• ҰЛАН
  • 04 Маусым, 2024

Disney кейіпкерлері бізге бұрынғыдан да жақын

Disney, Pixar енді туындыларын өз есебінен қазақ тілінде дыбыстайды. Disney жыл сайын әр фильмнің түрлі тілдегі 30-ға жуық нұсқасын дайындайды. Сол тілдердің қатарына қазақ тілінің қосылуы шынымен қуанатын, мақтанатын жағдай. Осы маусымның өзінде Disney компаниясы Pixar студиясының «Ойжұмбақ 2» анимациялық фильмі, «Моана 2» шытырман оқиғасы мен «Муфаса: Арыстан патша» көркемфильмін кинотеатрлардан қазақ тілінде тамашалай аламыз! Осы маусым дегеннің ауылы да алыс емес. 13 маусымнан бастап Disney мен Pixar командасы түсірген танымал анимациялық туындының жалғасы – «Ойжұмбақ 2» үлкен экрандарда көрсетіледі. Мұнда көрермен жасөспірім шақтағы Райлимен қауышады. Райли бұл жолы қандай оқиғаны бастан кешетінін кинотеатрдан көре жатарсыңдар. Ал әзірге ең қызығы, сүйікті мультфильм қазақ тіліне қалай дыбысталды? Кімдер дыбыстады? Бәлкім, сен де біліп үлгерген боларсың? «Ойжұмбақ 2» фильмінде Ninety One тобының солистері Азамат Ашмақын (ACE) – Сәкөшті, ал Батырхан Мәлік (ALEM) – Ұятты дыбыстады. Бірақ, дубляждың бұдан басқа да қызықтары бар ғой. Оны біз жобаның дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаевтан сұраған едік.

– Бізге фильмді дыбыстайтын әртістер қалай іріктелетіні қызық. Сондықтан сұрақты да осыдан бастайық. Disney дубляж актерларына кастиңді қалай өткізеді?

– Бізге берілген ақпараттағы кейіпкердің кескініне қарап, лайық деген әртістерді шақырамыз. Ең кем дегені екі-үш, ең көбі оннан астам әртіс болуы мүмкін. Студияның шығармашылық тобы біз таңдаған әртістердің ішінен бірін таңдайды. Әрқайсының шеберлігі, сахна тілі, тіл тазалығы маңызды. Жалпы, кастиң осындай күрделі процестерден тұрады.

– «Мұзды өлкеге» Абайдың өлеңі, «Арыстан патшаға» қазы-қарта туралы әзіл қосылған. «Ойжұмбақ 2-де» осындай импровизация, яғни, қазақтілді аудитория жақсы түсінетін сөз, әзіл-қалжыңдар бар ма?

– Бар. Бірақ, оны көрерменнің өзі көріп, өзі түсінгені жөн.

– Дубляж жұмыстары қанша уақытқа созылды?

– Фильм екі тілде қатар дыбысталды. Екеуінде де режиссер өзім болдым. Шамамен жиырма күн уақыт кетті. Оның алдында кастиңге тағы бір аптадай уақыт жұмсалды. Мәтінді аударып, үйлестіру де жиырма күндей уақыт алды. Аударма фильмнің күнделігіне байланысты болады. Мәтінмен жұмыс істейтін екі маманымыз бар. Біріншісі – Әсел Мамырова. Мәтінді ағылшыннан қазақшаға аударған. «Диснейдің» отбасылық фильмдерінің біразын аударған шебер аудармашы. Екінші маман – мәтін үйлестіруші Гүлжан Сауыртаева. Аударылған мәтінді көркем тілге әрі сөзді кейіпкерлердің ауыз қимылына сай үйлестіретін маман.

– Disney қазақша дубляжды өзі қаржыландыруы үшін Қазақстан тарапы қандай еңбек атқарды? Әлде бұл шетелдік компаниялардың инициативасы ма?

– Бұл студияның «Қазақстан бұған дайын. Әлдеқашан дайын болған» деген шешімі болса керек. Десе де, осы уақытқа дейін «Диснейдің» қаржыландыруы болмаса да, талай туындыларын қазақшаға дыбыстадық. Тек кинотеатрға арналған қырықтан астам фильм дыбысталды. Телеарналарға арналған дубляж жүзден асады. Мұның бәрі бекер емес. Егер бізде дубляж актерлері болмаса, «Дисней» сенім артатындай мамандар болмаса, мұндай бастама болмас та еді, бәлкім?! Бұрыннан олармен қоян-қолтық жұмыс істегендіктен болар, бізге деген сенім бар. Сондықтан еш күмәнсіз бізге жобаны тапсырды. Демек, бұл осыған дейінгі дубляждың жемісі. Мысалы, «Болашақ» корпоративтік қоры Disney сияқты алпауыт компаниямен жақсы қарым-қатынаста болып, ортада алтын көпір болды. Алғаш бастаған адамдарды міндетті түрде айту керек, ұмытпау керек. Алғашқы дыбыстаған студия – Cinematone, туындылардың сексен пайызын дубляждаған – астаналық Arai media group. Дәурен Абаев министр болған тұста мәдениет және ақпарат министрлігі қолдауымен үш фильм дыбысталды. Мұның бәрі айтарлықтай ауқымды еңбек.

Жалпы, алпауыт студия мұндай шешімге келу үшін өзіндік зерттеулер жүргізеді. Жеке пайымдауымша, компания еліміздегі кино әлемінде болып жатқан жаңалықтарды бақылап, соның нәтижесінде шешімге келді деп ойлаймын. Мәселен, кассалық табыс бойынша рекорд орнатқан «Дәстүр» фильмі. Одан басқа да біреуге ұнаған, біреуге ұнамаған, кассалық көрсеткіші жоғары қазақстандық фильмдер бар. Бәлкім, бұл да бір себеп. Өйткені, ол фильмдер тек қазақша, қазақ аудиториясы назарына ұсынылды. Қазақтілді көрермен өзі барып, билет сатып алды. Disney мұның бәрін ескерсе керек.

– «Ойжұмбақ 2» мультфильмінен не күтсек болады? Бұрынғыдан не өзгеше?

– Бірінші бөлімі «Қазақстан» ұлттық арнасында дыбысталған еді. Екінші бөлімде «Диснеймен» арада болған келісімге сай дубляж әртістерін қайта таңдадық. Дыбыстаудағы өзгерісті бірінші бөлімді көрген көрермен байқайтын шығар. Сюжет бойынша әзірге ешнәрсе айта алмаймын. Бір айтарым, бұл анимациялық фильм баласымен жақсы қарым-қатынас орната алмай жүрген ата-аналарға арналған. Басты кейіпкер Райли он төрт-он бес жасқа келеді. Өтпелі кезең. Жаңа эмоциялар пайда болады. Он төрт-он бес жастағы балалардың санасында не болып жатыр? Оларды қалай түсінуге болады? Ата-ана ретінде жасөспіріммен қалай жақсы байланыс орнату керек? Соның жолдары, тәсілдері көрсетілген. Жылтырақ өмірге алдануға болмайтыны, еріп кетуден аулақ болу, шынайы достықтың арқасында адам болып қалу да фильмде көрініс тапқан. Бәріне көруге кеңес беремін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Жазира БЕКБОЛАТОВА

«Ұлан» газеті, №23
04 маусым 2024 жыл

2054 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор