білген. Оның ағзаға берер қуаты мол. Бір сөзбен айтқанда, орайымен, орнымен жесек, табиғи тағамдардың көпшілігі ағзамызға пайдалы. Ал айлапжылдап сақталатын түрлі қоспасы көп жасанды өнімдерден бойды аулақ ұстаған жақсы.
***
Отбасы берік елдердің түтіні түзу ұшады. Ене мен келін, әке мен ұлы, ана мен бала, күйеу мен әйелі арасындағы түсіністікті, бір-біріне деген құрметті қалыптастыру қажет. Мұндай құрмет ата-баба мұрасында сақталған. Отбасындағы түсіністік, татулық – отансүйгіштікке, мемлекетшілдікке бастайды. Жақсы отбасы – мемлекет мерейі. Қазақта «әкесін сыйламаған ұлдан без, шешесін сыйламаған қыз, келіннен без» деген бар. Егер баласы әкесін, келіні енесін сыйламаса, ол жерде ешуақытта жақсылық болмайды. Барлық бақыт отбасындағы осындай құрметтен басталады.
***
Балалар арасындағы артық дене салмағы мен семіздіктің негізгі себебі – тұтынатын және шығындайтын калориялар арасындағы тепе-теңдіктің бұзылысы. Балалар арасындағы артық дене салмағы мен семіздіктің жаһандық көлемде ұлғаюы бірқатар факторға байланысты, атап айтқанда: – Майлар мен тәттілер мөлшері – жоғары, дәрумендер, минералдар және басқа салауатты қоректік микроэлементтер мөлшері – төмен болатын жоғары калориялы өнімдер тұтынудың артуы жағына қарай орын алған тамақтанудағы жаһандық өзгерістер; – Демалыс және бос уақытты отырумен өткізетін өмір салты кең таралуының, жүру-қатынау тәсілдерінің өзгеруі нәтижесінде дене белсенділігі деңгейінің төмендеу тенденциясы.
***
Қандай жағдайда да еңсеңді түсірмей, алға үмітпен қарау керек. Адамдарға деген мейірімділік, жақсылық жасау, үнемі күлімдеп жүру денсаулық үшін де маңызды. Сонымен қатар, ұрпақтар арасындағы сабақтастық үзілмеуге тиіс. Әрине, көп қозғалуға тырысқан дұрыс.
***
Бақыттың негізгі көзі – түсіністікте, сенімде. Түсіністік, сенім болмаған жерге бақыт жоламайды, кешірім де болмайды. Ал түсіністік болса, жетіспеушілікке төзеді, байлықты да көтереді. Барына да, жоғына шыдайды. Бармын деп тасымайды, жоқпын деп жасымайды.
***
Елге жақсылық жасау – лауазым иесінің парызы. Қызмет әр адамға бұйырады. Сол лауазымды жеке басқа емес, ұлтқа жақсылық жасауға арнау міндет. Ешкімнен именбей. Құдай алдында да, пенде алдында да адал бол. Ұлттың ар-ұяты деген үлкен дәрежені арқалап өт, қазақтың баласы!
Бетті дайындаған Асылан ТІЛЕГЕН
«Ұлан» газеті, №23
04 маусым 2024 жыл
1952 рет
көрсетілді0
пікір