- ҰЛАН
- 20 Мамыр, 2024
Балалар контентін балалар дыбыстаса...

– Мамам мені туған кезден бастап...
– Мамаңнан алыстап барасың.
– Ең алғаш рет?
– Дәрігер кіндігіңді кескен кезде.
– Екінші рет?
– Омыраудан ажырағанда.
– Үшінші рет?
– Жүріп үйренген шағыңда.
– Төртінші рет?
– Сен мектепке барғанда.
– Ал мен бойжеткен кезде ше?
– Жұмысқа тұрып, тұрмыс құрып, бөпелі болып...
– Сенен алыстайтын уақыт...
– Бірте-бірте ұзай береді.
– Сенен алыстайтын аралық...
– Бірте-бірте ұзай бермек.
– Қанша уақыт өтсе де...
– Сен мен үшін баласың!
– Қанша алыс жүрсек те...
– Мен сенің мәңгі анаңмын!
– Мама! Мен сені мәңгі жақсы көремін!
– Мен де сені жақсы көремін!
Бәлкім, сен де осы диалогты мультфильмнен естіген боларсың?! Мұны қазақшалаған – Ертай Нүсіпжанов. Мультфильм негізінен шетелдік контент. Ертай ағамыз оны отбасымен бірге дубляждаған. Әлеуметтік желідегі үш бөлімнен тұратын ана үйрек пен балапаны туралы қазақша контент көптің көңілінен шықты. Балапанды Ертай ағаның қызы Асылай, анасын жары дыбыстаған. Пікірлерді бір шолып шықтық. Біріне контенттің мазмұны, мағынасы әсер етіп, естеліктерін баяндаса, енді бірі қазақшасының құлақ құрышын қандырғанын жазыпты. Шынымен де, қазақша контенттің көбеюіне үлес қосып жатқан мұндай бастамаларға риза боласың. Айтпақшы, бұл Ертай аға мен отбасының дубляждаған жалғыз туындысы емес.
Ертай Нүсіпжанов жүктеп жүрген қазақша дубляждан кәсібилікті, тиянақтылықты байқамау мүмкін емес. Өйткені, өздерің де білетін боларсыңдар, Ертай Нүсіпжанов – журналист, белгілі тележүргізуші. Ал дубляж саласында он жылдан астам тәжірибесі бар. Қытайда 4 жыл қатарынан дәл осы дубляж, фильм тілі бойынша арнайы курстардан, семинарлардан өткен. Бұл туралы: «Шығармашылық топпен шетелдік сериалдарды, көркем, деректі фильмдерді аударып, редакциялап, дубляждаймыз, – дейді Ертай Нүсіпжанов.
Отбасымен дубляж жасау қаншалықты қиын, қаншалықты қызық? Балалар роликтерді қалай дубляждап жүр? Мұны Ертай Нүсіпжановтың өзінен сұрадық.
– Туындыны дубляжға таңдамас бұрын неге мән бересіз?
– Мен таңдайтын контент ең алдымен адами құндылықтарды, адамдар арасындағы қарым-қатынасты, оның ішінде туыстық қатынасты, бауырмалдықты дәріптейтін болуы керек. Жастарға тәрбие беретін, үлкендердің мейірімін оятатын дүние болуына көңіл бөлемін. Өйткені, бұл – әлемде әлсіреп жатқан құндылықтар.
– Ал қазақ аудиториясына арнап дубляж мәтінін жазғанда неге мән бересіз?
– Өкініштісі, қазақ қазақша сөйлесе қуанатын жағдайдамыз. Ана тіліміздің жағдайы жылдар бойы қордаланған ұлттық, өткір мәселеге айналды. Көпшілік ойын ауызекі тілде дұрыс жеткізе алмайтын болды. Шұбарланған тіл баршаға үйреншікті. Қазақша таза сөйлейтіндер азайып барады. Сол үшін қазақ тілінің басқа тілдерден кем емес екенін, қазақша сөйлеу құлаққа жағымды екенін көрсетуге тырысып жүрміз. Әдеби, көркем кітап тілін емес, күнделікті қолданыста жүрген, айтатын ойды толық аша алатын қарапайым жатық тілді таңдаймын.
– Дубляжға үлесін қосып жүрген қызыңыз Асылайға бұл процесс қаншалықты қызық, қаншалықты ұзақ болады?
– Асылайдың дауысын пайдалану ойға кездейсоқ келді. Баланың қабылдауы мәтіннің салмағына қарай болады. Кейде жылдам жазсақ, ал бірде 1 минутқа жетпейтін диалогқа 40 минут отырдық. Тақырыпты өз өмірімізден мысалдар келтіре отырып түсіндіріп, оқиғаны көз алдына елестетіп, әбден дайындап аламыз. Себебі, мәтінді сезінбей айтса шала болады. Жүрекке жетпейді. Бала ғой, арасында шаршайды. Кейде оқығым келмейді деп жалығады. Тәтті әперемін деп қызықтырамын. Әзірге осылай жалғасып келеді. Алғаш өз дауысын видеоға жазғанын естігенде, «Тағы да жазайықшы» деді. Одан екі ұлым «мен де оқиын» деп қызыға бастады. Үлкенім Айғалидың да дауысын жаздық. 4 жасар Ахмет те ұмтылып жүр.
– Отбасылық дубляждарыңыз бірнеше миллион қаралым, репост жинады. Бұл халыққа ұнағанының белгісі. Мүмкін арасында балаларына қайта-қайта қосып берген ата-аналар бар шығар. Алдағы уақытта УouTube-қа шығару жоспарыңызда бар ма?
– Дубляж оңай іс емес. Контент іздеуден бастап, оны аудару, редакциялау, балаларды дайындау, дауысын жазу, арнайы бағдарламалармен компьютерде отырып монтаждау сияқты жұмыс процесі талай уақыт алады. Бұл әншейін қызығушылықтан туған дүние болған соң оны кәсіби түрде қолға алуға әлі беттей қойған жоқпыз. Себебі, балалардың оқуы, өзімнің шаруаларым бар дегендей. Танымалдық бізге қажет емес. Жасасақ, тілдің жағдайын ойлап қана қолға аламыз. Әзірге нақты жоспар жоқ.
– Бізде балалар контентін де ересек актерлер дубляждайды. Бұл дубляждағы кемшілік пе?
– Әлбетте, кемшілік. Көптеген елде әр кейіпкерді жасына сай адам дыбыстайды. Ал біздегі дубляждағы шикіліктер жүйесіздіктен, көңіл бөлмегендіктен, маңызды деп санамағандықтан болып жатыр. Балалармен жұмыс істеу ұзақ болған соң тиімсіз деп есептейді. Ересектердің де дауысы жасанды. Бірсарынды. Ізеніс жоқ, ой таяз. Кітап оқыған адам мен оқымаған адамның жан дүниесі дауысы арқылы сезіледі. Сондықтан, бұл да ақсап жатқан дүниелеріміздің бірі…
– Мәселен, балалар контентін бала дубляждаса... Өзінің табиғи дауысымен алып шыға ала ма, әлде қандайда бір курстан өтуі керек пе?
– Балаға курстан өту шарт емес. Олар пәк. Жан-дүниесі қандай таза болса, дауысы да сондай тұнық, құлаққа жағымды, жүрекке өтімді болады. Әрине, барлық баланың қабілеті бола бермейді. Алайда, олармен дұрыс жұмыс жүргізе білу қажет.
– Осы тұста өзіңіз Асылайға дубляж бойынша қандай техникалар үйреттіңіз? Мысалы, алғашқы кезде дыбыс жазуда дауыс дірілдеуі, демі соңына дейін жетпей қалуы мүмкін.
– Дыбыс үндестігіне көп көңіл бөлдім. Әдетте сөздерді бөлмей айтамыз ғой. Дыбысталу кезінде де соны сақтауға, жасандылыққа бой алдырмауға тырысамын. Дыбыстау кезінде логикалық тоқтау, дұрыс тыныс алуды үйретемін. Бала қабілетті болса алып кетеді.
– Қазақша контент үшін атқарып жатқан еңбегіңізге рақмет!
Жазира БЕКБОЛАТОВА
«Ұлан» газеті, №21
21 мамыр 2024 жыл

3740 рет
көрсетілді0
пікір