• Сенің замандасың
  • 07 Мамыр, 2024

Аустралия төрінде жұлдызы жанған Амир

Амир Омарханов жасөспірімдер арасында ITF рейтиңінде 13-орында тұрған 16 жастағы теннисші. Ол биыл қаңтарда өткен Australian Open Juniors турнирінің бірінші айналымында жасөспірімдер арасында әлемнің төртінші, ал жарыстың бірінші ракеткасы италиялық Федерико Синаны жеңді. Осылайша Амир Australian Open Juniors ширек финалына дейін жеткен тұңғыш қазақстандық теннисші атанды. Ал сәуірде Амир Омарханов Мадридте өткен Masters турнирінде өзінен 20 жас үлкен, әлемнің 86-ракеткасы, Испания өкілі Роберто Баутиста-Агутпен шеберлік байқасты. Әлемнің бұрынғы 9-ракеткасы тәжірибесі мен шеберлігінің басым екенін көрсетті, әрине. Дегенмен, Амир Masters турнирінде ойнаған ең жас қазақстандық теннисші болды. Осындай байрақты додаларда Отанымыздың атын асқақтатып жүрген қарағандылық теннисшімен жақынырақ танысып, әңгімелескен едік.

– Амир, тенниспен неше жастан бастап айналыстың? Дәл осы спорт түріне келуіңе кім ықпал етті?

– Шамамен 5 жасымда анаммен бірге ағамның жаттығуына баратынбыз. Ағам теннис кортында жаттығып жатқанда, мен сонда біраз уақытымды өткізетінмін. Бапкер Петр Владимирович Нестеров балалардан топ құратынын хабарлағанда, анам менің де осы спортқа қатысқанымды қалады. Анама менің кәсіби теннисші болатыным туралы ой келмегені анық. Алғысым шексіз, оның сол бір шешімі көп нәрсені өзгертті. Осылайша мен сол кездегі ағамның жаттықтырушысы Петр Владимировичтің шәкірті болдым. Ол әлі күнге дейін менің жаттықтырушым, тәлімгерім, досым әрі мен үшін құрметті адам. Ол кісінің еңбегі зор. Жалпы халықаралық ареналарда үздік ойын көрсетуіме бір-екі адамның ықпалы аз болар еді. Бұл тұста Қарағанды теннис орталығының берген білімі мен тәрбиесі бір төбе. Ал Қазақстан теннис федерациясы 12 жасымнан бастап мені толықтай қаржыландыра бастады. Қарағандыда үздік нәтижеге жеткен соң , федерация есебінен бір жарым жыл Чехиядағы теннис академиясында оқыдым. Содан кейін Сербиядағы Янко Типсаревич атындағы теннис академиясына ауыстым. Қазақстан теннис федерациясы әлі де қаржылық қолдау көрсетеді. Федерация президенті Болат Өтемұратов та бей-жай қараған емес. Ол әрдайым жаттығуларыма, турнирлеріме куә. Жарыстан кейін демалыпдемалмағаныма, алдағы жоспарларыма қызығушылық білдіріп тұрады.

– Амирдің отбасында ағасынан зге спортпен айналысатындар бар ма?

– Өзімнен 6 жас үлкен Малик деген ағам бар. Қазір Америкада оқиды. Ол да теннистен кәсіби спортшы, ендігі университетінің атынан шығып жүр. Анамның да анда-санда қызық үшін теннис ойнайтыны бар. Әкем де әуесқой ойыншы. Кәдімгідей жоғары деңгейде ойнайды деуге болады. Ол футболмен де айналысады. Жалпы, спортшылар отбасы екенбіз ғой... Бәрі спортты сүйеді, әсіресе теннисті. Бәріміз тенниске қатысты жаңалықтарды қалт жібермей, талқылап отырамыз. Өскен ортамның қазіргі ортамды қалыптастыруға ықпалы күшті болды.

– Теннис сабақтағы үлгеріміңе қаншалықты әсер етеді?

– Спорт сабаққа айтарлықтай әсер етеді. Теннис пен оқуды қатар алып жүру маған шынымен де қиын. Кішкентай кезімде, яғни теннистен қазіргідей маңызды ойындар, жүктемелер, ұзақ дайындықтар аз кезде сабаққа көңіл бөлуге уақыт табатынмын. Үлгерімім де жақсы болды. Турнирлерге жиі баруды, тұрақты жаттығуларды қалай бастадым, мектеп пен оқу солай екінші орынға ығысты. Сонда да қосымша сабақтар алып, мектеп бағдарламасына ілесіп, мүмкіндігінше оқып жүрмін.

– Australian Open Juniors 2024 мансабыңа айтарлықтай әсер етті. ITF рейтиңінде 27-орыннан 13-орынға дейін к терілдің. Турнирге қалай дайындалдың?

– Дайындық әдеттегідей болды. Өйткені мұндағы тапсырма да сол үздік теннис ойынын көрсету. Жарыста кейде жеңіс, кейде жеңіліс болғанымен, дайындықта кемшіліктің орнын толтырумен ғана боламыз. Мысалы, соққыларым айтарлықтай күшті болса да, жаттығу кезінде әдеттегіден де күшейтуге тырысасың. Жарысқа дейін климатқа, уақыт белдеуіне бейімделу үшін Австралияға турнир басталардан екі апта бұрын келдік. Бір апта жаттықтық. Екінші аптада Australian Open турнирінен бұрын болатын турнирге қатыстым. Сосын Australian Open турнирі өтетін негізгі орталықта ең маңызды жарыстар басталды.

– Жарыс кезінде ең қиыны не болды?

– Алдағы матч өте маңызды екенін ескере отырып, бар зейінімді ойынға қою керек болды. Кейде ойым шашыраңқы болғандықтан, ойымды жүйелеу аздап қиынға соқты. Дегенмен, барлық мықты ойыншылар, тіпті Новак Джокович сияқты әлемнің бірінші ракеткасы белгілі бір уақыттан кейін назары басқа жаққа ауатынынан қиналады. Бірақ әлемнің бірінші ракеткасы мен әлемнің жүзінші ракеткасы фокусының арасында айырмашылық бар. Бірінші ракетка шашыраңқы ойын бірер минутта жинап алуы мүмкін. Ал әлемнің жүзінші ракеткасы шамамен бес минуттай зейінін шоғырландыра алмай, бірнеше қателікке жол береді. Дәл қазір осы фокусты қайтаруға кететін уақытты азайту үшін жаттығып жатырмын. Екіншіден, әрине, жоғары деңгейдегі турнирге үздік ойыншылар келетіні белгілі болғандықтан, жеңістің оңай келмейтінін білдім. Әр матчта 100 пайыз беріліп ойнауға тура келді.

– Аустралиядағы жарыстан алған әсерің туралы білгім келеді...

– Cөзбен жеткізу мүмкін емес. Өйткені бұл мен қатысқан алғашқы ауқымды турнир. Басқа жасөспірімдер турнирінен айрықша ерекше өткеніне таңғалысымды жасырмаймын. Әрине, жарыс ауқымды болған сайын ойыншы сезінетін қысым да аз емес. Дәл қазір мен ойнап жатқан кортта әлем жұлдыздары ойнағанын еске алдым. Сол додада Қазақстан атын қорғап, туған жерім Қарағандыны әлемге таныстырып тұрғанымды сезіну жөні бөлек қуаныш. Жанкүйердің саны көп. Жалпы, атмосфера ойыныма қатты әсер етті. Сондықтан тіпті сезімімді қалай жеткізуді білмеймін. Меніңше, мұндай толқу мен таңданысты тек сезініп көру керек.

– Қандай тәжірибе болды?

– Теннис туралы айтатын болсам, жеңіс оңай келмейтінін түсіндім. Қазір маған әрбір матчта жоғары деңгей көрсетуге тура келеді. Әйтпесе, 100 пайыз физикалық және психикалық тұрғыдан бәсекеге қабілетті болу қиын. Сондықтан әрбір жеңіліс пен әрбір жеңіс маған жаңа нәрсені үйретеді. Тиісінше, мен өзімде нені жетілдіру керек екенін ұғамын. Академияға оралған соң жаттықтырушымен турнирде болған әр артықшылығым мен кемшілігімді талдаймыз. Жіберген қателерімді келесі жолы қайталамау үшін жұмыс істей бастаймыз. Өмірлік тәжірибеге келетін болсақ, шетелге шыққанды, әртүрлі мәдениет өкілдерімен, басқа тілде сөйлейтін адамдармен араласқанды, сөйлескенді ұнатамын. Тапқан жақын досым да аз емес. Үйренгенім көп, көңіл көкжиегім кеңейді. Тіпті кейбір дүниелерге байланысты пікірім өзгерді. Қазір бір жыл бұрынғыдай ойламаймын.

– Бәсекелестік демекші, халықаралық аренада теннисшілер арасындағы бәсекелестік атмосферасы қандай?

– Әр турнирде бәсекелестік әртүрлі болады. Оған бейімделу керек. Кейде турнирге келгендердің бірін де білмейтін, танымайтын кездер болады. Мұндайда қолайсыз атмосфера сеземін. Сондықтан, келгендегі мақсатымды еске түсіремін. Қысым тәжірибемен тарқайды. Турнирге неғұрлым көп шықсам, соғұрлым қысым да аз.

– Амир, мықты тұстарың қандай?

– Бәлкім, мінезім. Соңына дейін күресуге дайын, дисциплинаға төзімді адаммын. Бұл – спорттың ажырамас бөлігі. Онсыз кәсіби спортқа шығу өте қиын. Жұмысқа дайын болу, 100 пайыз беріліп орындау, өзімді тенниске арнау – менің мықты тұстарым. Әлі де жұмыс істеуім керек тұстар бар. Мысалы, матч кезінде зейінімді жинақтау.

– Өзің қатарлы немесе мансабын енді бастап жатқан теннисшілерге не айтар едің?

– Ең маңыздысы – істеп жүрген ісіңді сүю. Спорт па? Спортқа деген сүйіспеншілік, құмарлық болу керек. Бұл теннисте ғана емес, өмірде де өте маңызды. Жақсы көрсең бәрі жақсы болады.

– Әңгімеңе рақмет!

Амир: «Жоспарым – кәсіби деңгейде ойнауды жалғастыру, рейтиңге к терілу үшін ұпай жинау, бәрі ойдағыдай болатынына сену» дейді. Өткен жылы шамамен 20 жарысқа шыққан теннисші биыл да 20–30 турнирді жоспарлап отыр.

Жазира БЕКБОЛАТОВА

«Ұлан» газеті, №19
07 мамыр 2024 жыл

6001 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор