• ҰЛАН
  • 20 Мамыр, 2024

Грант саны 24 мыңға көбейді

Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары білім берудің барлық деңгейі бойынша 2024-2025 оқу жылына арналған білім беру гранттарын бөлу тізімін жариялады. Биыл жоғары оқу орындарында оқу үшін 112 мың грант бөлінеді. Оның ішінде: бакалавриатқа түсу үшін 79 мыңға жуық грант, магистратураға 13 мыңға жуық, докторантураға 1900-ден астам грант қарастырылған.

Гранттардың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салаларына» бөлінді, яғни 19 344 грант. Ал «Педагогикалық ғылымдарға» – 13 735 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 10 903 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына – 8 288 грант бөлінді. Биыл алғаш рет ішінара оқу ақысы бар сараланған гранттар енгізілді. «Педагогикалық ғылымдар» және «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» БББТ бойынша 150 сараланған гранттан бөлінген.

Сондай-ақ, «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3903 грант бөлінген. «Серпін» жобасы арқылы 4 даярлау бағыты бойынша білім алуға болады. Атап айтсақ, педагогикалық ғылымдар, инженерлік-техникалық, ақпараттық технологиялар, ауылшаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түсе алады. Бағдарламаға оңтүстік өңірдегі ауыл жастары қатысады. Оқу бітірген соң грант өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқартылып, өтеу орны 11 аймаққа ұлғайтылды.

Гранттар тізімінде 5000 халық тығыз қоныстанған және батыс өңірлердің жастарын жетекші жоғары оқу орындарында оқыту үшін мақсатты білім беру гранты бар, оның ішінде гранттар Атырау және Маңғыстау облысы түлектеріне арналған. Грант санын салыстырып көрейік. 2023 жылы барлығы 88 мың грант, бакалавриатқа 73 мың грант бөлінген. Биыл бұл сан 6 мыңға өскен. Ал магистратура өзгеріссіз қалған. Докторантураға тағы 20-ға жуық грант қосылған.

Журналистика саласына тоқталайық. 2021-2023 жылдар аралығында жалпы конкурс бойынша «Журналистика және репортер ісі» білім беру бағдарламасына 197 грант бөлінген еді. Биылғы жағдай қуантарлық. Себебі бұл сан 250-ге көбейген. Ал «Аудиовизуалды құрылғылар және медиа өндіріс» мамандығына биыл да 100 грант бөлініпті. Бұл БББ тек 6 университетте қарастырылған.

Шекті балл өзгерген жоқ: «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» білім беру салалары үшін кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» кемінде 70 балл, «Ауылшаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» кемінде 60 балл (Ұлттық ЖОО үшін); Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына кемінде 50 балл жинау керек.

Ақпарат пен сурет Ғылым және жоғары білім министрлігінің сайтынан алынды

Ділназ ШАЙМҰРАТОВА

«Ұлан» газеті, №21
21 мамыр 2024 жыл

2759 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор