- Мәселе
- 07 Мамыр, 2024
Тиктокқа тыйым бар ма?

Ақпарат оқып отырсам, «жалғасын Тиктоктан көріңіз» деп шыға келді. Содан Тиктокты телефоныма жүктеп, ашып қалсам... 12 жастағы қызым жарқ ете қалды. Мектептің артында құрбыларымен бірге жалаңаяқ қар кешіп жүр. Күн аяз! Басым дың ете қалды. Парақшасына кірсем, билеген, сабақта отырған суреттерін салған. Қызым сабақтан келді. Видеоны бірге көрдік. «Енді Тиктокқа кірсең, әкеңе осы қылығыңды көрсетем» дедім. Одан кейін үш ай өтті, тәртіп бұзған жоқ, тыныш. Тиктокты жабуға қатысты мәселе айтылып жатыр. Бұл бекер емес. Әлеуметтік желіде әртүрлі мазмұндағы ақпарат толып тұр. Есірткі, порнография, балаларды қорқытып-үркіту туралы видеолар жиі көрсетілген. Соңғы екі жылда елімізде Тиктокқа 14,1 млн адам тіркелген. Оның көбі балалар.
Әлемнің кейбір елдерінде Тиктокқа шектеу бар. Мысалы, Үндістан 2020 жылдан бастап толық тыйым салған. Индонезия 2018 жылы уақытқа шектеу қойған. Өзбекстан 2021 жылы тыйым салса, Қырғызстанда жақында ғана желіні бұғаттады. Өйткені, балалардың денсаулығына, физикалық, интеллектуалдық, психикалық және адамгершілік дамуына зиян келтіреді. Былтыр Тикток 18 жасқа толмағандарға шектеу қойған. Яғни, бір сағаттан артық отырса, ата-анасының рұқсаты керек. 13 жасқа дейінгі балалардың ата-анасы құпиясөзді теріп, 30 минут көрсетуіне болады.
ТИКТОКТЫҢ НИЕТІ ТАЗА МА?
Тикток адамдарға пайдалы әрі қауіпсіз болуға тырысады. Ата-аналар Тиктоктың нұсқаулығын оқуға ерінеді. Сөйтіп, балалардың пайдасыз контент көруіне өздері себеп болады. Сол үшін желіде параметрін дұрыс орнату керек. Отбасыңызға сәйкес келмейтін, жарамсыз видеоны сүзгіден өткізетін әртүрлі құралдар мен ресурстар бар.
Қауіпсіз режим балаға қандай видео көрсету керегін біледі. Үлкендерге арналған тақырыптарды лентаға жібермейді. Пікірді тазарту деген пернесі бар. Бұл бала жаңа видео жүктесе, оған жазылатын пікірді екшеп отырады. Сондай-ақ, орынсыз, намысына тиетін пікірлерді баланың оқуына жол бермейді.
Отбасылық параметрде ата-ана өзінің парақшасын баласының жазбасымен байланыстырады. Бір қызығы, шектеу де қояды. Экран уақытын басқару режимі:
- Балаға бір күнде Тиктокта өткізетін уақытына шектеу қойыңыз. 13 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер үшін бір сағат.
- Экран уақытын тікелей есептік жазбада орнатыңыз.
- Экран уақытының бірыңғай шегі балаға қатысты барлық құрылғы үшін қолданылады.
Бір күндік экран уақыты желіні қаншалықты жиі көргенін көрсетеді. Оның көмегімен күнделікті экран уақытының лимиті орнатылады. Осы лимитке жеткен кезде хабарлама келеді. Бұл опцияны кез келген уақытта қосуға немесе өшіруге болады. Экран уақыты тақтасынан статистиканы қараңыз. Балаңыздың Тиктокты қанша уақыт қолданғанын біліңіз. Соның ішінде:
- баланың соңғы 4 аптада күн сайын өткізген жалпы уақыты;
- соңғы 4 аптада бала күніне қанша рет қосымшаны ашты.
Осылар маңызды ақпаратты білуге көмектеседі.
Гүлбағиза МӘСӘЛІМ, психолог:
Әлемнің әрбір алтыншы тұрғыны көреді
Әлемде балаларды Тикток сияқты тез жаулап алған желі жоқ. Өйткені, әлемнің әрбір алтыншы тұрғыны осы желіні пайдаланады. Ата-аналар баласы үшін қатты алаңдайды. Болашақта тиктокерлердің қандай қауіпқатерге ұшырайтынын айту қиын. Десе де, балаларды ерте жыныстық қатынасқа әкелуі мүмкін. Зорлық-зомбылық, кемсітушілік, сондай-ақ балалар қайталағысы келетін қауіпті «трюктар» да көп. Бала өзін басқамен салыстырып, жиі күйзеліске түседі. Телефон мен әлеуметтік желіге тәуелді болады.
Желі құрастырушылары «мәселе ата-анада» дейді. Олай болса, баламен сөйлесіп, желінің қауіпті екенін түсіндіру керек. Баланы қорғаудың жолы – сенімді қарым-қатынас және ашық әңгіме. Егер үйде балаға деген құрмет, қолдау мен мейірім аз болса, онда пиғылы дұрыс емес жандар әлеуметтік желілерде баланы оңай қармаққа түсіреді. Егер балаға аз көңіл бөлінсе, желіні басқа біреуден мақтау есту үшін жүргізеді.
Тиктокта шет тілдерін үйренуге арналған сабақты, танымал әннің үзіндісін тыңдайсың. Қарапайым адамдардың қиялын, үй жануарлары туралы ақпаратты табасың. Бүкіл әлем сенің қолыңда! Жаман немесе жақсы ма? Әрине, бір жақсысы – әркім өзін-өзі көрсете алады. Өз білімі мен қызметін жарнамалайды. Мысалы, әлеуметтік желіні жүргізіп, ақша тауып жүрген оқушылар көп. Офтальмолог дәрігерлер балалар арасында кейінгі бес жылда көз аурулары көбейіп кеткенін айтады. Оған себеп – телефон. Бұрын 13 жастан асқан балалар ғана дәрігерге келген екен. Бала 5-6 сағат бір нүктеге қарап отырса, көздің бұлшықеті талады. Себебі, көздің құрылысы күрделі. Көзбұршақты (хрусталик) 5-6 сағат жылжытпаса, бұлшықет талып, 1-2 айда миопия деген ауру пайда болуы мүмкін...
Тиктоктың балаларға әсері қандай? Жасөспірім күні бойы Тиктокты парақтауға дайын. Қандай болса да реакция тудыратын бейнені іздейді. Тиктокта тағы бір қауіп бар: мүмкіндігінше көп ізбасарларын тартатын блогерлер ақылсыз, кейде қауіпті челлендждерді бастайды. Хайп үшін қорқынышты бейнелер түсіреді. Әлеуметтік желі өкілдері мұндай мазмұнды жойып, қадағалап отырса да, жаңа хэштегтер арқылы қайта пайда болады. Жасөспірімнің әлеуметтік желіні қолдануына толығымен тыйым салу мүмкін емес екені түсінікті. Бірақ баланың смартфонындағы ақпараттың зияны жоқ екеніне сенімді болу керек. Балалармен көбірек уақыт өткізуге тырысыңыз. Смартфонда емес, шынайы өмірде қызықты және пайдалы әрекеттермен айналысуға үйретіңіз. Есіңізде болсын, қамқорлық көрген, сүйіспеншілікті сезінген бала виртуалды әлемге «басымен» кіріп кетпейді. Әлеуметтік желі балаларды денсаулығы мен балалық шағынан ажыратып жатыр. Әсіресе, баланың ой-өрісіне теріс әсер етеді. Осыны ұмытпасақ болғаны.
Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА
«Ұлан» газеті, №19
07 мамыр 2024 жыл

2825 рет
көрсетілді0
пікір